«Өнегелі анадан - өнерлі бала» шығады

Жем ауылдық округінде Отбасы күніне орай «Өнегелі анадан – өнерлі бала» тақырыбында шара өтті. Тағылымы мол шараны аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық аналар кеңесі және Жем ауылдық округінің әкімдігі ұйымдастырды. Шараға ауылдағы аналармен бірге білім үздіктері, Олимпиада мен шығармашылық сайыстың жеңімпаздары, мәнерлеп оқу шеберлері және ғылыми жоба жеңімпаздары, спорт саңлақтары қатысты. Сонымен қатар арнайы қонақтар, аналар кеңесінің төрайымы Мәдина Әбдіғалиева, әлеуметтік сала ардагерлері, аналар кеңесінің мүшесі Меркан Алғазиева және Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытов қатысты.

Алдымен, Қазақстан Республикасының әнұраны орындалып, шараны Жем ауылдық округінің әкімі Данияр Айтпенбет сөз сөйлеп ашты:

-Бүгінгі аудан деңгейінде өткізіліп отырған шараға қош келдіңіздер! Әр ауылдан келген дарынды оқушылар бойларыңыздағы ерекше қасиеттеріңізді жетілдіріп, биік белестерден көрініңіздер! Қазақстанның гүлденуіне үлестеріңді қосып, талапты болыңыздар! – деген тілегін жеткізді.

Шара шымылдығы Мұрат Нұрдаулеттің орындауындағы «Батырлары елімнің» әнімен ашылды. Сахна төріне, алдымен, Ақкиізтоғай ауылдық округінен келген ана мен бала Күлімкөз Сисенова мен Ерасыл Ділмағамбет шықты. № 10 орта мектептің 7 сынып оқушысы Ерасыл №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо үйірмесіне қатысады. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен дзюдо, самбо күрестерінен II орын жеңімпазы, Ақтау қаласындағы жасөспірім ұл-қыздар арасындағы халықаралық турнирдің II орын иегері. Тараз қаласындағы ашық біріншілікте III орынды жеңіп алды. Дзюдодан 2008-2013 жылдар арасындағы жасөспірімдер турнирінен және Ақтөбе қаласында өткен республикалық турнирден I орын иеленген. Осындай жетістіктерге Ерасыл ата-анасының қолдауымен, еңбекқорлығымен және ұстаздарының талапшылдығымен жетіп отыр.

Келесі қатысушы - Жаңа Қаратон кентінен Раушан Көрпебаева мен қызы Кәусар Серікқызы. Анасы Раушан Кәусардың кішкентай кезінен ән айтуға жақын екенін, сабағын да жақсы оқитынын және алғырлығын айтты. Қызы аудандық олимпиадаға қазақ тілінен қатысып, алғысхатпен марапатталған. 2023 жылы республикалық Мағжан оқулары конкурсынан II орын, республикалық Абай оқуларынан I орын иеленген. «Тәуелсіз елдің бақытты ұрпақтары» атты аудандық балалар байқауынан III дәрежелі дипломмен марапатталды.

№4 М.Әуезов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Асылай Ертарғын мен анасы Ағила Бегалиевалар да осал емес. Республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде биология пәнінен III орын, республикалық ауыл олимпиадасынан I орын және облыстық олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Асылайдың анасы: -Асылай ғылыми жобаға «Зердеден» бастап қызығушылығы бар екенін байқадым. Ұстаздары Нұрзила Мырзаханқызы мен Айжан Аязқызы биология пәнін оқытуға еңбектері мол болды. Мен де ана ретінде қолдап, болашақта білікті маман болады деп үміт күтемін, – дейді мақтанышпен.

Қара Арна ауылдық округінен келген Ираш Нұрмаханова өзінің ұлы Қайсар Бағытжанұлының жетістігін жеткізді. Ол №3 орта мектептің 8 сынып оқушысы. Мінезі тұйық болғанымен, сынып ішінде жан-жақты, білімді.

Жетістіктері - информатика пәнін өте жақсы оқиды. Технология дамыған заманда осы салаға қызығушылығы жоғары. Робототехникадан республикалық конкурстың аудандық кезеңінен II орын, роботтарды жобалау бойынша онлайн шеберлік сабағына қатысып, сертификатқа ие болған. 7-8 сыныптар арасында өткен олимпиаданың облыстық кезеңінің жүлдегері. Қайсарға №4 мектеп директоры Сымбат Қабдрахманова «Қосымша үйірмеге қатысасың ба?» - деген сауал қойды. Ол үйірмеге қатыспайтынын, өз қызығушылығымен ғана оқып, ізденіп жүргенін айтты.
Құлсары қаласынан келген Ақмарал Қобесова ұлы Ислам Нұрлыбекұлының ерекше қабілетін мақтан тұта білді. 2022-2023 жылғы «Алтын сақа», «Ақбота» және «Кенгуру» республикалық олимпиадасының жеңімпазы. «Бастау» математикалық турнирінің мектепішілік кезеңінен I орын, аудандық кезеңінде алғысхатпен марапатталған. Республикалық кезеңінен III орын жеңімпазы болған.

Ал Гүлшат Тұрбаева мен Үбіш Дінмұхамбет Майкөмгеннен ауылынан келген. Ұлы №17 жалпы орта білім беретін мектептің 6-сынып оқушысы. 2021 жылы дзюдодан аудандық жарыста, өзге турнирлерде III орынмен марапатталған. 2022 жылы алғыс хат иеленген. Математикадан республикалық олимпиадада жүлделі I орын алған. Дзюдо күресінен көптеген жетістіктерге жетіп жүр.

Қосшағыл ауылынан келген қатысушы Рысгүл Қалыбаева мен қызы Мәдина Мақсотқызы сахнаға көтерілді. Мәдина №2 орта мектептің 9-сынып оқушысы. Ол озат оқушы, мектепте өтетін іс-шараларға белсене қатысады. Аудандық «Бақыт – отбасынан басталады» тақырыбында өткен байқауда және өткен жылы Махамбет оқуларында I орындарды иеленген. Сонымен қатар «Ғажайып химия» байқауында I орын жеңімпазы болған. Ағылшын тілі пәнінен де көптеген жетістіктерге жетті. Биыл «IQanat High School of Burabay» мектебінде білім алуға грант ұтып алған.

Мәдинаның анасы Рысгүл мұғалім болып қызмет етеді. Ол балаларының кішкентай кезінен сабағын қадағалайтынын айтып, білімге шыңдаған ұстаздарына алғысын білдірді.

Шараны Айкөркем Асқарқызы мен Гаухар Бағыт «Ұстазым», «Кең Жылойым» әнімен көркемдеді. Соңынан өнегелі аналар мен балалар Жем ауылдық округінің әкімі Д.Айтпенбеттің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Ж.Есмұханқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521