Елімізде 16 наурыздан бастап 30 күнге әлемді әлекке салған пандемиядан халқымызды сақтау үшін төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.
Президентіміздің Жарлығына сәйкес ауданымызда да індетке қарсы күрес басталып кетті. Аудан әкімі Азамат Бекеттің өкімімен жедел штаб құрылып, мобильді топтар тиісті жерлерге барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өткен аптаның сейсенбісінен бастап аудан әкімінің өзі бастаған топ Теңіз кенішіне шұғыл аттанып, ондағы мұнай компаниясы мен мердігер мекемелердің басшыларымен бірлесіп, жатақханалар мен асханаларда қолға алынып жатқан аурудың алдын алу іс-шараларын қадағалады . Ал бұдан өзге үш топ өздеріне тиесілі аумақтағы халық көп жиналатын ірі сауда орындарын, кафе-барлар мен мейрамханаларды, ойын-сауық, тойхана, қосымша білім беру, спорттық ғимараттарды аралап, қожайындарына еліміздегі соңғы жағдайды түсіндіріп, арнайы хабарлама таратты.
Бұл хабарламаларда Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 «Қазақстан Республикасында Төтенше жағдай енгізу» туралы Жарлығының нұсқаулығына сәйкес, аталған уақыт аралығында ірі сауда нысандарының жұмысына санитарлық қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуымен қоса сағат 10.00-нан кешкі 18.00-ге дейін, ал киім-кешек базарлары жұмысына таңғы сағат 11.00-ден кешкі 17.00-ге дейін шектеу қойылғаны туралы жазылған. Ал азық-түлік дүкендері, супермаркеттер және базарлар санитарлық дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, қалыпты режимде жұмыс жасай бермек. Азық-түлік дүкендеріне қатысты тағы бір қатаң ескерерлік нәрсе – нан-тоқаш өнімдерінің тек қапталған түрде сатылымға қойылуы. Бұл ретте сауда орталықтарындағы ойын-сауық алаңдары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, фитнес орталықтары және жаттығу залдары, түнгі клубтар, қор-қор бөлмелері және адамдар көп жиналатын басқа да қоғамдық нысандар белгілі мерзімге дейін жабылмақ. Бұл қатарға оқу орталықтары, букмекерлік кеңселер, тойхана және үйден өткізілетін отбасылық тойларға да тыйым салынды. Ал бұл нұсқаулықтар сақталмаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылатыны және ескертілді.
Аудан әкімінің орынбасары Ануар Шәкіров бастаған мобильдік топ орталық және ықшамаудандарда орналасқан көпшілік жиналатын әртүрлі орындарды аралады. Топ құрамында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Гүлнафис Айшуақова, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева, аудандық кәсіпкерлік бөлімі маманы Ақан Мәмбетиязов, аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Зоя Тасболатова және ветеринария, құқық қорғау, баспасөз мамандары болды.
Кәсіпкерлік нысандар шоғырлана орналасқан ауқымды аумақты аралауды бастап кеткен мобильдік топ, алдымен, «Бәйтерек» мейрамханасына бас сұғып, иесі Гүлсім Хамитоваға мән-жайды түсіндірді. Одан соң «Жібек жолы», «Роза» мейрамханалары, «Грант Холл» тойханасы, «Бақай» қонақүй-мейрамханасы, «Мята» мейрамханасы иелерімен немесе жалға алып отырған кәсіпкерлермен жолықты. Қай-қайсы да төтенше жағдай туралы ғаламтор, БАҚ құралдарынан естіп-біліп жатқандарын айтып, қойылып отырған талаппен келісетіндерін айтып, хабарламаны алғандары туралы құжатқа қол қойысты. Бұл ретте «Бақай» қонақүй-мейрамханасының иесі Айнұр Балжігітова Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық шарасын ұйымдастырды жоспарлап отырғандарын, мейрам күні көпшілікке тегін палау таратуға болатын-болмайтынын анықтап алды. Бұған аудан басшылары қарсы болған жоқ, керісінше, мұндай қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды қолға алғандары үшін кәсіпкерге ризашылығын білдірді, тек тазалық, залалсыздандыру сияқты сақтық шаралары қатаң қадағаланса болғаны әрі 50 адамнан көп тұрғынның бір жерге шоғырланбауы ескерілуі керек. Орталық жолдың бергі бетіндегі «Нұртілеу» тойханасы, «НұрӘмірӘли» мейрамханасы, «Мажор» клубы қожайындары да хабарламаны қолдарына алып, тәртіп бойынша қызмет ететіндерін айтты. Ықшамаудандарда орналасқан «Арай» мейрамханасы, «Ай-Салтан» дүкені, «Дастархан» тойханасы, «Абылайхан», «Көктем» мейрамханасы, «Алтын ғасыр», «Ақ сарай» тойханалары, «Paradise», «Инжир», «Зәмзам», «Dostar Sity» кафелері иелері де аталған жайттан құлақтанды. Оларға мобильдік топ мүшелері қызметшілерді қосқанда 50 адамнан аспайтындай етіп тапсырыс қабылдауларына болатынын айтты. Осы тұста бір мейрамханаға сырға салу рәсімін өткізу үшін тапсырыс беруші қонақтар санын азайтуға шешім жасады. Ал кей мейрамханалар 40 адамдық банкеттен мардымды пайда түспейтінін айтып, тапсырысты қайтаратындарын айтысты. Ірі тойхана мен мейрамханалар болса, төтенше жағдай жариялануына байланысты тұтынушылар тапсырыстарын кейін қайтарып немесе кейінге ығыстыруда екен. Бұл тарапта мобильдік топ кәсіпкерлерге белгіленген уақыт шеңберінде бизнестері тоқтатылып тұрғандықтан, пайдалары мардымсыз болатындарын ескерген Үкіметтің жеңілдіктері де айтылды, яғни осы айда салық немесе несие төлеу кешіктірілген жағдайда өсімпұл есептелмейді. Сондай-ақ мобильдік топ ірі сауда орындары «Технодом», «Ярмарка», «Лидер» қожайындарымен кездесіп, төтенше жағдайда сақталуы тиіс ережелер мен талаптарды түсіндірді. «Ярмарка» және «Лидер» сияқты азық-түлік сататын сауда орындары қалыпты режимде жұмыс жасай беретіндері туралы, тек дезинфекциялық шараларды қатаң қолға алу керектігі ескертілді. ТКҚСҚБ басқармасының маманы күніне 3 рет дезинфекциялық залалсыздандыру жүргізілуі тиіс екендігі және қызметкерлердің де уақтылы ұйықтап, тынығып, дұрыс тамақтанып, жеке бас гигиенасын қатаң сақтаулары тиістігін тағы бір еске салды.
Мобильдік топ бұдан да басқа көптеген қоғамдық орындары аралады. Солардың ішіндегі лото ойындары, қосымша оқу орталықтарының жұмысын уақытша тоқтатуға нұсқаулық берілді. Ал ықшамаудандағы 90-жылдардың сарқыншағындай боп қалып қойған «Бейбарыс», «Сим-сим» сияқты тамақтану, ішкілік ішу орындарының санитарлық жағдайы көңілді құлазытады. Бұлардың да иелеріне мән-жай түсіндіріліп, дезинфекциялық шараларды дереу қолға алу ескертілді. Өйткені аласа, күңгірт, жөндеуінің кетеуі кеткен, буланған бұл орындар аурудың ошағы болмасына кім кепіл?!
Жұмысын шаңқай түстен бастап, 40-қа жуық қоғамдық орын, сауда-саттық нүктелерін аралаған мобильдік топ өздеріне тиесілі тізімді кеш қарайғанда бір-ақ тәмамдады. Бұл күні өзге үш топ та дәл осылай жұмыс жасап, көпшілікті құлақтандырып, сақтық шараларын алуды түсіндірді.
Иә, бұл күнде жұмысын тоқтатуы тиіс орындар жабылып, кейбірі шектеулі режимге көшті. Қоғамдық көліктер дезинфекцияланып, нан-тоқаштар қалтаға оралып сатылатын болды. Тойхана мен мейрамханалардан бөлек, палатка мен киізүй тігіп, 50 адамнан жоғары қонақ шақыруға да тыйым салынды. Әзірге тұрғындар отбасылық қуаныштарын тек үйінде ғана шағын ортада атап өтулеріне болады. Ал Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мешіттер жабылмай, азан оқылғанмен, жұма намазы мешітте жамағатпен оқылмайтынын; мешітте құдайы ас, садақалар беру де уақытша тоқтатылғанын; жаназа намазын тек жақын туыстармен, яғни аз ғана топпен өткізу туралы пәтуасын жариялады. Бұл – шаралар сөз жоқ, халықты пандемиядан сақтаудың бірден-бір жолы.
С.МҰРАТҚЫЗЫ