Он бес жасар атбегі

Шоқпартоғайлық шабандоз Аманжан Сансызбаймен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Шоқпартоғай селосында тұратын шабандоз бала, жылқы баптап, бәйгеге қосып жүрген 9-сынып оқушысы Аманжан Сансызбаймен сұхбаттасқан едік.

- Ат баптауға, оны бәйгеге қосуға деген қызығушылығың қашан пайда болды?

- Жалпы, менің жүйрік атқа қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Атам Сансызбай Талбаев Жылыой өңіріне, Шоқпартоғай ауылына белгілі жылқышы болған. Бәйгеге ат жаратып, қосқан. Нағашым Салықбай Аязбаев атамның Құла қасқа деген аты болған. Сол атты жаратып, бәйгеден келтірген. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, ат баптауға деген қызығушылығым осы аталарымнан қонған қасиет деп білемін.

atbegy

- Неше жасыңда осы өнер түрімен шұғылдана бастадың?

- 12 жасымнан бастап осы ат баптау өнерін қолға ала бастадым. Әкем Болаттың, Бауыржан, Қайыржан ағаларымның қолдауымен ат жаратып, бәйгеге қосуды толықтай қолға алдым. Екіншіден, маған қолдау көрсеткен ағаларымның бірі Сейітжан Балжігітовке алғысым шексіз. Себебі менің кішкентай болғаныма қарамастан, Ресей елінен әкелінген жүйрік аттарын мініп, бәйгеге жаратып қосуды маған сеніп тапсырды. Ол аттарды қалай баптауды және жем-шөбін, дәрумендерін беруді үйрендім.

- Жылқыны қалай баптайсың? Оған қандай күтім керек?

- Аталарымыз қазақы аттарды баптап, мәренің алдын бермеген. Ал қазір олар шетелден әкелінген жүйрік тұқымына қызығатын боп жүр. Таза қанды жылқыға ерекше күтім керек. Жабы мен жүйріктің айырмашылығы жер мен көктей. Таза қанды аттарға, біріншіден, жылы жер керек. Біз оларға қайнатылған арпа, түрлі-түрлі дәрумендер, әртүрлі шөптер және жоңышқа береміз. Аттардың үстін күніне екі мезгіл тарап тұру керек. Жай көзге ат баптау оңай болғанымен, көп күш жігерді қажет етеді. Сабақтан бос уақытымда бәйге аттарын баптаймын. Біріншіден, аттың жалын түсіреміз, одан кейін сауырын ашамыз. Бәйгеге бір ай қалғанда тер ала бастаймыз. Бірінші және екінші терді жабу тер деп атаймыз. Үшінші, төртінші рет терін алғанда ат дайын бола бастайды. Бесінші рет қамау терін аламыз. Ат жараған кезде ойнақтап шығады. Бәйгеге қосылатынын ат өзі сезеді. Жылқының жасына қарай қосатын бәйгеге аттардың да жаратуы әртүрлі болады. Биыл болатын бәйгелерге Бесқасқа, Қаршыға, Қарлығаш, Әдемі есімді сәйгүліктерімді баптап отырмын. Бұл салада менің үйренерім әлі көп. Ауыл балаларының жылқыға қызығушылығы арта түссе екен деймін.

- Бәйгеде жеткен жетістіктеріңмен бөліссең.

- 2017 жылы тай жарыстан II орын, топ бәйгеден II орынды иелендім. Аламан жарыста III орынға, ұшқыр бәйгеде III орынға ие болдым. 2018 жыл да мен үшін сәтті болды. Құнан жарыстан I орын, топ бәйгеден II орын, тай жарыстан II орын алдым. Ал 2019 жылы тай жарыстан I орынды, құнан жарыстан I орынды, аламан жарысынан I орынды иелендім. Алға қойған жоспарларым да көп. Көздеген шыңдарымды бағындыруды армандаймын.

Cұхбаттасқан: Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521