ҚОЛҚАНЫ ҚАПҚАН ИІС ПЕН ТҮТІН

Жаз шықса ол жер маса-сона мен шыбын-шіркейдің ордасына айналады.

Құлсары қаласындағы «Оңтүстік аэропорт» ықшамауданының «Өркен» көшесінің тұрғындарының осы ықшамауданға келіп қоныстанғанына 13 жылға тарта уақыт өтті. Мұнда барлау-бұрғылау, мұнай-газ саласында 45 жылға жуық еселі еңбек еткен зейнеткерлер, кішкентай балалары бар жас жанұялар мен көпбалалы отбасылар тұрады.

Біз мекен еткен көшенің дәл қасында, яғни тұрғын үйлерден 4-5 метр қашықтықта үлкен шұңқыр орналасқан. Ол өткен ғасырдағы Кеңес Одағы кезінде қазылған карьерден пайда болды. Бұдан біраз жыл бұрын атшаптырым аумақты алып жатқан бұл терең де кең шұңқырды көмдіру үшін біз аудан әкімі мен Құлсары қаласы әкіміне бірнеше мәрте өтініш берген едік. Арызымызға орай жергілікті әкімдіктен келген жауапта 2018-2019 жылдары Құрсай өзегін тазалау және Қамыскөлді суға толтыру мақсатында көл арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілетінін, содан шыққан артық топырақ «Оңтүстік аэропорт» ықшамауданындағы шұңқырға тасылып, ескі карьер көмілетіндігі жөнінде хабарланған-ды. Бірақ, міне, арада 6 жылдан астам уақыт өтті, жазылған жауап қағаз жүзінде қалды. Әкімдіктегілер қаншама рет уәде берсе де, жасалған жұмыс көрінбеді.

Өкінішке орай, ықшамаудан тұрғындарын толғандырып отырған мәселе жалғыз мұнымен шектелмейді. Қаланың сыртында, біздің ықшамауданға жақын жерде бір емес, екі бірдей қоқыс полигоны бар. Бір жаманы, онда жеткізілген қоқыс қалдықтары залалсыздандырылмайды. Көбіне көп өртеліп, түтіннің иісі ауаны ластап, жауатын бұлттай жөңкіліп үйлердің үстімен өтеді. Оның үстіне, ауыл іргесіндегі шұңқырды да жұрт қоқыс төгетін орынға айналдырып алған. Ит-мысық өлекселерінің иісінен, лас қалдықтар мен қора-жайдан шыққан сабан, малдың қиы мен қоқысынан, түрлі шірінділерден еркін тыныстау мүмкін емес. Жаз шықса ол жер маса-сона мен шыбын-шіркейдің ордасына айналады. Соның кесірінен кешкісін сыртқа шығып демалудан, балаларды ойнатудан қалдық. Қолқаны қапқан түтін мен қоқыс иісінен тұншығып қала жаздаймыз. Бәрінен де бұрын қараңғылық түскен кешкі мезгілде балаларымыз ойнап жүріп терең шұңқырға құлап кете ме деп қатты қорқамыз. Өйткені кейбір шеткі үйлер карьердің дәл жиегінде орналасқан.

Әрине, бұл мәселе жайлы жоғарыда айтып өткеніміздей, аудан көлеміндегі барлық құзырлы органдарға жаздық. Бірақ әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ. Ендігі үмітіміз - редакцияда. Енді қала басшылары 2014 жылдан бермен қарай қозғалып келе жатқан мәселені газет бетінен оқып, мүмкін тиісті бір шарасын алар деп күтеміз!

Бергенбай НҰРПЕЙІСОВ,

қала тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521