Нотариус қызметін онлайн алуға болады

Иә, енді нотариустың қызметіне қашықтан жүгінуге болады. Ол үшін интернеті бар ұялы телефон болса жеткілікті. Яғни, нотариусқа барып, уақытыңызды жоғалтып жүрмейсіз. Қалаған уақытта бейнебайланысқа шығып, қажетті қызметіңізді ала аласыз. Әрине, өтінішті берген кезде Қазақстан Республикасының азаматы кез келген нотариусты өзі таңдауына мүмкіндігі бар. Ол үшін тиісті тексеру биометриялық сәйкестендіру және ЭЦҚ - ға қол қою арқылы жүзеге асырылады. Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі «Цифрлық нотариат пилоттық жобасын іске қосу туралы» бұйрығына сәйкес, азаматтар кейбір сенімхаттардың түрін, ерлі-зайыптылардың арасындағы келісімдерді, некенің жоқтығы туралы мәлімдемені және кеңес алуды нотариуспен бейнебайланыс арқылы онлайн режимінде ала алады. Бұл ретте тек осы төрт қызметті ғана онлайн алуға болатынын қаперде ұстаған жөн.

Қазіргі таңда азаматтар онлайн түрде Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдарында және басқа да құзыретті органдарында өкілеттік етуге, соттарда істерді жүргізуге, нотариуста мұрагерлік істерді ашуға сенімхаттар беруіне болады. Бірақ, мүлікті иеліктен алуға, басқаруға немесе мүлік сатып алуға сенімхат ала алмайды. Мұндай нотариаттық қызметтер онлайн түрде жүргізілмейді. Келісім туралы айтқанда, ерлі-зайыптылардың арасындағы келісім дегеніміз - мысалы, жұбайыңыз үй сатып алғанда немесе сатып жатқан кезде міндетті түрде келісім беруі керек.

Бұндай жағдайда оны нотариустан онлайн алуына мүмкіндік бар. Нотариустың қызметін онлайн алу үшін телефонға «eGov mobile» қосымшасын жүктеу қажет. Тіркелесіз. «Қызметтер» бөлігін таңдайсыз. Ол жерде «eNotary» батырмасын басу қажет. Осыдан кейін «Іс-әрекет түрі» түймешесіне өтеді. Онда төрт қызмет түрі шығады: «Сенімхат, келісім беру, некенің жоқтығы туралы мәлімдеме және нотариустың кеңесі». Осы 4 қызметті онлайн алуға болады. Мысалы сізге «сенімхат» қажет. Ол үшін бірінші, «сенімхат» деген қызмет түрін таңдайсыз. Екінші, ұялы телефоныңыздың нөмірін көрсетесіз. Үшінші, сенімхатты кімге бересіз, сол адамның жеке сәйкестендіру нөмірін жазасыз. Келісім беріп, қызметке тапсырыс беру батырмасын басасыз. Бірден нотариуспен онлайн бейнебайланысқа шығасыз.

Қажетті деректер толтырылғаннан кейін нотариус сізге «сенімхатты» онлайн форматта жібереді. Оны «Нотариаттық әрекеттер» бөліміндегі өтінімнің тарихынан көре аласыз. Онлайн форматтағы «сенімхат» барлық жерге жарамды. Қызмет көрсеткені үшін нотариусқа төленетін ақыны банк қосымшасы арқылы онлайн төлеуге болады. Ал келесі «келісім» қызметі осындай жолмен беріледі. Жоғарыда атап өткен төрт нотариустың қызметін алуға азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан, денсаулығына байланысты нотариусқа бара алмайтын азаматтар үшін, оның ішінде шетелде жүрген азаматтарға қолайлы жағдай туғызып, қызметті жеңілдетуге және арттыруға мүмкіндік берілді. Ол үшін «EGov Mobile»-ға кіріп, нотариусқа бейне қоңырау шалу жеткілікті болды.

Әлия Шағатаева,

нотариус,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT