«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ XXXIII ЕСЕП БЕРУ-САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар егжей-тегжейлі баяндалды.

Өңірімізде екі апта бұрын бастауыш партия ұйымдарының жиналысымен басталып, аумақтық партия филиалдарының конференцияларымен жалғасын тапқан іс-шара бүгін облыстық партия филиалының XXXIII есеп беру-сайлау конференциясымен қорытындыланды.

Алқалы жиын өңір басшысы, партия филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетовтың төрағалығымен өтті. Конференцияға облыс орталығынан офлайн және аудандардан онлайн 80 делегат қатысты.

Жиынға төрағалық еткен Махамбет Жолдасғалиұлы күн тәртібіне қойылған «Атырау облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстарының есебі» мәселесі бойынша баяндама жасады.

Партия филиалының төрағасы өз баяндамасында облыстық, аудандық мәслихаттардағы фракцияның VI шақырылымдағы белсенділігіне, атқарылған жұмыстарына тоқталып өтті. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен 13 007 өтініштің 7479 оң шешілгендігін айта келе, халықпен кері байланысты одан әрі жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, пандемия басталған кезде Елбасы, Партия Төрағасының бастамасымен облысымызда «Biz birgemiz» акциясы аясында 15 108 отбасыға 265 миллион теңге көмек көрсетілгендігін, облысымыздағы сыбайлай жемқорлықтың алдын алу бойынша соңғы 2 жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Этика кодексін бұзған 24 партия мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылғандығын айтып өтті. Еліміздегі жаңа саяси реформаның бірі болған партияішілік сайлау-праймериз арқылы партия филиалы өз қатарына жаңа белсенді азаматтарды тарта білді. Партия қатары тың идеялы, креативті азаматтармен толықты. Бұл Елбасы, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың «қайта жаңғыру» идеясының нәтижесі деп атап өтті филиал төрағасы.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары, «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Нариман Таушов «Атырау облыстық партия филиалы бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстарының есебі» бойынша баяндама оқыды. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар егжей-тегжейлі баяндалды.

Конференция делегаттарының шешімі бойынша партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамына 31 адам мүше болды. Сондай-ақ, Саяси кеңес Бюросына 9 партия мүшесі сайланды. Ал, «Бақылау-тексеру комиссиясы құрамының саны бесеу болсын деген» ұсыныс партия мүшелерінің қолдауына ие болды. Конференцияда жарыссөз кезегіне сәйкес сөз алған Атырау қалалық филиалының төрағасы, Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев аумақтық партия филиалының атқарылған жұмыстарына тоқталып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Өз кезегінде Раушангүл Стомма өңіріміздегі ұлтаралық қатынастар жөнінде сөз сөйлесе, Ақжібек Сабырғалиева партияның азаматтарға берген мүмкіндіктеріне сәйкес, праймериз нәтижесінде партиялық тізімге еніп, Индер аудандық мәслихатының депутаттығына өткендігін айтып өтті, барша азаматтарды белсенді болып, жұмыла жұмыс атқаруға шақырды. Өңіріміздегі жастардың белсендісі Абылай Құрметұлы өз сөзінде партияның жастарға берілген мүмкіндіктерін, жасотандықтардың атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.

Келелі кеңес барысында партия мүшелеріне бірқатар міндет жүктелді. Нақтырақ айтсақ, Облыстық партия филиалының Саяси кеңесі және аумақтық филиалдарының төрағаларына Сайлауалды бағдарламасынан туындайтын Жол картасы мен 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» бағдарламасының орындалысын орындау тапсырылса, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы фракция мүшелеріне қадағалау жұмыстарын сапалы атқару міндеті қойылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521