ӨМІР – ДАРИЯ

Сонау ақ шағылы ән салған, Нарын құмынан бастау алған өмір-өзен, Атырау өңірін кесіп өтіп, сылдырай ағып, кей жерлерде арнасына симай, көбік шашып буырқанып, екпіндеп сонау Сарықамыс өңіріне дейін жетіп оралып, Кең Жылыойдың Қамыскөліне жеткенде ағысын тоқтатып, дарияға барып құйды. Бұл дария тереңі мен тайызы, ащысы мен тұщысы араласқан Ғалимовтар әулиетінің тарихы.

Терең бойлаған жанға, роман-эссе жазатындай сыр-сандықтың жиынтығы. Бірақ, кез келген пендеге сарабдал сөздің сардары Ғұмар Суханұлынан кейін қалам алу, сөз айту, естелік жазу мүмкіндігі берілмесі аян.

Сонда да аяулы ағамның алдындағы інілік парызымды өтеу - міндетім. Оқырман қауымнан олқылау жерім болса, кешірім өтінемін.

Аға бойындағы өзім көріп-білген асыл қасиеттерді қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Ол кісіні көрмеген, келер ұрпаққа тілім жеткенінше суреттедім. 1936-37-38 жылдарда Жаратушы иеміз, біздің Ырсалы әулетіне қуаныш сыйлаған екен. Сол жылдары біздің шаңырақтың ақ жаулықты әжелері бұл өмірге маңдайлары тоқпақтай 5-6 ұл әкеліпті.

Ағамыз Манап Ғалимұлы өз қатарынан озып туған тұлға еді. «Кішкентайынан ауыл балаларының ішіндегі ерекше бір көзге ілінгені болды» - деп, еске алатын еді маркұм әкеміз. Бала жасынан домбыраға, әншілікке әуес болған, тіпті суырыпсалма шешендігі де болыпты. Жыраулардың жырларын жатқа айтады екен.

Сірә, бұл қасиет, өз заманының озық ойлы азаматы, сол бір аласапыран заманда қудалауға ұшырап, солақай саясаттың құрбаны болған, елдің ардақтысы, ақын, жырау, жыршы ағамыздың туған нағашысы Насихат Сүгірұлынан дарыған деп айтушы еді көнекөз қариялар.

Осы асыл қасиетті ағамыз бойына мықтап сіңірді, оны білімімен жалғастырды, тап сол кезде Насихаттың термелерін, жырларын ашық айту мүмкін емес еді, саясатта тыйым салынған болатын.

Сонда да елге келгенде, сағынған ағайынмен қауышқанда, көпшіліктің сұрауымен жырлағанда талайлар көзіне жас алатын, ағам сөйтіп асыл нағашысын ел есінде қалдыруды армандайтын. «Ел арасындағы Насихат жырларын жинақтау, өзімнің арманым еді» – деп айтып отырғанын талай естігенмін.

Бір тойда, аудан орталығы - Аққыстауда, сол кезде аудандық атқару комитетінде бөлім бастығы болған маркұм Фазыл Мағазовтан қалың көпшілік Насихат жыраудың жырларын айтуды сурап, қолқа салды. Жарықтық бір жайлы адам еді, көп қиналып отырды. Сонда есімде қалғаны: «Әй әлеумет, бұл жырды бізге айтуға болмайды ғой, қинадыңдар, айтайын» деп, домбырамен айтқан болатын. Қалың жұртшылық қыбыр етпестен ұйып отырып тыңдады. Ондай жүрекке жол салған шебер орындаушыны мен бұрынсоңды кездестірмегенмін. Ұмытпасам, туған жеріне деген сағыныштан туған «Мыңтөбе еді туған жер» деген өлеңі болатын. Кейінен, осы көргенімді ағама айтып бардым. Ол кезде Манап аға да басшылық қызметте болатын.

Кейіннен, бір іссапарында Жылыой өңірінің ұжымымен ағамыз біздің ауданға келді, бірақ Фазыл ағамен кездесу оларға бұйырмады. Екеуі де өз кезінің дарабозы еді, марқұмдар.

Ағамыздың көзі тірісінде «ағаның үйі – ақмешіт» деп жиі барушы едік. Елге деген сағынышты баса алмай, таңға дейін әңгіме айтушы еді. Ел арасында болған ақын-жыраулардың жырларын домбырамен қостап айтып, өткен өмірлерінен сыр шертіп отыратын, құйма-құлақ, зерделі адам еді.

Әрбір айтқан әңгімесін, соған лайықты әуенмен, әнмен көркемдеп, санаңа жеткізе айтатын. Айтар ойын адамның жанына тимейтіндей етіп, әзілдеп, күліп жеткізетін, шебер сөйлейтін жан еді. Отырыстың сәні еді. Ағамыз ортада болған дастархан еш уақытта көңілсіз өтпейтін.

Әр адамның жүрегіне жол таба білетін, тасығанда басып, жасығанда қуат беріп отыратын шешен адам болатын.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған саналы азамат еді. Бұл өмірден өзінің асқақ бейнесімен өткен абзал аға, ағайын-туманың, бауырларының жүрегінде мәңгі сақталады дей келіп, туғанына 85 жыл толуын еске алар жылы жарық көргелі отырған естелік әрбір ағамызды көрген азаматтардың жүрегіне жол табады деген сенімдеміз.

Жаның жәннатта болып, артыңда қалған ошағына шапағаты тисін деп тілек етемін!

Марат МАХАМБЕТТЕГІ, інісі

МЕНІҢ АТАМ

Менің атам - Манап Ғалимұлы - ҚазКСР-нің халық ағарту ісінің үздігі, Мәдениет қайраткері, ақын, термеші, жыршы. Әжем - Сүлейменова Зеріп Қарабалақызы - елімізге еңбегі сіңген мұғалім, Еңбек ардагері. Екеуі де Доссор, Сарықамыс, Қаратон, Құлсары елді мекендерінде мұғалім болып еңбек еткен.

Біз үшін әжеміздің орны ерекше болды. Мен екінші немересімін. Атам есімде еміс-еміс қалыпты. Ол кезде кішкентай едік. Ес біліп, есейгелі әжеміздің бауырында өстік. Әжеміз қажет кезінде өте мейірімді, керек кезінде талапшыл, қатал да бола алды. Сонысымен де бізді тәртіпке баулыды. Соның арқасы болар, кейін ержеткенде де өмірден орнымызды адаспай тауып, еңбек етіп, барған жерімізде де ата-анамызға сөз келтірмей разылықтарын алып үйлі-баранды болып отырғанымыз.

Әлі есімде, әжем мені көбіне сырттың жұмысына үйретті. Сиыр сауып, қора тазалау, малдың жем-шөбін беру сияқты жұмыстарға әбден төселдім. Кейін тұрмысқа шыққанда сол үйренгендерім пайдаға асып, қазір ата-енемізбен бірге бір шаңырақтың астында сыйластықпен, балалышағалы болып өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым Дарынбек екеуміз әжемнің ақ батасын алып, үбірлі-шүбірлі болып, үлкендердің ризалығына бөленіп отырған жайымыз бар. Бұл да сол әжемнің маған берген тәрбиесінің арқасы деп білемін. Әкем Нұрсипат пен анам Болғанның атам екеуінің әруағына арнап өткізіп жүрген ізгі істерін ержеткен соң өз балаларыма үлгі етіп айтып отыруды өзіме парыз санаймын.

Ардақты атам, асыл әжем! Жатқан жерлеріңіз жарық болсын! Өздеріңізге арнап оқылған дұғамыз қабыл болсын!

Жан әжем, сағынамын жүрек сыздап,

Бейнеңді ұмыта алмай, кейде жылап.

Өсіріп, бой жеткіздің бәрімізді,

Бағымызды тіледің көктен сұрап.

Әжетай, қарыздармыз сізге мәңгі,

Бола алмас дәл өзіңдей ешкім енді.

Жәннаттың төрі болсын орындарың,

Желеп-жебеп жатқайсыз бәрімізді!

Гүлназ НҰРСИПАТҚЫЗЫ, немересі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521