"Намысты қолдан бермедім"

"Намысты қолдан бермедім"
Фото: П.Қизатова

Дауылпаз ақын, қазақ халқының азаттығы үшін аянбай күрескен батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай жақында Атырау қаласында республикалық «Махамбет оқулары» байқауы өткен болатын. «Ел құтқарар ер едім» деп аталған дүбірлі додаға республика бойынша 66 оқушы қатысып, бақ сынасты. Солардың ішінен тума талантымен алға суырылып шығып, 1-ші орынды қанжығасына байлаған жылыойлық Бейбарыс Сағынбай зор қошеметке бөленді. Ол – Шоқпартоғай ауылындағы №3 мектептің 11 сынып оқушысы.

Әрине, бұл облыс үшін, соның ішінде біздің аудан үшін қуанышты жаңалық. Бірнеше күннен бері қызу дайындалып, үміті ақталған оқушы мен оны баптаған ұстаздары үшін де үлкен абырой екені сөзсіз. Біз осыған орай бәсекелі байқаудың жеңімпаз атанған Бейбарыс Сағынбаймен тілдескен едік.

-Бейбарыс, жеңісің құтты болсын! Еліміздің әр өңірінен мықтылар қатысатын республикалық байқауда жеңімпаз болатыныңа сендің бе?

-Рахмет. Әрине, бастапқыда іштей үміт те, күдік те болады. Байқау болғасын, түрлі жағдайлар кездесуі мүмкін. Бірақ мен жеңіс тұғырынан көріну үшін бірнеше күнгі еңбектің жемісін, бойымдағы өнерді көрсету үшін барымды салдым. Өйткені, маған сеніп отырған қаншама жан бар. Махамбет бабамның жерлесімін ғой, намысты қолдан бермеуге тырыстым.

-Байқауға қанша оқушы қатысты? Жалпы әсеріңмен бөліссең.

-Республикалық байқау өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар да мықты болды. Осалы жоқ. Әсіресе, Түркістан мен Қостанай облысының үкілеп қосқан жүйріктері өте талантты екен. Мен от ауызды, орақ тілді Махамбет бабамыздың 91 өлеңін жаттап бардым. Сахнада барымша өзімді еркін ұстауға тырыстым. Жаңылыспадым да, сүрінбедім де. Бұған дейін, аудандық, облыстық кезеңдерден өттім ғой. Бұл жолы да әділқазылар мені жеңімпаз деп танығаны үшін өзімді бақытты сезінемін. Мені дайындаған Жылыойымның ұстаздарына рақметімді айтамын. Ал мені үнемі қамшылап жүретін жетекшім Ғалия Боранқұловаға ерекше алғысымды білдіргім келеді.

-Бұған дейін қандай байқауларға қатысып жүрдің?

-Абай, Шәкәрім, Әбіш оқуларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келдім. Махамбет оқуларына да қатысқанмын. Одан бөлек сыныптың, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүремін. «Айбын» әскери - спорттық клубының және «Сахна саңлақтары» үйірмесінің мүшесімін. Бұған дейін М.Ершуованың «Исатай-Махамбет» драмасында, А.Ершуовтың «Асалы-Көкетай» драмалық шығармасында басты рөлді сомдадым.

-Өзің көркемсөз оқу шеберісің. Осындай байқаулардан не түйесің?

-Біріншіден, мен талантты ақын-жазушылардың шығармаларын мәнерлеп оқып қана қоймай, әр сөзіне терең үңілуге тырысамын. Жүректен өткіземін. Содан өзіме көп білім алдым. Білімнің бәрі осы отты жырларда ғой. Екіншіден, тілдік қорым молайды. Сондықтан балалар, оқушыларға өлең-жырларды көбірек жаттап, байқауларға көбірек қатысса деген ұсынысым бар. Жалпы бұл жастар арасында дағдыға айналса деген тілегім бар.

-Енді өзің туралы, отбасың туралы айтып өтсең.

- 2006 жылы 23 қарашада Шоқпартоғай ауылында дүниеге келдім. Жанұядағы төрт баланың екіншісі, ұлдың үлкенімін. Үйдегі ардақты атам, анам мен әкемнің ыстық алақанын сезініп, тәрбиесін алып жатқан жәйіміз бар.

-Әңгімеңе рахмет. Өзіңдей жастар көп болсын деп тілейміз.

Сұхбаттасқан: Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521