Нарынбай, Өтен, Төремұрат үш ғасырдан соң халқымен қайта қауышты

Ауданымызда көптен күткен рухани сілкініс болды. Мұны білектің күшімен, найзаның ұшымен Жылыой жерін талай жаудан қорғаған Төремұрат, Нарынбай, Өтен батырлардың халқымен қайта қауышуы деп айтсақ болады.

18 ғасырда өмір сүрген бұл бабаларымыз туралы ел аузындағы әңгімелер аңызға бергісіз. Енді, міне, «Үшеуі тұтас – үш таған» аталып кеткен батырларымыздың қалаға үлкен ескерткіші орнатылды. Оны кәсіпкер, меценат Мағауия Мерғалиев өз қаражатына салып берді.

Күйші Құрманғазының «Төремұрат», «Төремұраттың ақ арғымағы» атты атақты күйлеріне арқау болған Төремұрат Тайлыбекұлы – Жылыой жерінде өмірге келген, осы жердің ауасын жұтып, батырлығын елге мойындатқан ерекше тұлға. Төремұрат батыр мен теңдесі жоқ сұлу Қыз Данайдың махаббаты талай поэма мен романға өзек болды. Төремұраттың батыр атағы Маңғыстау өңірін түркімендер қайта-қайта шауып, мал-жанын барымталағанда осы қарымта жаугершілікте шығады. Ол – орыс бодандығына да қарсы күш көрсеткен тұлғалардың бірі. Төремұрат өзімен ағайындас Нарынбай, Өтен батырлармен бірге ел қорғауда талай ерлік мәртебесіне ие болған. Ескілікті заңнан аттап, сүйген қызы Қыз Данай сұлуды айттырып қойған жерінен алып қашқан, қудалаудан құтылу үшін Хиуа хандығына өтіп кеткен, бірақ онда да тыныштық таппай, өзі бұрын жауласқан түркімендермен жалғыз соғысып, соңында Күйкен тауының баурайында қаза тапқан Төремұрат – қаһармандығы үшін Таз руының екінші ұранына айналған жан. Сондықтан Төремұрат айтылғанда оның үзеңгілес серіктері әрі бауырлары Өтен мен Нарынбай батырлар үнемі бірге айтылады. Өйткені олардың бірлігі өте мықты болды, шапқыншылардан бірге қорғанды, ел кегін бірлесе қайтарды, отаршыларға қарсы ұйымдаса күресті. Ол үшеуі тұрғанда Жылыой жұрты да өздерін қамсыз сезінді. Осы себепті, халық оларды «Үшеуі тұтас – үш таған» деп бағалаған.

Осылайша, ел тарихын жаңғыртқан ескерткіш Құлсары қаласындағы Төремұрат, Өтен, Нарынбай көшелері қиылысатын айналма жолға қойылды. Қолындағы егеулі найзасымен тас тұғырға орналасып, қасқая қарап тұрған батыр бабаларымыз еліміздің тәуелсіздігін өр кеудесімен қорғауға тас бекінгендей. Салтанатты шараға аудан басшылары, ардагерлер мен депутаттар, аудан жұртшылығы қатысты. Баршаны осынау тарихи сәтпен құттықтаған аудан әкімі Азамат Бекет бұл ескерткіштің халықты бір серпілтіп тастағанын айтты: - «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына орай бой көтеріп жатқан ескерткіш «Біздің батырларымыз кімдер?» деген сұраққа жауап беріп тұрғандай. Жалпы ескерткіштер – тек өнер туындысы ғана емес, ол бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға қызмет ететін, патриоттық сезімге тәрбиелейтін тамаша рухани құрал екені сөзсіз. Бұл көпшілікке үлгі болатындай іс болды. Өте қуаныштымыз. Осы идеяны жүзеге асырған ауданымыздың азаматтары Мақсым Шафихұлына, ескерткішті өз қаражатына салып берген кәсіпкер Мағауия Ақтөреұлына үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Келесі сөз кезегін алған Мақсым Ізбасов «Жылыой жерін қорғаған, халқының сөзін сөйлеген, қамын жеген, еліне жүрегімен жақын болған батырларға ескерткіш орнатылып жатыр. Қазақта айтады ғой, «Елде болса, ерінге тиеді» деп. Осы ескерткіштің орнында үш найза тұрды. Оның кімдікі екенін халық жете білмейтін. Бұл Нарынбай, Өтен, Төремұрат аталарымызға қойылған белгі болатын. Сол белгі, міне, алып ескерткішке ұласты. Аталарымыз туралы Жылыой халқы, осы Жылыойға келіп жатқан қонақтар, бүкіл ел білсе, бұл болашақ ұрпаққа да үлкен тәлім-тәрбие болар еді» деген ниетін жеткізді. Бұған дейін қаламызға «Анашым» балабақшасын салып, балапандарға тарту еткен кәсіпкер Мағауия Мерғалиев бұл жолы жылыойлықтарды осындай ісімен қуанышқа бөледі. Құттықтау сөзінде мұның өз тарихына жасаған құрметі екенін айтты:

-Бұл үш батыр елім деп, жерім деп қанын төккен жандар ғой. Дегенмен олар еленбей қалды. Біз қалай қазақ боламыз егер тарихымызды білмесек, оны насихаттамасақ. Міне, біздің мақсат - мына өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге көрсету. Бұл ескерткіш Атырау облысындағы ең биік ескерткіш болып есептеледі екен қазір. Осы жұмысқа атсалысқан өзімнің орынбасарым Серік Жайлинге, мықты дүние жасап шығарған Серік Мәтениязовқа рахметімді айтамын,- деді.

Бұдан соң ескерткіштің лентасын Мақсым Ізбасов пен Мағауия Мерғалиев қиды. Шашу шашылып, ақ тілектер жалғасын тапты. Жылыой ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Нұрмұхаммед Есенәліұлы бұл еңселі ескерткіш рухымызды оятатын, ұлы мұраттарға жетелейтін, елжандылыққа, отаншылдыққа үндейтін қастерлі де қасиетті орынға айналатынына сенім білдірді.

Ескерткіштің жалпы биіктігі – 13 метр. Оны Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты мүсінші Серік Мәтениязов сомдады. Автор туындының бірлескен күштің арқасында дайындалғанын айтады. Бұған дейін талай мүсінді сомдаған шебер бұл ескерткішін бір жылда жасап бітірген. Шарадан кейін «Көктем» мейрамханасында батырлардың рухына Құран бағышталып, дастархан жайылды. Туған ел үшін, атамекен жер үшін жанын аямаған қаһарман ұлдарын халық ешқашан ұмытпайды. Тұрғындар шарадан ер есімдерінің ел есінде қайта жаңғырғанына қуанышты екендіктерін айтып, тарқасты.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттер А.Долыбекованікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521