«Нәзік жүректің өнері»

Жадыра Ізімова шығармашылық жолында аз тер төгіп жүрген жоқ. Ол бала жасынан бейнелеу өнеріне икемделе ден қойып, майлы бояудың сырын сезініп, керілген кенептерге түрлі реңк бергенді ұнататын. Кішкентай кезінен ойыншық пен қуыршақтан гөрі қылқаламды жанына серік еткен нәзік жанды кейіпкеріміз суретшілік өнер жолында табанды еңбек етті, ізденді, оқыды. Еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Бейнелеу өнері – Жадыра үшін жүректің өнері іспеттес.

Жадыра Нұрболатқызының жасы бүгінде 30-да. Ол жас та болса, бас болып кәсіпкерлікке ерте қадам басқан қыз-келіншектер қатарында. 2017 жылдың ақпан айында балаға шығармашылықтың бірнеше түрін меңгертіп, оқытатын «Икем» атты кәсіп түрін ашқан болатын. Алғашында Жадырадан білім алатын шәкірттерінің саны бар болғаны 5-еу еді. Міне, бүгінде өз ісін сүю мен табандылықтың, ізденімпаздықтың, еңбекқорлықтың арқасында аудандағы 70-тей оқушының шығармашылығын шыңдап, талантын ашуға мұрындық болып отыр.

-Мен 3 жасымнан бастап сурет саламын. Бұл - бойымдағы шынайы талантым, Құдай берген дарыным деп айта аламын. Бала күнімде әкем түрлі-түсті қарындашты, майлы бояуды, үлкен-үлкен ақ парақтарды үйіп әкеліп беретін.

Тіпті, шетелдік сурет салуға арналған сапалы құралдарым да көп болатын. Қыз бала болсам да кішкентайымда қуыршаққа қызыққан емеспін, мендегі қылқалам мен қарындаштардың саны ойыншықтан көп еді. Өзім Құлсары қаласындағы Өнер мектебінің түлегімін. Оны аяқтаған соң Атырау қаласындағы Кіші өнер академиясына оқуға түстім. Әрі қарай оқуымды «Суретші-дизайнер интерері» мамандығы бойынша Орал қаласында жалғастырдым. Графикалық дизайнер де атандым. Жоғары білімді бейнелеу өнерінің кәсіби маманымын. Одан бөлек, өзімді дамыту үшін өз мамандығым бойынша оқып, ізденіп, біліктілікті арттыратын курстарға қатысуды тоқтатқан емеспін,-дейді ол.

Айтып өткеніміздей Жадыра өз кәсібін ашуды осыдан 7 жыл бұрын қолға алған. Кәсіпкерлікке қадам оңайлықпен басталмады. Оған себеп: өзінің оқыған мамандығы бойынша жергілікті жерден жұмыс таба алмауы екен. Солай «Тәуекел түбі-жел қайық» деп қорықпай, өз ісін ашуға бел буады.

Бүгінде «Икем» шығармашылық орталығы аудан тұрғындары арасында танымдылығы артқан дәрісхана іспетті. Онда қатысушы балаларға арналған шығармашылықтың бірнеше бағыты бойынша үйірмелер бар. Атап айтсақ, сурет салу және қолөнер үйірмесі, құм терапиясы мен арт-терапия және таяуда іске қосылған қыш қолөнері шеберханасы, одан бөлек, мектептің 9-11 сынып оқушыларын шығармашылық емтиханға дайындайтын курс та бар. Бұл орталықтан білім алып, түлеп ұшқан жастардың да аяқ алысы жаман емес. Жадыраның шәкірттерінің бірі кәсіпкер атанып, Атырау қаласынан өзінің шығармашылық студиясын ашып үлгерген. Ал «Икем» орталығы оқушыларының жеткен жетістіктері мен түрлі байқаулардан қанжығасын майлаған жүлделерінде есеп жоқ. Бұдан біз шығармашылық орталықжұмысының жоғарғы деңгейде екенін анық көре аламыз.

Жадыраның айтуынша, орталықтың ашылғанына 6 жылдан асқанша ешқандай жобаларға қатысып көрмепті. Содан кейін «Теңізшевройл» компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асып жүрген ауқымды «Жарқыра» жобасы туралы естіп, қатысуға өтініш беріп, жеңімпаз атанған. Сөйтіп, жобаның қаржыландыруының арқасында орталыққа керекті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібінің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алады.

Бүгінде Жадыра өзінен бөлек 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол «Жарқыра» жобасына қатысу арқылы өзін әлеуметтік кәсіпкер ретінде тани алды. Ерекше балаларға да шығармашылық бағытты меңгертуде. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін денсаулығының айтарлықтай жақсаруына үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелге айналды. Перзентінің дамуына орталықтың тигізер пайдасы бар екенін мойындаған ата-аналардың өздері балаларын әкеліп, оқытады екен.

Жадыра Нұрболатқызы секілді әр кәсіпкер тек пайда табуды ғана көздемей, қоғамға пайдалы іс қылайын деген ниетпен өз бизнесін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.

Шаттық ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521