Оралман емес, қандас

Оралман терминінен бас тартып, қандас терминін қолдану керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "оралман" сөзінен бас тартуды тапсырды, оның орнына "қандас" сөзін пайдалануымыз керек.

- Мен бұрын айтқанымдай, тарихи Отанына оралған қазақтарға қатысты Оралман терминінен бас тартып, Қандас терминін қолдану керек. Жеті атасын білетін халыққа қандас деген ұғым жарасады, - деген жазба Президенттің twitter-інде жарияланды.

Жалпы "Оралман" термині 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы "Халықтың көші-қоны туралы" заңының 1-бабына сәйкес айналымға енген сөз. "Оралман – жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи Отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары" деп көрсетілген.

Биыл 13 мың қандасымыз тарихи Отанына оралды. Атамекенге көш түзегендердің көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Монғолия және Түркіменстан елдерінен келген қандастар. Елордада өткен ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын реттеу мәселелері талқылау барысында анықталғаны: соңғы бес жылда көші-қон ағынымен елден кеткендердің саны артқан. Өткен жылдың өзінде Қазақстаннан 29 мың адам көшкен. Шеттен келгендердің басым бөлігі тарихи Отанына оралған өзге ұлт өкілдері болса, қалғандары жоғары білім мен жайлы тіршілік іздеп кеткен азаматтар. Сонымен қатар елімізде сырттан келіп жұмыс істейтіндер саны артқан.

Бүгінде қазақстандық 2200-ден астам кәсіпорында 21 мыңнан астам шетелдік азамат ресми рұқсат алып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Жылыой ауданы аумағына, аудандық полиция бөлімінің Көші-қон қызметі бөлімшесімен тұрақты тұруға қалдыру үшін өтініш берген 35 шетелдіктің іс-құжаттары жинақталып толықтай тексерістен өткізіліп, оң нәтижелі шешім қабылданған, қысқаша айтқанда ағымдағы жылда 35 адам шетелдіктін тұру ыхтиярхатымен (вид на жительство иностранца) құжаттандырылды. ҚР азаматтығын 2019 жылы 95 адам жеңілдетілген тәртіппен, 5 адам ҚР Президентінің жарлығымен алған. Ауданымызда соңғы жылдары бұндай көрсеткіш жоғары болып есептеледі.

Б.Еңсеп,

Көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы полиция капитаны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT