Нұрболат Президентпен кездесті

Мемлекет басшысымен болған кездесу естен кетпес әсерлі сәт болды.

Таяуда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалармен кездесуі ұйымдастырылған-ды. Оған зияткерлік, спорттық, шығармашылық салаларында өзіндік өнер өрнегімен көзге түскен және өзге де жетістігімен елімізді танымал еткен әрі оқуда озат атанған оқушылар ғана іріктеліп жіберілді.

Міне, сол Президентпен өткен үлкен кездесуге ауданнан №4 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 6-сынып оқушысы Нұрболат Төлеген де барып қайтты. Қазақстанның жаңадан сайланған Мемлекет басшысымен бетпе-бет жүздесуге жалпы Атырау аумағынан екі бала аттанса, соның бірі – Нұрболат еді.

1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай ұйымдастырылған бұл кездесу жоғары деңгейде өтті. Еліміздің әр аймағынан жиналған бүлдіршіндермен бірге тұрғызбалық Нұрболат та Ақордада Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауына кірді. Президент әр баламен жеке-жеке сөйлесіп, көкейде жүрген армандарымен бөліскен. Қолын алып, ескерткішке фотосуретке түсті. Бұл кішкентай Нұрболаттың өміріндегі естен кетпес ерекше әсерлі сәт болды. Сол күні балалар Ақорданың ішін аралап, мұражайын көріп, Нұр-Сұлтан қаласының барлық көрікті жерлерін тамашалады.

Нұрболат Төлеген бұл кездесуге жайдан жай жіберілген жоқ. Ол - оқу озаты, №1Т.Құлтумиев атындағы саз мектебінде дәріс алады. Ән шырқап, терме айтып толғанады. Күй де орындайды. Республикалық байқаулардың жүлдегері. Анасы Алмажай Кенжебекованың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласынан келгеннен кейін Нұрболат Құлсары қаласындағы лицей-гимназияға оқуға түскен. Келер оқу жылынан бастап Тұрғызба ауылының үздік оқушысы енді аудан орталығындағы дарынды балаларға арналған оқу ордасынан білімін тереңдете түспек. Оған Мемлекет басшысымен болған ұмытылмас кездесудің де игі әсері болса керек.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521