Қыс мезгілінде өзен, көл және су қоймаларының беті мұзбен жабылады. Бұл уақытта адамдар мұз үстінде сырғанауға, балық аулауға немесе серуендеуге шығады. Алайда, мұз үстіндегі кез келген әрекет қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан мұздағы қауіпсіздік ережелерін білу – әрбір адамның міндеті.
Мұздың түсі мен қалыңдығына қарап оның беріктігін шамалауға болады:
• Көкшіл немесе жасылдау мұз – ең берік, қалыңдығы 7–10 см болса, адам салмағын көтере алады.
• Ақ немесе күңгірт мұз – әлсіз, астында ауа көпіршіктері болады.
• Сұр немесе сарғыш мұз – қауіпті, еру процесі басталған. Қауіпсіздік ережелері:
1. Мұздың қалыңдығына көз жеткізбей, су айдынына шықпаңыз.
2. Бір орында көп адам жиналмауы керек.
3. Мұз үстінде жүгіруге, секіруге, ойнауға болмайды.
4. Егер мұз сықырлап немесе жарылып жатса – дереу кері қайтыңыз.
5. Балалар мұз үстіне тек үлкендердің бақылауымен шығуы тиіс.
6. Мұз астына түсіп кеткен адамға көмектескенде өз өміріңізді де қатерге тікпеңіз – жатып, ұзын таяқ немесе арқан арқылы қол ұсыныңыз. Қауіп туындаған жағдайда: Егер сіз мұз астына түсіп кетсеңіз:
• Сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз.
• Қолдарыңызбен мұздың шетін ұстап, кеудеңізді мұз бетіне шығарыңыз.
• Аяқтарыңызды кезек-кезек көтеріп, жатып еңбектеп қауіпсіз жерге шығыңыз.
• Мұздан шыққан соң жылы жерге барып, дереу киіміңізді ауыстырыңыз. Мұз үстіндегі сақтық – өмір қауіпсіздігінің кепілі. Әр адам өзінің және өзгелердің қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы керек. Ережені сақтау апаттың алдын алады.
Н.Орысбаев,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің
№9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы,
азаматтық қорғау капитаны



