Жуырда өңірімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары арнайы іссапармен келіп кетті. Ат басын алғаш бұрғандардың бірі - Әділ Жұбанов еді. Ол Жылыойдағы жұмыс сапарын Жаңа Қаратон кенті мен Қара Арна ауылдық округінің тұрғындарына арнады. Олардың әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, білім мен денсаулық салаларына қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бір нәтиженің боларына сендірді.
«Монополистер қызметін мемлекеттік меншікке беру керек»
Ал Жылыойға түскен жолдың ізін ала келген Дүйсенбай Тұрғанов Құлсары қаласындағы қайғылы жағдай орын алған «Ниет» жанар-жағармай құю бекетіне ат басын тіреді. Оқиғаның мән-жайымен танысып, қазіргі ахуалды көзбен көріп, көңілге түйді. Содан кейін аудан әкімдігімен кеңес өткізіп, дербес бөлім басшыларының жыл басынан бергі атқарған жұмыстарын сарапқа салды.
Әділ Орынбасарұлы Жаңа Қаратон тұрғындары мен шоқпартоғайлықтармен жай кездесіп қана қойған жоқ, ауылдағы мәдениет үйінің құрылысы мен амбулатория және білім ордасын аралап, ғимараттардың ішкі ахуалымен танысты. Парламент Мәжілісінің депутатымен жүздесуге аудан орталығынан қоғам белсенділері де арнайы келіп, өңірдегі проблемаларды ортаға салған. Олар медициналық сақтандыру қорына түскен қаржының халық үшін тиімді пайдаланылуы, Теңіз кенішіндегі вахталық әдісті 14 күнге ауыстыру, азық-түліктің қымбаттауы, су, газ, электр энергиясын тасымалдайтын монополист мекемелер қызметін мемлекет меншігіне алу, зейнеткерлерге жағдай жасау, жұмыссыздықты жою, ауылішілік жолдарды сапалы салу сияқты әлеуметтік мәселелерді көтерді. Соның бірі – Райса Телеубаева. Халық арасынан сөз алып, өткір де өжет көзқарасымен өзімен қоса өңірдегі азаматтарды толғандырып жүрген проблемаларды ашық айта білген ол:
-Құлсары қаласының тұрғындарына экологиялық коэффициент төлеу, тәулігіне 30 000 м3 су тазарту ғимараты құрылысын салу, кәріз жүйесін жаңғырту, сонымен қатар әуе көлігінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Құлсары қаласынан әуежай салу мәселелерін айтып-айтып қоямыз. Бірақ осы бағытта нақты жұмыс басталғанын естімеппіз. Одан кейін 1,2,3-ықшам аудандардағы 30 жыл бойы қаңырап бос тұрған, құрылысы аяқталмай қалған көп қабатты үйлерді бұзу, заңсыз карьерлердің жұмысын тоқтату, «Болашақ» ықшам ауданынан берілген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету қашан орындалатынын да білмей далмыз. Ауданды көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарының мардымсыздығы, автокөлік жолдарының сапасыздығы – бәрі-бәрі тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелер. Осы сынды сан сауалдарға қарапайым халық қашан нақты жауап алады, бұған кім жауап береді деген уайымымыз бар. Жиынға қатысушы тұрғындардың көбі жеке бас мәселесімен емес, осындай өңірімізге ортақ мәселелерді арқалап келеді. Өкінішке қарай, қашан да мардымды жауап ала алмаймыз,-деді өз ойын жеткізіп.
Депутат Әділ Жұбанов осы мәселелер төңірегінде әлеуметтік карта жасақталып жатқанын және оны тамыз айында Үкіметке ұсынатынын жеткізді. «Жалпы халық соңғы кездері өзінің жеке басының сұрақтарын емес, елдің, көптің көкейінде жүрген өткір мәселелерін көтеріп жүр. Ел жақсы өзгерістердің болғанын қалайды, тіпті соны асыға күтеді. Осыны билік ешқашан естен шығармай, барлық мүмкіндікті жасауы қажет»,–деді депутат. Сонымен қатар, бірнеше азаматты жеке қабылдап, олардың да көкейтесті сұрақтарына назар салды.
«Аралтөбе» су қоймасы қашан салынады?
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов сапарын, жоғарыда айтқанымыздай, ең алдымен Құлсары қаласының орталығындағы жарылыс болған «Ниет» жанар-жағармай бекетінен бастады. Ол жерде мәселенің мән-жайын толық қарап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нысандағы ахуалға қатысты қажетті мәліметтерді назарға алатынын айтты.
Бұл жағдай төңірегінде аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне қандай көмек керектігін сұрап, жарылыс салдарынан материалдық шығынға ұшыраған жандардың өтемақы мәселесінің қалай шешіліп жатқанын да есепке алды. Одан кейін депутаттың қатысуымен аудан әкімдігінде кеңейтілген жиын өтті. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде Жем өзені бойына Аралтөбе су қоймасын салу, «2023–2027 жылдарға арналған Жылыой ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының» 2025 жылғы 1 шілдедегі орындалу барысы, аудандағы жұмыссыздық деңгейі және қаламыздағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді реттеу сынды төрт мәселе қаралды. Оның ішінде Аралтөбе су қоймасы жөнінде сөз сөйлеген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов:
- Биыл өңір судан аман қалса да, су басу қаупі жоғары аймақта 2600-ден астам тұрғын үй мен 403 кәсіпорын тұрды. Бұл төтенше жағдай ғана емес, су ресурстарын басқаруда ұзақ мерзімді жүйелі шешімдердің қажеттілігін дәлелдеп отыр. Жем өзені - аудан аумағынан өтетін бірден-бір су көзі. Сондықтан, Жылыой ауданының бүкіл ауыл шаруашылығының дамуы осы суға байланысты. Көктемде тасқын сулар табиғи жолмен 17 мың гектардан астам шабындықтарды суарып, малды азықпен қамтамасыз етеді. Осы табиғи ресурсты тиімді пайдалану мақсатында Аралтөбе су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз»,- деді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, кеңестік кезеңдегі мұрағат материалдары зерттеліп жатыр. Су қоймасының сыйымдылығы 220 миллион текше метр деп белгіленген. Жоба аясында Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон ауылын қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын жүйелі түрде суару көзделіп отыр.
Жиында «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Жол картасын» жүзеге асыру барысы да талқыланды. Бағдарламаның кейбір тармақтарының орындалмау қаупі бар екені айтылып, бұл мәселелерді жүйелі түрде пысықтау қажеттігі баса айтылды. Сонымен қатар, Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де көтерілді. Бұл ретте аудандағы апатты жағдайдағы үйлер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғын үйлердің тозығы жеткенін, олардың орнына жаңа үйлер салу қажеттілігі сөз болды.
Жасөспірімдер қылмысқа неге бейім?
Депутат аудан басшылығымен кездесу жиынынан кейін аудандық ішкі істер бөліміне табан тіреді. Онда өңірдегі жыл басынан бергі қылмыс көрсеткішімен танысып, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқық бұзушылық салдарын анықтады. Бұл жөнінде ол:
- 2025 жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны артқан. Иә, құқық қорғау органдары жиі профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, «Түнгі қалада – бала» рейдтері, мектептердегі онлайн талқылаулар, БАҚ-та жарияланған материалдар олардың жұмыс жасап жатқандығын көрсетеді. Дегенмен, статистика барлық тараптардың, соның ішінде мектеп, ата-ана, жастар ұйымдары мен құқық қорғау органдарының бірлесіп жұмыс істеуі керектігін көрсетіп отыр. Одан бөлек қазіргі уақытта штат бойынша 263 полиция қызметкері болуы тиіс болса, бүгінгі есеппен нақты жұмыс істеп жатқан полицейлер саны – 200 ғана екен. Сондықтан жаңа кадрларды тартып, олардың тиімді қызмет етуіне жағдай жасау шараларын қолға алу қажет. Сондай-ақ, 1960 жылдары салынған, заман талабына сай келмейтін полиция бөлімшесі ғимаратын қайта жөндеуге қатысты өзекті мәселе бар. Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектептер ұйымдастырып, сот шешімімен сол жерге жіберу мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта мұндай шаралар тек атышулы жағдайда ғана қолданылады. Полиция қызметкерлері бұл механизм жүйелі түрде жұмыс істеуі керек деп есептейді. Барлық айтылған сұрақтар мен ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтайтын боламыз,-деді түсіндіріп.
Иә, Мәжіліс депутаттарының ауданымызға жасаған сапары халықтың ашық пікір білдіруіне және өзекті мәселелерді тікелей жеткізуге мүмкіндік бере алды. Бірақ көптің көңілінде күдіктің де қалғаны рас. Өйткені бұл проблемалардың басым көпшілігі жылда көтеріліп, депутаттар келгенде айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан, оларға артылған сенімге сызат түспей, «халықтың қалаулысы» деген атқа лайықты қызмет атқарып, артылған аманатқа адалдық танытса деген тілек те болды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ