НАҚТЫ ЖОСПАР, ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС

Ұлы Жемнің бойындағы күні-түні дамылсыз жүргізілген тасқынға тосқын жұмыстарынан кейін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов күнделікті қызметіне кірісіп, бірқатар басқосулар өткізді. Соңғы күндері ол әкімдіктің дербес бөлім басшыларымен кездесіп, олардың атқарған іс-шаралары мен алдағы жұмыс жоспарымен танысты. Сонымен бірге қаладағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды да аралап, аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Нақтырақ айтқанда, Жұмабек Байрақбайұлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары Қазыбек Ағыраев пен Бекет Бозжігітовті қабылдады.

Жиын барысында биылғы жылы атқарылатын жобалар жөнінде бөлім басшылары баяндама жасады. Айталық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қазыбек Саматұлы:

- Алға қарай Құлсары қаласында дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасатын болады. Құлсары-Бейнеу тас жолының бойында мал қорымы салынып, Құлсары қаласы және елді мекендерді сумен, газбен, электрмен жабдықтау жүзеге асады,-деді.

Ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Елемесұлының айтуынша, алға қарай Құлсары қаласында автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып, сонымен бірге, жаяу жүргіншілер тротуары мен веложолдар салынады. Биылғы жылдың басты жаңалығы – көптен күткен Ақмешіт тарихи-мәдени кешеніне тас жол төселетін болды. Мұны да «автомобильдер жолдарын қайта жаңғырту» бағдарламасына енгенін айтқан басшы қалада автомобиль көпірлері де қайта салынатынын атап өтті. Бұдан басқа асфальттарға ақ жолақ сызықтарын сызу, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, «Атырау» ықшам ауданында автомобиль жолымен бірге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар да салынатынын хабарлады. Әрине, жиын соңында аудан әкімі белгіленген жобаларға сәйкес жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Жанар Қазиева мен «Мансап» орталығының директоры Ақылбек Едігеевпен кездесті. Олар жыл бойына атқарылатын жұмыстарын таныстырды.

Былтыр ашылған Отбасын қолдау орталығының қызметін атап өткен Жанар Орынбасарқызы бірнеше шара өтіп, заңгерлік көмекке, жеке кеңеске жүгінген азаматтардың да мәселелері шешілгенін хабарлады. Бөлімнің жыл бойына жасалатын жұмыстарын баяндаған бөлім басшысының айтуынша, зағип жандар мен көзі көруі нашарлаған мүгедектігі бар тұрғындарды компьютерлік сауаттылыққа баулып, браиль шрифтін оқып үйретуге мүмкіндік жасалады және әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізіледі екен. «Мансап» орталығы директорының сөзінше, биылғы жылы қос қолына бір кәсіп көзін іздеп 3400 жұмыссыз тіркелсе, оның 605-і қызметпен қамтылып, 198-і тұрақты, ал 407-сі уақытша жұмыспен қамтылған. Аудандағы 40 мекемемен үшжақты меморандум жасақталып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде барлығы 52 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Білім беру саласы бойынша мәселелер талқыланды. Жылыой ауданында 20 жалпы орта білім беретін мектеп, 24 балабақша жұмыс істейді.

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында аудан басшысы Жұмабек Қаражанов аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарованың атқарған жұмысын тыңдап, алдағы жоспарымен бөлісті. Ол өз кезегінде білім беру саласының қажетті сұранысы, мектеп құрылысы, оқушылар мен мұғалімдердің жетістігін баяндап берді. Жиында өңір мектептері мен балабақшаларда орын алған кемшіліктер, орнын толтыруға тиісті олқылықтар мен алда атқарылуы тиіс іс-шаралар барысы талқыланды. Жиын соңында бөлім басшысына білім беру саласындағы тәрбие бағытын жандандыруды, бағыт-бағдар беру жұмысын өз деңгейінде жүргізуді тапсырды. Аудан басшысы, сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы Б.Сартпен де кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы жоспарын пысықтады.

Жиын барысында түйткілді мәселелер талқыланып, жан-жақты әрі толыққанды ақпараттар ұсынылды. Жұмабек Байрақбайұлы сала басшыларына электр желілерін қайта жаңғырту жобасы аясында қамтылған ықшам аудан тұрғындарына хабарлама тарату және жаңа электр желісіне қосу, апатты деп танылған тұрғын үйлерді бұзу жұмысын ұйымдастыруды, кәріз сорғы станцияларын кәріз желісімен бірге реконструкциялау және жобалау жұмыстарын аяқтап, мемлекеттік сараптамаға жолдау туралы міндеттерді тапсырды. Жалпы жоғарыдағы жиындарда айтылған жобалардың жүзеге асуы мен орындалысы аудан әкімінің үнемі жеке бақылауында болатыны ескертілді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT