Округте – жаңа әкім

Қара Арна ауылдық округінде өткен ауыл әкімінің сайлауы нәтижесінде «Amanat» партиясының аудандық филиалынан ұсынылған Ербол Сағынов басым дауыспен жеңіске жетті. Ол саяси науқанда 701 ауыл тұрғынының сеніміне ие болды.

Иә, шалғай ауыл халқы өздерінің болашақ әкімін тікелей сайлау арқылы таңдап, өз өңірінің қоғамдық-саяси дамуына белсенді араласатынын өткен жексенбіде тағы бір дәлелдеді. Оның үстіне осы топырақта өсіп жетілген, тұрғылықты жерін жақсы білетін азаматтың үміткерлер арасынан табылуы да бір қуантып қойғаны рас. Көптің тілегі қабыл. Қара Арна ауылдық округінің әкімі болып 1983 жылы Жылыой ауданында дүниеге келген Ербол Нұртайұлы тағайындалды. Оны өткен сейсенбі күні аудан әкімі Жұмабек Қаражанов арнайы келіп, ауыл әкімі аппараты ұжымына және шоқпартоғайлықтарға ресми түрде таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жаңа әкім еңбек жолын 2010 жылы аудандық салық басқармасында бас маман, кейін бөлім басшысы қызметінен бастаған. 2018–2022 жылдары «ТасАвтоСервис» ЖШС-де түрлі қызметтер атқарып, кейін 2022–2024 жылдары аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман, бөлім басшысы қызметінде болып, ауданның инфрақұрылымдық дамуына сүбелі үлес қосты. Ал 2024 жылдың қаңтар айынан бастап аудан әкімінің бас инспекторы болып жұмыс жасады. Қара Арна – аудан аумағындағы жақсы дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Мұндағы негізгі мәселелер ауыл басшылығының тынымсыз еңбегімен шешілетіні рас. Сондықтан Ербол Нұртайұлының осы бағытта маңызды міндеттерді жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттырып, жұртшылықпен ашық пікірлесіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, әр бастамада халықтың мүддесін басты орынға қоя білетініне сенім білдірді аудан басшысы.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT