Никулиннің күлкісі

Атақты артист (марқұм) Юрий Никулин қыжыртпаға (анекдотқа) бала кезінен құмар болыпты, естігенін дереу жазып ала қояды екен.

Сөйтіп жүріп, өзі де анекдот шығаруға машықтаныпты. Әскерге шақырылғанында 1500 қыжыртпа жазулы дәптерін ала кетіп, өмір мен өлім арпалысының әредігінде бірнешеуін не оқып, не айтып жіберіп, қарулас жолдастарын күлдіртіп жүріпті. Өздеріңізге ұсынылған мына қыжыртпалар «999 анекдотов от Никулина» деген кітабынан алынған.

Шөл далада келе жатқан екі түйенің бірі:

- Адамдар бізді қалай мақтаса, олай мақтасын, ал мен шөлдеп келемін, - депті.

***

Бір маймыл ядролық бомбаның тұмсығын кескіш темірмен төмпештеп отырады. Оны көрген екінші маймыл:

- Әй, есуас! Андағы жарылып кетеді ғой! – дегенде анау мырс етіп:

- Жарыла берсін, менде тағы бар! – депті.

***

Аң патшасы арыстан аң атаулыны түгел жиып алады да: - Әдемілерің сол жағыма, ақылдыларың оң жағыма шығыңдар! – деп бұйырады. Аңдар айтқанын істеп, тізіле бастайды. Ал қоян біресе сол жаққа, біресе оң жаққа жүгіріп, тыным таппайды. Аң патшасы оған түйіле қарап: - Саған не болды?! – дегенде, қоян: - Екіге жарылып өлейін бе, енді қайтем?! – депті.

***

- Жануарлардың ең ақымағы қайсысы?

- Сиыр. Өзі су ішеді, ал өзгелерге сүт береді.

***

- Иттер дуалдың түбіне «кішш» еткенде екінші аяғын неге көтеріп тұрады?

- Дуал құлай бастаса, тірей қоймақшы ғой.

***

Мысық тышқанды көріп қалып, тұра ұмтылады. Тышқан қаша жөнеледі де, іні жақын екен, сып беріп кіріп кетеді. Мысық іннің аузын бағып біраз жатады да, итше үре бастайды. "Ә, иттер бізге тиіспейді ғой" деп жұбанған тышекең інінен жылт етіп шыға қалғанда мысекең шап беріп, асықпай жеп алады да, ернін жалай жымыңдап отырып: «Шет ел тілін білгеннің пайдасы бары рас екен ғой!» - депті.

***

Бір әтеш екінші әтешке:

- Жүр, азық-түлік дүкеніне барайық, - дейді.

- Е,одан не аламыз?

- Жалаңаш мекиендерді көреміз!

***

Шермейдің баласы шешесін түрткілеп:

- Мама, а, мама! Папам қайда кетті? – дей беріпті.

Мезі болған шешесі: - Өй, қақсап қалғыр! Папаң мұжықтармен бірге балық аулауға кетті! – депті.

***

Мейрамханадан шыққан екі бүргенің бірі қарнын сипалап тұрып:

- Аяңдап жүре берсек пе екен, әлде иттердің біреуінің келуін күтсек пе екен? – депті.

***

Пілдің үстіне шыққан екі құмырсқаның бірі: - Мұны енді қалайда жығуымыз керек, бір жықсақ, бітті, содан кейін тепкілеп өлтіру оп-оңай! – депті.

***

Мектеп. Тарих сабағы. Мұғалім шәкіртіне сұрақ қояды:

- Александр Македонский қашан қайтыс болды?

- Білмеймін. Мен оның ауырып жатқанын да естіген жоқпын.

***

Лох-Несс көлінде құбыжық барын естіп, соны көруге әдейілеп келген саяхатшы жігіт жағада қалғып отырған қармақшыға:

- Осындағы әлгі атақты жыландарың қай кезде көрінеді? – дейді. - Үшінші стақаннан кейін.

***

Мал дәрігерінің бөлмесіне бір жігіт кіріп:

- Мал дәрігері осында қабылдай ма? – дейді.

- Иә, Қай жеріңіз ауырады?

***

Тері аурулары дәрігеріне келген бір кісі:

- Кейбіреулер неге қасқабас болады, соны ғылым дәлелдей алды ма? – дейді.

- Дәлелдей алды. Олардың бір түскен шашы екінші рет шықпайды екен.

***

- Доктор, сәбізді көп жесең, көз өткірленеді деседі, сол рас па?

- Көзәйнек киіп жүрген қоян көрдің бе?

***

Екі қарт дәрігер әңгімелесіп отыр:

- Сонау жылдары маған бір сырқат келіп көрініп жүрді. Ауруының түріне қарағанда , ол осыдан он жыл бұрын қайтыс болса керек еді, бірақ әлі тірі.

- Егер адам өмір сүруге қатты құлшынса, медицина оған қарсы ештеңе істей алмайды.

***

Дәрігер:

- Туысыңыз ақырғы демі бітерде терледі ме?

- Терледі.

- Онысы жақсы болған.

***

Сырқат жігітті көріп болған дәрігер оның әйелін оңашалап алып:

- Күйеуіңіз маған оншама ұнамады, - дейді.

- Маған да ұнамайтын болды, бірақ балаларымыз бар...

***

Доктор, соңғы кезде түсіме бір есік кіретін болды, ашайын деймін, бірақ қанша итерсем де ашылмайды.

- Сыртында ешқандай жазу жоқ па?

- Бар. «Өзіңе қарай тарт» деген.

***

Банк иесі Айзерман шал жасы баласымен шамалас қызға үйленіпті.Содан бір күні дәрігерге келіп:

- Доктор, мен хал-ахуалымды білмеппін, күйеу болып жарыта алар емеспін, бір жәрдем жасаңызшы! – дейді. Дәрігер ары-бері әбден қарап болады да:

- Өкінішке қарай, сізге енді ештеңе көмектесе алмайды, - дейді.

- Араның сүті бірден-бір ем деседі ғой?

- Айзерман мырза, араның сүтін жазып-ақ берейін, бірақ шаға алмаған соң, құр ызылдағаннан не пайда?

***

- Сен түрмеден неге қаштың?

- Үйленейін деп едім.

- Бостандықты тапқан екенсің!

***

- Үйге таң ата оралсам, әйелім:

- Түнде үйге ұры түсті, - дейді.

- Иә, и-иә!.. Ұстап алып па? Қайда?

- Ауруханада жатыр. Әйелім оны мен екен деп ойлап қалып, оқтаумен басқа бір салыпты.

***

- Үйге таң ата оралсам, әйелім:

- Түнде үйге ұры түсті, - дейді.

- Иә, и-иә!.. Ұстап алып па? Қайда?

- Ауруханада жатыр. Әйелім оны мен екен деп ойлап қалып, оқтаумен басқа бір салыпты.

***

Түрмеге бірінші рет түскен ұры жігіт бақылаушыдан:

- Терезелерін сымтемірмен не үшін торлап қойған? – деп сұрапты.

- Қауіпсіз болу үшін.

- Өй, ақымақтық-ай! Түрмеде ұрлайтын не бар, түк жоқ қой, міне?!

Дайындаған: С.Әли.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521