Ал 1 жұмысшы қаза болған
2020 жылғы 4 маусым күні Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия жұмысына Кәсіподақтар бірлестігінің, Кәсіпкерлер палатасының, Теңізшевройл, НКОК және олардың мердігерлер компанияларының өкілдері, сондай-ақ селекторлық режімде аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыс барысында мемлекеттің әлеуметтік-еңбек саясатына сәйкес облыс азаматтары үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау мәселелері талқыланды.
Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәлімдеуінше облыс аумағында жалақы берешегі бар төрт мекемеде қалыптасқан.
2020 жылдың 4 айында 5 өндірістік жазатайым оқиғаның салдарынан 1 жұмысшы қаза болып, 6 жұмысшы ауыр дене жарақатын алған (құрылыс мекемелерінде - 3, мұнай өндірісінде – 2). Жазатайым оқиғалардың орын алуына өндірістегі жұмыстардың жеткіліксіз ұйымдастырылуы, жарамсыз көліктер мен қондырғыларды пайдалануы, қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталмауы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының жүйелі түрде жүргізілмеуі себеп болуда.
2019 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 43 кәсіпорында жоспардан тыс тексеру нәтижесімен 412 заң бұзушылық анықталған, оның ішінде 180 шетелдік жұмысшы мамандығы бойынша берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарған, 123 шетел азаматының білімі атқарып отырған лауазымына сәйкес болмау дерегі, 109 қазақстандық жұмысшының бірдей жұмыс үшін бірдей еңбекақы төлеу құқығының бұзылуы, яғни, қазақстандық пен шетелдік жұмысшыларға еңбекақы төлеудегі кемсітушілік.
Сөз кезегінде Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі комиссияға өзінің 2019 жылы атқарған жұмысы туралы есебімен таныстырып, облыс бойынша қалыптасқан әлеуметтік еңбек жағдайларын атап өтті.
Теңіз кен орнында жұмыстардың тоқтатылуына байланысты онда еңбек етіп, қысқарып немесе жұмыстан шығарылатын жұмысшыларды жұмыспен қамту мақсатында Арнайы комиссия құрып, жұмыс берушілермен кездесу өткізіп келіссөздер жүргізуге ұсыныс берді.
Сонымен, қатар өндірістік жараққатанудың алдын алуға, еңбек адамының денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша талдау өткізетін және ұсыныстарды әзірлейтін облыстық ведомствоаралық жұмыс тобын құру сұралды.
Комиссия отырысында облыстық кәсіподақтар ұжымдық шарттары жоқ кәсіпорындарды анықтап, еңбек инспекциясымен бірлесе отырып аудан/қалаларда жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстарды жүргізіп, көшпелі жиналыстарды өткізу, әлеуметтік-еңбек жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу мен ағымдағы күйін талқылау жұмысын ұйымдастыратын, еңбек даулары мен қақтығыстардың себептерін анықтауға бағытталған талдау және зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде өткізетін, тиісті шаралар мен ұсыныстарды әзірлейтін арнайы облыстық орталықты құру, еңбек дауларының алдын-алу және шешу жұмыстарын жүзеге асыруда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты енгізу мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.
Облысымызда білім және денсаулық сақтау саласындағы жұмыскерлердің мүдделерін қорғап кәсіподақтар Атырау облысы Білім беру басқармасына қалалық бөбекжай-бақшалардың қызметкерлеріне сәуір-мамыр айына толық лауазымдық еңбек ақысын төлеу, Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасына карантинге оқшауланған және ауырып қалған медицина қызметкерлеріне толық лауазымдық еңбек ақысын сақтау, Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы ТШО компаниясы мен кәсіподақтармен бірлесе отырып карантинге оқшауланған және ауырып қалған мердігер компанияларымен еңбекақы төлену мәселелерін шешуге ұсыныстарды енгізді.
Отырыстың аяғында облыстық комиссия өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқықтарын және жұмыскерлердің кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау және жұмыстан босаған жұмысшыларды еңбекпен қамту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасау, жұмыстан босау, қысқару тәуекелдеріне және жұмыскерлердің өзге де еңбек құқықтарының бұзылу оқиғаларына тұрақты мониторинг жасау, өндірістік жарақаттанушылықтың өсуіне жол берген жұмыс берушілерге қатаң шаралар қолдану, еңбек дауларына жол бермеу бойынша іс-шаралар қабылдау бойынша кәсіподақтардың ұсыныстарын қабылдап, аталған мәселелерді шешуге ортақ шешім қабылдады.
Еділ Ұзақбай,
Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы төраға орынбасары