Қыс мезгілінде мұз айдынында сырғанау – балалар мен ересектер үшін көңілді әрі пайдалы демалыс түрі. Алайда қауіпсіздік ережелерін сақтамау түрлі жарақаттарға және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұз айдынында қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды.
Арнайы жабдықты пайдалану:
Мұз айдынына шықпас бұрын арнайы сырғанауға арналған конькилер кию керек. Егер тәжірибеңіз аз болса, бас киім, тізе және шынтақ қорғаныштарын тағу ұсынылады.
Жақсы дайындалған айдынды таңдаңыз:
Табиғи мұз бетіне шығу қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе мұздың қалыңдығы жеткіліксіз болса. Тек арнайы жабдықталған және бақылаудағы мұз айдындарында сырғанаңыз.
Айдын үстінде жүгіріп, бірін-бірі итеріп ойнау, күрес немесе қауіпті әрекеттер жасау басқа адамдарға зиян келтіруі мүмкін.
Жеке тәртіпті сақтау:
Мұз үстінде бір-біріне кедергі келтірмей, бағыттарды сақтау, кенеттен тоқтамау немесе бұрылмау – сырғанаушылардың барлығы үшін қауіпсіздік кепілі.
Балаларды бақылау:
Кішкентай балалар ата-аналарымен бірге немесе ересектердің қадағалауымен сырғанауы тиіс.
Жарақат кезінде:
Егер біреу құлап, ауырсынса, дереу қозғауға тырыспаңыз. Мамандарға хабар беріп, келгенше зардап шегушіні тыныш жатқызып қою керек.
Мұз айдыны – денсаулыққа пайдалы және көңілді орын. Алайда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – әрбір адамның жауапкершілігі. Ережені сақтай отырып, сіз өзіңіздің де, өзгелердің де амандығын қамтамасыз етесіз.
С.Тұрғанбаев,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі,
азаматтық қорғау старшинасы



