Қазақ әйелдері дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп, өсіруді – өмірінің басты миссиясы санайды. Сондықтан үйдегі ата-ене, күйеуі мен бала-шағасын қараймын деп өзіне уақыт та бөле алмай қалатыны жасырын емес. Кейбір қыздардың дипломы тұрмысқа шыққаннан кейін сандықтың «түбіне» сүңгіп кетсе, енді бірі күнделікті күйбең тірліктен шыға алмай, өзін жеке тұлға ретінде жоғалтып жатады. Ондайда не істеу керек?
Психолог көмегі не үшін қажет?
Әсіресе мұндай жағдай көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға тән. Бірақ, қымбатшылық алқымнан алып, жұмыссыздық жаныңды қысқан заманда тек жолдасыңның табысына қарап отыру тұрмыс жағдайыңды жақсартпайды. Соны түсінген нәзік жандылар «Зейін-Атырау» қоғамдық қоры өткізіп жатқан «Qadam» жобасына қарай ағылды.
Бұл жобаны жылыойлықтар бұрын да естіген болар. Біз жоғарыда келтірген көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар, жалғызбасты аналар үшін қарқынды түрде іске асып жатқан жоба, осымен, ауданда екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. «Зейін-Атырау» қоғамдық қорын «Теңізшевройл» компаниясы қаржыландырады. Қоғамдық қордың «Qadam» жобасы аналарды 5 түрлі мамандықтың ішінен өздері таңдаған біреуіне тегін оқытып, кәсіп ашуына мұрындық болады. Осылайша әйелдер тек мамандықты игеріп қана қоймай, арнайы мамандардан кәсіптің қыр-сыры туралы сабақ алып, бизнес-жоспар жасақтауды да тегін үйреніп шығады. Ал 11 ай бойы бірде бір сабақтан қалмай, үздік екенін дәлелдеген санаулы жанға үйренген мамандығына қарай құрал-жабдықтар сыйға тартылады.
Өткен аптада қаладағы «Салтанат» сарайында осы «Qadam» жобасының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Жобаға қатысқысы келетін жандардан алдын ала өтініш қабылданған екен. Әрине, ниет білдіргендердің қарасы көп. Шараға сол үміткерлер де қатысты.
Алғашқы сөз кезегін «Зейін-Атырау» қоғамдық қорының төрағасы Алмагүл Шудабаева алып, жобамен таныстырып өтті.
-Жалпы жобаға өтініш білдірген 150 адамның тек 50-і ғана өтеді. Олар 2 топқа бөлініп, мамандардан дәріс алады. Яғни, сіздер, алдымен, психологтармен жұмыс жасайтын боласыздар. Өйткені көп уақыт үйде отырып қалған анаға, жалпы бірнеше жыл жұмыс жасамаған адамға бірден еңбекке араласып кету оңай болмайды. Оның үстіне сіздердің араларыңызда психологиялық тұрғыда жабылып қалған, өз өзіне сенімсіз жандар да болуы мүмкін. Міне, осындай әйелдеріміз ашылуы керек, ортаға үйренуі керек. Сол үшін сіздермен білікті психологтар жұмыс жасайды. Мен мұны өзімнің басымнан өткеннен кейін жақсы түсінемін,-деді А.Шудабаева.
Ол өзінің басынан өткен қиын кезеңдерін айтып, ашылу рәсімінің өзінде-ақ әйелдерге мотивация беріп жатты. Расында да, Алмагүлдің өзі тұрмысқа шыққаннан кейін бала-шағаны өмірге әкелемін, өсіремін деп ұзақ жылдар үйінде отырып қалған. Тіпті, мына заманда әр адам пайдаланып білуі тиіс компьютерді де қалай қолдану керектігін білмеген. Жеке тұлға ретінде өзін жоғалта бастаған ол біраз жылдан кейін өзін қолға алып, қоғаммен араласа бастайды. Енді, міне, бүгінгі таңда өзі секілді үйде отырған, қосымша оқып-тоқуға мүмкіндігі жоқ аналарды қолдау мақсатында құрылған қордың жетекшісі болып отыр. Сондықтан өзі емес, өзінен бұрын балаларын ойлайтын қазақ әйелдері, ең болмаса сол перзенті үшін өзін дамыту керек екенін баса айтты. Мұндайда психологтар айтатын «Бақытты ананың қасында бала да бақытты болады» дейтіні есімізге түсе қойды.
Аналар алмайтын асу жоқ
А.Шудабаева былтырғы осы жобаға қатысушылар туралы айтып, олардың ішінде өз ісін ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған аналар туралы әңгімеледі.
-Жоба 2023 жылдың ақпанынан қарашасына дейінгі аралықта жүзеге асырылды. Оның аясында 25 әйелге арналған психологиялық және бизнеске бағыт-бағдар беруге арналған тренингтер мен 5 мамандық бойынша қысқа-мерзімдік мамандық бойынша оқыту курстары ұйымдастырылып, одан кейін түлектерге шағын бизнесін бастап кету мақсатында құрал жабдықтар табысталды. Негізгі оқу блогына «Тігін», «Аспаздық», «Шаштараз» және «Бет әрлеуші», «SMM мамандары» кірді. Жоба аяқталмай жатып-ақ біздің қатысушылардың кемінде 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алып, 30%-ы жұмысқа орналасқан болатын. Жобаға 25 ана қатысты. 18 ана жұмысқа орналасты. Оның ішінде 6 ана өз кәсіптерін бастап кеткен болатын. Жыл соңында “Жомарт жүрек” қайырымдылық сыйлығының “Жылдың үздік ұйымы” номинациясымен марапатталды,- деді ол.
Бұдан соң А.Шудабаева биылғы «Qadam» жобасы әйелдерді қандай мамандық түрлеріне үйрететінін атап өтті. Онда қатысушылар аспазшы, тігінші, бет әрлеуші, тырнақ сәндеуші, шаш сәндеу мамандықтарының қыр-сырын оқып шығады екен. Қаңтар-желтоқсан аралығында өтетін жобада олар кешенді тренингтер, қазіргі заманғы цифрландыру талаптарына сай курстарды да оқиды.
Қатысушыларға сәттілік тілеу үшін аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова сөз сөйледі. Ол «Qadam» жобасына алғашқы қадамын жасаған нәзік жандар үшін қуанышты екенін жасыра алмады.
Бұдан соң коуч-тренер Алтынгүл Атабаева ниет білдірген үміткерлермен танысу мақсатында ортаға шықты. Ол бүгінгі шараға өтініш білдірген 150 адамның 70-і қатысуы керек болғанын, алайда тек 35 адам ғана келіп отырғанын айтып, себебін түсіндірді. Бұл заңдылық сияқты деді ол. Өйткені үйінде ұзақ отырып қалған жанға еті әбден үйренген «жайлы ортасынан» шығуы өте қиын. Ал бүгінгі шараға қатысуға уақыт тауып келгеннің өзі – жеңіс екенін жеткізді.
Бұдан соң үміткерлерді арнайы дайындалған қағаздарды таңдауға шақырды. Онда психологиялық суреттер бейнеленген. Олар ортаға шығып өздерін таныстырып, таңдаған суреттен не үшін өздерін көретінін түсіндірді. Осы уақытта әйелдердің көздеріне жас та келіп жатты. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналардың тамағына тығылған өксік, көздеріне жасырынған мұң, ішінде сақталған эмоция, барлығы анық көрініп тұрды. Расында, әйелдерге жоба барасында психологтардың ақыл-кеңесі ауадай қажет екенін білдік. Бәрінен бұрын, олардың білсем, оқысам, үйренсем, жеке тұлға ретінде жұмыс жасасам деген арман-тілектерінің бар екені ұйымдастырушыларды қуантты. Үміткерлердің басым бөлігі көпбалалы аналар болып шықты. Бірі ер-азаматының жұмыссыз қалғанын, оларға көмектесу үшін, бала-шағаны жетілдіру үшін мамандық игеруге келгенін айтса, енді бірі балалық кездегі арманын орындау үшін «Qadam»-ға қадам басқанын толқыныспен жеткізді. Алмагүл Шудабаева жобаға қатысуға ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған аналар өтетінін, бұдан соң күйеуі өмірден өтіп, отбасын жалғыз асырап жүрген әйелдер, сосын барып көпбалалы аналар қатысатынын айтты. Іріктеу осы ұстаным бойынша өтеді. Ашылу семинары түстен кейін жалғасып, өтініш бергендердің қалғаны сол шараға қатысты. Кейін білгеніміздей, жобаға 50 ана өтіпті. Енді олар 5 түрлі мамандықтың біреуін игеріп шықпақ. Қатысушылар алғашқы тренингке қатысып, психолог маманнан «Балалық шаққа саяхат», «Психикалық денсаулық», «Қорқынышты жеңу», «Стресс және депрессия» секілді басқа да түрлі тақырыптар бойынша трансформациядан өтті.
Перизат ҚИЗАТОВА