Әне-міне дегенше күз мезгілі де келіп жетті.
Қараша халық қыс қамын қамдап, жылу жайын жүйелеуге кіріскен. Қытымыр қысқа күзден бастап қамданбасаң, аяз түскенде әуреге түсуің әбден мүмкін.
Бұл мәселе аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібінде "Ауданның тұрғын үй коммуналдық және әлеуметтік салалар объектілерінің 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы туралы" тақырыбымен қаралған еді. Осыған орай депутаттар мен "Amanat" партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлау-бай Таласов және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары Құлсары қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беретін орталық жылу қазандығына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысып қайтты. Олар жабдықтардың жөнделу барысымен, отын қорымен және қауіпсіздік шараларының сақталуымен танысты. Мамандардың айтуынша, биылғы жылыту маусымына дайындық дер кезінде жасалып, тозығы жеткен құбырлар мен қондырғылар жаңартылған.
Биыл орталық жылу қазандығы мен 7 шақырымдық жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 7000 метр құбыр демонтаждалып, оның ішінде 4870 метрі қайта орнатылған. Одан бөлек, екі қазандықтың горелкалары және арнайы басқару шкафтары толықтай жаңартылған. Сала мамандарының айтуынша жылу жүйелерінің жалпы 7 шақырымының 1,5 шақырымы қалып отыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған мердігер мекеме қазан айының 1-іне дейін толық аяқтайтынын айтты.
Зерделеу жұмыстарын жүргізген халық қалаулылары І ықшам ауданда орналасқан жылу пунктінде ақаулықтар жоқ екеніне көз жеткізді. Аудандық мәслихат депутаттары тексеру барысында нысандардың техникалық дайындық деңгейін, қазандықтар жабдықтарының ағымдық ахуалымен және жылыту маусымына дайындық аясындағы жоспарлы іс-шаралардың орындалуын, жалпы жылыту маусымына дайындық барысын көріп қайтты. Отын жеткізуге, оның сапасына, сондай-ақ қазандықтарды жұмысшылармен қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Одан әрі, мектептердің жылу жүйелері де жан-жақты қадағаланды. Тиісті бөлім мамандары мен халық қалаулылары №9 жалпы орта білім беретін мектепке барды. Білім ордасындағы жаңа жылу қазандығы 3 жылдан бері әлі іске қосылмағаны анықталды. Ал, №22 жалпы орта білім беретін мектепте газ есептегіші істен шыққан. Олқылықтарды анықтаған комиссия мүшелері жауапты басшыларға жылу беру маусымына дейін аталған мәселелердің шешілуін тапсырды.
А.Мейрамбайқызы