ОҚУ МЕН ОЙЫН тоғысқан күн

Елімізде Ұлттық кітап күні ауқымды түрде атап өтілді. Өйткені ол Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ІІІ Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді. Нәтижесінде Үкімет қаулысымен Қазақстанда 23 сәуірде жаңа мереке бекітілді.

Ауданда да осы айтулы күн биыл жоғарғы деңгейде тойланды. Ашық аспан астындағы «Нұрсая» саябағында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Кітап шоу» атты мерекелік іс-шарамен басталды. Негізгі мақсаты кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын насихаттап, қала тұрғындарын кітап оқуға тарту, көркем әдебиетке деген құштарлығын, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру. Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров, бөлім басшылары, оқушылар, кітап сүйер қауым қатысты.

- Жалпы елімізде елеулі өзгерістер орын алып жатыр. Сіздердің білім алу дағдыларыңыз осы кітапта жазылған. Жақында ақын А.Ершуовтың өлеңдерін оқу байқауында 2 және 4-сынып оқушылары ақынның 20-ға жуық өлеңін жатқа оқып, жүлделі орындар алған болатын. Шараға қатысушы көзі қарақты оқырмандар, оқушылар, барлығыңызды кітапханаға барып кітап оқуға, кітапхана оқырманы болуға шақырамын. Барлық білімнің кілті, құпиясы, сыры осы кітапта және оның орналасқан жері – кітапхана. Осы шараға келіп атсалысып жатқандарыңызға, ниеттеріңізге рахмет, алғысым шексіз. Барша аудандық кітапхана қызметкерлері осындай ауқымды шара өткізіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын! - д е д і жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтаған Әлібек Қойшыбайұлы.

Шара барысында аудандық балалар, №1 және №3 қалалық кітапханалар кітап көрмелерін ұйымдастырып, түрлі танымдық ойындар мен әдеби викториналар өткізді. Оқырман қауым танымал тұлғалардың әдеби шығармаларымен, өзге де кітаптармен жақын танысып, қызықты деректерге қанықты.

Сонымен қатар №1, 3, 7, 23 мектептің оқушылары Айтуар Шұғыла көрермендерге Мұқағали Мақатаевтың жүрекке жол тартқан «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп жатқа айтса, тұрақты оқырман Бегім Ақмарал «Кітап — білім бұлағы» атты арнауын, Бегім Сұлтан М.Әлімбаевтың «Кітап– жеміс ағашы», Балмұрат Адиа Ы.Алтынсариннің «Өнер, білім бар жұрттар» жырын, Нұртай Перизат «Кітап білім бұлағы» өлеңін, Әділхан Нұртас "Толғау" атты терме орындап, өнерлерімен тәнті қылды.

Мерекелік кеш аясында өткізілген «Кітап шоу» шарасы сағат 18:00-де аудандық орталық кітапхана ғимаратында жалғасын тауып, «Кітап патшалығындағы мереке» атты ерекше форматтағы кітапхана түнімен жалғасты. Оқырмандарға рухани серпіліс сыйлаған бұл күн көпшіліктің көңілінен шықты.

Жалпы ауданда орталық кітапхана, балалар кітапханасы, үш қалалық және алты ауылдық кітапхана, барлығы 11 кітапхана аудан руханиятын көтеруге өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі таңда кітапхана қоры жаңа әдебиеттермен толығып, өңірде барлығы 218 000-ға жуық кітап қоры сақталған.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT