Мұнайшылардың мерекелік сыйы

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігің 30 жылдығына арналған шаралар шоғыры «ЖылоймМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұйымдастыруымен болған салтанатты мерекемен жалғасын тапты. «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз» атты шараға акционерлік қоғамның басшылары, осы салаға еңбегі сіңген ардагерлер және мұнайшылар қатысты. Аталған шараны салтанатты түрде «ЖылойМұнайГаз»  мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Шанаев  Ғибатолла құттықтау сөзімен ашып, баршаны ұлық мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

-Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бұл күн ата-бабаларымыздың аңсаған арманының арқасында жүзеге асқан күн. Егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бері қазақ елі көптеген қиын кезеңдер мен ауыртпалықтардан өтті. Соның ішінде елімізде қол жеткізген жетістіктерге қазақстандық мұнайшылардың оның ішінде жылыойлық мұнайшылардың сіңірген еңбегі зор деп мақтанышпен айта аламыз. Мұнай өндіру қарқыны тәуелсіздік жылдарында экономикамыздың өсуіне жол салып, еліміздің өркендеуіне септігін тигізді»,-деді ол.

Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған Тәуелсіздік мерекесімен «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Есен Қайыржанұлы тәуелсіздік жылдарында еңбек еткен қызметкерлерді құттықтады.

-Өздеріңіз білетіндей еліміз егемендік алғаннан бері аяғынан тәй-тәй басып кетуге мұнайшылардың қосқан үлесі зор. Жалпы мұнай саласы Қазақстанның қарқынды түрде дамуына септігін тигізді. Оның ішінде Атырау өңірінің алатын орны -«Қазмұнайгаз», өздеріңіз қызмет қылып отырған «Жылыоймұнайгаз» мекемесінің алатын орны зор. Сондықтан тәуелсіздікке қосқан мұнайшылардың еңбегі орасан. Толағай табыс, бастарыңызға амандық тілейміз»,-деді «Ембімұнайгаз» АҚ басқармасының төрағасы Есен Қайыржанұлы.

Егемен елдің ұлық мерекесінде мұнай-газ компаниясының қарыштап дамуына өз үлесін қосқандарды басқарма басшылары Құрмет грамотасымен, Құрмет белгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты шарада есте қаларлық айтулы оқиға болды. Ауданымыздағы баспанасы жоқ мұқтаж ананың отбасына көмек көрсетіліп, игі іс жасалды. «Жылоймұнайгаз» басқармасының атынан аудан тұрғынына 2 бөлмелі пәтер кілті табысталды. Балаларын жалғыз өсіріп отырған, әрі көптен үйсіз жүрген ананың қуанышында шек болмады. Ол акционерлік қоғам басшылары мен мұнайшыларға алғысын жаудырды. Бұдан соң салтанатты кеш ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

А. ТАУБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521