Өнерпаздар көрермен болған күн

Күннің көзі, желдің өтіне қарамай, мейрам, демалыс күндері демей, бүкіл елге мереке сыйлайтын - мәдениет қызметкерлері.

Ал сол барлық кәсіп иелері күндерін, мерейтойларын ән-жырмен өрнектейтін өнерпаздардың төл мерекесі ресми түрде бірнеше жылдан бері ғана аталып өте бастады. 2013 жылдан бастап Елбасының Жарлығымен 21 мамыр - Мәдениет қызметкерлері күні боп белгіленді. Биыл ауданымызда мерекені атап өтудегі бір ерекшелік - мәдениет қызметкерлерінің өткен аптада кәсіби күндерінде сахнада емес, көрермен залында жайғасып отыруы болды. Ауданымыздың мәдениет қызметкерлерін құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Жәрдемғали Ахметов те өз сөзінде осыған екпін жасады.

- Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтіп отырғанымызға биыл 5 жыл толып отыр. Іссапарға кеткен аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы сіздерге құттықтауын жолдай отырып, "Кәсіби күннің иелері бұл күні төрде отырсын" деген тілегін жеткізген еді. Сондықтан біз бүгінгі күнге мерекелерін бұдан бұрын атап өткен Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарын шақыртқан едік, - деп сөз бастаған Жәрдемғали Бахуұлы аудан мәдениетін өркендеткен байырғы өнерпаздардан бастап, қазіргі ортамызда өнердің туын желбіретіп жүрген таланттарды атап өтті. Оның ішінде аудандағы Халық театрының іргесін қалаушы Өтебалы Молдажанов, күйші, композитор Тоқсанбай Құлтумиев, ортамызда жүрген Кең Жылыойдың гимнінің авторы, композитор Қуаныш Бекенов, аудандық ұлт аспаптары оркестрі дирижері Әлімжан Әбілханов, бүгінде елорданың төрінде қазақ өнерін паш етіп жүрген талант Айтқали Жайымов, Жылыойдың бұлбұлы Рабиға Ғалиева, ақын Бүркіт Базарбаевтарды ерекше ілтипатпен атап өтті. Сондай-ақ аудандағы би өнерінің шоқтығын көтеріп тұрған "Жем аруы" би ансамблінің жетекшісі Мағрипа Қопалқызын облыстағы Мәдениет қызметкерлері күні мерекесінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың марапаттағаны туралы қуанышты хабарды көпшілікке жеткізді.

Одан соң Жәрдемғали Бахуұлы облыстық Мәдениет басқармасы алғысхатын Балзия Бегленқызы, Қарлығаш Қабидоллақызы, Сәуле Өтегенқызы, Арайлым Сәрсенби, Ақкенже Лекерқызына табыстап, марапат иелеріне сыйлықтар ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Майланұлын 70 жас мерейтойымен құттықтап, аудан әкімінің алғысхатымен марапаттады. Аудан әкімінің алғысхатына Камиля Әбдіғалиқызы, Жайна Мергенқызы, Қуантқан Озғанбайқызы, Мәрзия Қабидоллақызы, Оңайша Қарақожақызы, Жандарбек Саламатұлы да ие болды. Бір топ мәдениет қызметкерлерін аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов марапаттап, құттықтады. Ал облыс өнерпаздары Ақмарал Машимова, Әсет Әлиев, Мейіржан Қабдолов, Әсел Аманқұловалар мерекелік ән шашу шашты.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: А.Долыбекова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521