Қоғамдық көліктерде карта қолданылуда

Құлсарылықтар автобуста онлайн картамен жүреді

Астана, Алматы, берісі Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген электрондық есеп айырысу жүйесі өзіміздің Құлсары шаһарына да келіп жетті. Осы аптаның дүйсенбісінен бастап «Батыстехинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қалаішілік маршруттар онлайн көліктік картаға көшіріле бастады.

Серіктестіктің бас директоры Әуез Әбіләкімовтің хабарлауынша, енді қала ішінде қоғамдық көлік қызметін пайдаланған жолаушы жолақысын көліктік карта арқылы төлей алады. Бұл қолма-қол ақшаға қарағанда әлдеқайда тиімді. Карта, негізінен, төрт санатқа бөлінеді. Атап айтқанда: бірыңғай, жеңілдікті, әлеуметтік және оқушыға арналған түрі. Жеңілдікті түрі жолақыны 50 пайыз мөлшерінде төлейтін зейнеткерлерге арналса, автобуста тегін жүруге құқығы бар мүгедек, «Алтын алқа» иелері әлеуметтік картаны қолданады. Оқушылық аты айтып тұрғандай, мектеп жасындағы балаларға арнап шығарылған.

-Бұл жергілікті әкімдікпен арада жасалған келісім шартқа сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба. Картаны серіктестіктің 8-учаске тұсындағы өндірістік аймағында орналасқан кеңсемізден немесе автобус жолсеріктерінен сатып алуға болады. Зейнеткер, мүгедек жандар, «Алтын алқа» иегерлері, басқа да топтағы азаматтар қоғамдық көлікте жүруге арналған жеңілдікті пайдалану құқығын растайтын құжаттарын өзімен бірге ала келгені жөн. Ал оқушыларға арналған түрін тұрғындарға жеңіл болу үшін мектептер арқылы тарату ойымызда бар. Ал карта ішіндегі ақшаны «Kaspi bank»-тің терминалдары, «Киви кошелёк» секілді қосымша арқылы толтыруға болады. Бұл жөнінде банкпен арнайы келісім жасалған,-дейді серіктестік директоры.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Батыстехинвест» ЖШС-не қарасты қалаішілік маршруттар GPS жүйесіне көшірілген еді. Соның арқасында енді қала тұрғындары өздеріне қажетті қоғамдық көлік қозғалысын Qulsary Bus қосымшасы арқылы бақылап отыра алатын болды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521