Иә, өнер – көңілдің тереңінен тамыр тартқан шексіз шабыттың жемісі, ал мәдениет – ұлттың өткенін өшірмей, болашаққа бағдар беретін мәңгілік құндылық. Ұлт руханиятының діңгегі саналатын осы қос ұлы күш – өнер мен мәдениеттің шуағына бөленген бір күн бар. Ол – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Құлсары қаласындағы «Гранд Холл» мейрамханасында өткен «Өнердің ғажайып әлемі» атты осы өнер мен мәдениет қызметкерлерінің төл мерекесіне арналған кеш осы сала ардагерлері мен мамандарының есінде ұзақ сақталары хақ. Өйткені онда марапатсыз қалған жан қалмады. Салтанатты кешке аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың өзі арнайы келіп, аталған сала мамандарына арнап құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет майталмандары мен өнер қырандарын республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі Құрмет грамота мен Алғыс хаттармен ұлығылады. Салтанатты кешке келгендерді, алдымен, мерекелік көңіл-күй мен фуршет күтіп тұрды. Дәм ауыз тиген қадірлі қонақтар көптің көңілін көтерер концерттік бағдарламаға зер салды. Сахна шымылдығын аудан өнерпаздары «Ән мен әнші» туынды- сымен ашты. Кештің тізгінін ұстаған қос жүргізуші Әлібек Амандық пен Айбол Бақытжанұлы концерт көркін одан әрмен кіргізе түсті. Құттықтау сөз сөйлеп, өзінің ерен еңбегімен ел алдында еленіп жүрген бірқатар мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін марапаттаған аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы: - Мәдениет пен өнер – әлемдік аренада еліміздің мәртебесін көтерер салалардың бірі. Біздің ауданымыздың да атын шығарып жүрген жерлестеріміз аз емес. Арамызда отырған Азамат Төрехан, сонау Мәскеудің төрінен марапат алған Мағрипа Шеген- баевалар сөзімізге дәлел болады. Барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін келіп жеткен мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Шабыттарыңыз шарықтап, еңбектеріңіз елене берсін,-деді өз сөзінде. Назгүл Жиенбаева орындаған «Бақыт жайлы» әні мен Ризабек Серік төгілткен «Елбайдың термесі» терең ойға батырса, Жандарбек Ералиев шырқаған «Ауылым» әні сағыныш са- зын тербеп, бір сәт түтіні түзу шыққан туған жерімізді еске салды. Ал, қос ішекті домбыраның құлағында ой- найтын Қайрат Жұмағалиев Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін нақышына келтіре орындады. Аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев та айтулы мерекемен құттықтап, құстың қос қанатындай қатар жүрген мәдениет пен өнер саласының ардагерлері мен маманда- рына жүрекжарды жылы лебізін арна- ды. Оларды Алғыс хатпен марапаттап, зор құрмет көрсетті. Сахна төрінде «Шәмшіге арнау» әнін шырқаған Азамат Құлдырахманов пен Дәмелі Сарованың дуэті көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Жем Аруы» халықтық би ансамблінің мың бұралған арулары да «Хорезм» шығармасымен қошемет пен қолдаудың астында қалды. Аудан әкімінің қолынан арнайы Алғыс хат алған мың бұралған бишілер өз ісінің хас шеберлері екенін тағы да бір дәлелдеді. «One shot» заманауи би тобы «Мен қазақпын» ырғақты биімен сахнаның шаңын шығарса, жас жұбайлар Азамат Төрехан мен Айнұр Тасымова жеке-жеке «Бағыма орай», «Келемін саған» әндерін шырқап, өнерлі отбасы екендіктерін ел алдында паш етті. Кеш соңын ау - дан өнерпаздары «Айналайын, сахна» әнімен аяқтап, керемет коңцерттік бағдарламаның нүктесін қойды. Өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері – ұлттың жүрегіне жылу, санасына сәуле сыйлайтын аяулы жандар. Олар — сахна шымылдығын ашқанда, жүректерге үміт пен шабыт сыйлайтын, бір иірім күймен елдің жанын тербетіп, бір шумақ жырмен ұлттың рухын асқақтататын, туған жердің үнін әлемге естіртіп жүрген үнсіз батыр- лар. «Өнердің ғажайып әлемі» кеші осындай жандарға арналды. Бұл тек марапат кеші емес, елге рухани байлық сыйлап жүрген ардақты азаматтарға деген шынайы құрметтің көрінісі. Е.АХМЕТКӘРІМОВ
«Өнердің ғажайып әлемі»
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 114