Нәзік жандының нәпақасын арттырған жоба

Қашан да отбасының ұйытқысы болатын әйелдер қауымына мына өмірде жүктелетін ең басты міндет - тұрмыс құру, бала бағу, күнделікті күйбең тіршілікте қанша жасасаң да таусылмайтын үй шаруасын істеу болып келеді. Әрине, берер жалақысы жоқ, алар жақсы аты жоқ, бітпейтін үй шаруасымен күндегісін күнде айналыса берсе кез келген әйел шаршайды, жалығады. Осындайда әрбір әйелге үйге кіретін кіріс мөлшерін арттырайын, жолдасыма қолдау білдіріп, бір кәсіпті қолға алып, сүйікті ісіммен шұғылданып табыс табайын деген ойдың келері айдан анық.

Дегенмен, мидағы идеясын бірден жүзеге асыруға барлық әйелдің бірдей тәуекелі жетпей жатады. Біреулердің қолдау берер жақыны болмаса, енді біреулері жұмысқа тұру үшін қай ғимараттың есігін қағарын білмей сандалады. Ал Жылыойда қаңтар мен қараша айлары аралығында жүзеге асқан «Қадам» жобасының жұмыссыз отырып қалған үй бикелеріне тигізген пайдасы орасан зор болды.

«Зейін-Атырау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ауданда жыл басынан бастап жүзеге асқан «Қадам» жобасының аяқталу кеші өткен аптада болып өтті. Сан жылдарын үй тірлігіне арнаған келіншектердің өз-өзін тауып, икемі бар кәсібін бастауға мұрындық болған бұл жоба бүгінде жергілікті аналардың алғысына бөленіп отыр. Жоба барысында көп балалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, кәсіби білімдері жоқ аналарды қысқа мерзімдік курстарға тегін оқытып, өз ісін бастауға ден қойылды.

Аталған жобаға қатысу үшін бастапқыда 270-тен астам әйелден өтінім түскен. Түскен өтінімдер бастан аяқ қаралып, ө т і н і ш б і л д і р у ш і л е р д і ң әлеуметтік жағдайы зерделеніп, 25 әйел іріктеуден өткен. Жоба 2 апталық оқу курстары, негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Онда әйелдерге арналған психологиялық және бизнеске бағыт-бағдар беруге арналған тренингтер мен қысқа мерзімдік мамандық бойынша оқыту курстары 5 түрлі сала бойынша ұйымдастырылды. Одан кейін түлектерге шағын бизнестерін кідіріссіз бастап кетуіне құрал-жабдықтар табысталады. Негізгі оқу блогы тігін, аспаздық, шаштараз, бет әрлеуші және СММ мамандықтарынан тұрды. Бұдан өзге аналардың санасын түрлендіруге арналған «психологиялық тренингтер» және «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту» бойынша оқыту тренингтері ұйымдастырылды.

Жоба барысында әйелдерді психологиялық қолдау-сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. «Жетістікке бір қадам» 30күндік марафонын өткізу үшін әр қатысушыға күнделік әзірленіп табысталды. Өз-өздерін бағалауды арттыру, өкпе-реніштерімен жұмыс жасау, алға қарай қадам басу, мақсат құру, жетістікке жету деген дағдыларын қалыптастыруға бағыт – бағдар берілді. Жалпы кәсіпкер боламын, жетістікке жетемін деген жандардың бәріне де жоғарыдағы айтылған ақпараттардың барлығы керек. Олай болмаған жағдайда бастаған ісін аяқсыз қалдыруы әбден мүмкін.

Тренингтер кезінде әр әйелмен терең психологиялық жұмыс жасалды. Психологиялық тренингтерден кейін өз ісін бастаған, жұмысқа орналасқан, отбасындағы қарым-қатынастары дұрысталған, қоғамға оң ықпалын көрсеткен қатысушылар бар. Қатысушы әйелдердің түпсанасын түрлендіруге ықпал жасағаннан кейін ендігі кезек бизнеске бағытталған тренингтерге келіп жетті. Бизнес тренингтерде қатысушылар болашақ айналысар салаларын таңдап, нарықты зерттеді. Ойша бизнестерінің сұлбасын құрып, кіріс-шығыстарын есептеп, қандай құрал – жабдықтар керек екенін нақтылап, зерттеп көрді. Теориялық және практикалық жұмыстарды жасады. Әр қатысушы өз алдына бизнес-жоспар жазды. Бизнес-жоспарды қорғауды үйренді. Бизнес мүмкіндіктерін білді, бұл жазған бизнес-жоспарларын қайда, қалай тапсыру керек екенін білді. Қатысушылар арасынан қайтарымсыз гранттарға қатысқандар бар. Өзге адамдарға бизнес жоспар жазып беріп табыс тапқандар бар. «Іскер әйелдермен кездесу» шарасынан да көптеген мотивациялар алды. Іскер әйелдер өздерінің басынан өткен оқиғалармен қиындықтарымен, қиындықтан мойымау керек екенін атып алға қарай қадам басуға мотивация берді.

Б і р ж ы л ғ а ж у ы қ уа қ ы т жылыойлық аналарды дамыту барысында жүзеге асқан «Қадам» жобасының аяқталу кеші Құлсарыдағы «Нұрасыл» мейрамханасында ұйымдастырылды. Кеш барысында ең бірінші сөз кезегі жоба жетекшісі Алма Шудабаеваға берілді. Ол өзі жетекшілік етіп жүрген «Қадам» жобасының аналараға еңбек жолын бастауға алғашқы қадам жасауына мүмкіндік берген маңызды жоба екенін айтты. Алдын ала дайындалған бейнеролик арқылы бір жылға жуық қатысушылардың қандай дайындықтардан өткенін тілге тиек етті. Бүгінде сол 25 қатысушының 20-ға жуығы өздерінің қысқа мерзімдік курста оқыған салалары бойынша жұмыс істеп, табыс тауып жүргенін де мақтана айтып өтті. Сондай жобаның үздік қатысушыларының бірі – Бота Қайырлы.

Үйде отырған аналарға жағдай жасап, оларды үлкен өмірге жетелеп, кәсіптерін бастауға мүмкіндік жасап отырған осы жобаның ұйымдастырушыларына үлкен алғыс білдіремін. Мен өзім 37 жастамын, 5 баланың анасымын. Осы жоба арқылы «СММ маманы» саласы бойынша қысқа мерзімдік курстан өтіп, бүгінде тіс емдейтін клиниканың, әйелдер киім дүкендерінің және той безендіру орталықтарының ресми парақшаларын жүргізіп, табыс тауып отырған жайым бар. Бұл жобаға мен жолдасымның қолдауы арқылы келдім. Өмірімізді жаңа арнаға бұруға ықпал еткен керемет жоба болды.

Жобаның аяқталу кешіне жобаны қаржыландырушы «Теңізшевройл» мекемесінің өкілі Нұрлан Ерғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Самал Тәжіғалиқызы және 5 бағыт бойынша қысқа мерзімдік курстарды үйреткен шеберлер, аспаздар және тігіншілер мен жоба қатысушылары қатысты. Қатысушылардың балалары да өнерден құр алақан болмай шықты. Өмірге құштар аналардың ұлдары мен қыздары ән айтып, домбырамен күй тартты. Сондай-ақ, өзінің белсенділігімен, алғырлығымен көзге түскен 5 үздік қатысушы алғысхатпен марапатталды. Қатысушылардың бәріне өз салалары бойынша жұмыстарын әрі қарай жалғастыруға жағдай жасап, аспаздық пештер, сапалы косметикалар мен шаш сәндеуге құралдар, тігін бокстары мен блог жүргізу үшін құрал-жабдықтар сыйға берілді. Жобаның басынан аяғына дейін қатысқан нәзік жандылар бір-біріне бауыр, достай болып жақын араласып кетіпті. Олардың әрқайсысының жанарынан жарқыл, бойларынан еңбек етуге деген үлкен құлшынысты байқадық...

Шаттық МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521