«Офицердің анасы» медалімен марапатталды

Мереке қарсаңында аудандық полиция бөлімінде ерекше шара ұйымдастырылды. Ерекшелігі сол, оған осы салада күні-түні уақытпен санаспай еселі еңбек етіп жүрген бір топ офицерлердің аналары шақырылды. Олар полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың қабылдауында болды.

Құттыбай Сәлімжанұлы аналарға деген жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, көктем мерекесі – Алғыс айту және Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтады.Темірдей тәртіпке негізделген қызығынан қиындығы басым салада қоғамның тыныштығын қас қақпай күзететін табанды ұл, еңбекқор ер-азамат тәрбиелеп өсіргені үшін оларға барша жеке құрамның атынан алғыс сезімін білдірді.
Келесі кезекте Қ.Садықов аналарды бөлімнің атынан мерекелік құттықтау-хатын табыс етіп, облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Н.Оразбаевтың бұйрығымен тағайындалған «Офицердің анасы» медалімен марапаттады.

Аталған медаль осы салада ерекше еңбегімен көзге түскен полиция офицерлерінің аналары үшін тағайындалған-ды. Алғыс айту күнінде оның алғашқы легі бөлімнің әр құрамында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің аналарына салтанатты жағдайда табысталды. Олардың қатарында: бөлімнің тергеу бөлімшесінің тергеушісі Манас Жұмағалиевтің анасы Рысжан Мұхамбердиева, жедел криминалистика бөлімшесінің басшысы Теңел Төлегеновтің анасы Афуза Қарақұлова және ювенальды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Жанболат Смағиевтің анасы Бейсегүл Жанаканова және басқалар бар.

Әрине, бұл марапат көктемнің алғашқы мерекесі және де Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аяулы аналар үшін үлкен құрмет болғаны сөзсіз.

Е.ҚОШАҚАНОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521