Нағашы атам соғыста хабар-ошарсыз кеткен

Жәнібек қаншама адамдарға аталары туралы деректер тауып берді десеңізші!

Анамызды әр мереке сайын құттықтау дағдымызға айналған. Сол әдетпен 9 мамыр - Жеңіс күні телефон соқтым.

-Мама, мерекең құтты болсын!

-Тек, құттықтағаны несі? Бұл соғыс менің әкемді жалмап кетті ғой.

Сонда ғана нағашы атамның ІІ Дүниежүзілік соғыстың миллиондаған құрбандарының бірі болғаны және соғыстан мүлдем хабар-ошарсыз кетіп оралмағаны есіме сап ете түсті. Тілімді тістей қойдым. Анам болса түк болмағандай, танауы пысылдап телефонын өшірді. Мен қалың ойға берілдім. Анамның бір ауыз сөзі мені қатты толқытты.

Ертесіне атың өшкір фашистік соғыста жоғалып кеткен нағашы атам туралы деректерді іздеп табуға бел будым. Әуелі ғаламторды ақтардым. «Мемориал» атты сайтта соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіруге болады екен. Сол сайттан мына бір тізім көзіме оттай басылды.

«10.Тулепов Бактыгали. 1904 (туған жылы болу керек. Ред)- Казахс. ССР, Гурьевкс. обл, Макатск. р-н, нефтепромысел Доссор- Казахс. ССР,Гурьевкс. обл, Макатск. р-н. РВК с 1942 года-связь прекратилась с 1943 года. Причина не известно - Х11.43. - Отец Уразбаев Тулеп-Казахс. ССР, Гурьевкс. обл, Макатск. р-н, нефтепром. Доссор». Міне, сайттан тапқан бар дерегім осы ғана. Осы тізімнің нағашы атамның аты-жөні тұрған тұсына «Без вести пропал» деген белгі соғылған. Аты-жөндерінің тұсына мұндай белгі соғылмаған жауынгерлер ұрпақтарына сәл «қызғана» қарадым. Осы деректен соң іздеуді одан әрі жалғастырдым. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Әрине, іздеуді жалғастыра беремін. Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында тұратын Жәнібек Науаров деген азамат осы соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестірумен айналысады екен. Өте киелі әрі ерекше хобби. Жәнібек қаншама адамдарға аталары туралы деректер тауып берді десеңізші! Оның редакциямызға әкелген ұзын-шұбақ тізімін «Кең Жылой» газетіне үздіксіз жарияладық. Осы тізім арқылы сандаған жылыойлықтар аталарының жатқан зиратын тауып, басына топырақ салды, Құран оқыды. Мен де Ж.Науаровқа атамды тауып бер деп қолқа салдым. Тілдей қағазға атамның аты-жөнін жазып алып кеткенмен, Жәнібек те тауып бере алмады. Сонымен бар жұбанышымыз - «Мемориал» сайтындағы әлгі орыс тіліндегі бір жол ғана жазба. Айналып келіп соны оқимын. Оқыған сайын көзіме ыстық көрінеді.

Бір күні Жеңіс мерекесі қарсаңында үйге ауылдағы анам келді. «Мама, кел отыр. Нағашы атам туралы бір дерек көрсетейін»,- деп компьютердің алдына жайғастырдым. Содан соң «Мемориал» сайтындағы әлгі шөкімдей деректі оқыттым. Жетпіс бестегі анам көзіне ота жасатып келген болатын, шұқшиып сайтты ұзақ оқыды. Не ойлап отырғанын білмеймін. «Ал жақсы. Іздестіруді жалғастырамын. Папаңыз туралы тапқан дерегім әзірге осы ғана»,-деп компьютерді сөндірмек болдым.

-Тұра тұр!- деді анам оқыс,- қазір дұға оқып жіберейін.

Мен кідіріп, қасындағы орындыққа қайтадан отырдым. Анам күбірлеп дұға оқи бастады. Ұзақ оқыды. Содан соң «Аумин» деп бетін сипады. Тамағыма өріктің үлкендігіндей бір түйін тұрып қалғандай, көзіме жас үйірілді. Анамды аяп кеттім.

Анамның айтуынша, әкесі соғысқа кеткенде бір жасқа да толмаған сәби екен. Мұнай кәсіпшілігінде жұмыс жасап жүрген әкесіне кенеттен соғысқа шақырту қағазы келген. Түнделетіп үйіне келген жігіт жөргектегі сәбиді құшақтап, бетінен емірене иіскеп бір сүйіп, жарына беріпті. Содан соң қоштасып үйінен шығып кеткен. Мұны анам шешесінен естіген болу керек. Әкесінің фотосуреті де жоқ. Сондықтан бір жасқа да толмаған кезде майданға сол кеткеннен мол кеткен әкесінің тым құрыса дидарын да білмейді. Бақтығалиева Жолдықыз Төлеп немересі бүгінде сексеннің сеңгіріне де жақындады. Ал біз оны 9 мамыр - Жеңіс күнімен құттықтамаймыз. Бұл күн анам үшін мереке емес, хабар-ошарсыз мәңгіге жоғалған әкесін еске алу күні.

С.ШӘТЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521