Мұнайшылар көп балалы анаға пәтер сыйлады

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайшылары өз қаражаты есебінен Құлсары қаласында тұратын жалғызбасты, бес баланың анасы Нұргүл Ғабдоловаға екі бөлмелі пәтер алып берді. Осыған орай басқарманың мәжіліс залында жаңа пәтердің кілтін табыстау салтанаты өтті.

Оған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Ғибатолла Шанаев, басқарманың жұмысшы-қызметкерлері қатысты. Онда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның атынан сөз алған Рысты Нұрғалиқызы, басқарма басшысы Ғибатолла Толағайұлы, басқарма басшысының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев, басқарманың кәсіподақ комитетінің төрағасы Қази Бисенов, Тереңөзек мұнай-газ өндіру цехының бастығы Қанат Нұрмашев және басқалар үлкен тебіреніспен сөз сөйледі. Олар қайырымдылық шарасында жұдырықтай жұмыла білген жұмысшыларға шын жүректен жүрекжарды алғыс сезімін білдіріп, көпбалалы ана мен оның бүлдіршіндерін баспаналы болуымен құттықтады.

- «Ембімұнайгаз» АҚ аз қамтылған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы мұнайшылардың ерікті түрде жинаған ақшаларына Доссор поселкесінен 3 үй, Құлсары қаласынан 1 пәтер сатып алынған еді. Игілікті істің биыл да жалғасын тауып отырғаны қуанышты. Бұл ретте жалғызбасты анаға екі бөлмелі пәтерді тарту еткен «Жылыоймұнайгаз» басқармасының мұнайшыларына компания атынан ризашылығымды білдіремін,-деген Рысты Нұрғалиқызы жаңа пәтер иесі Нұргүл Ғабдолованы шын жүректен құттықтады.

Жиын үстінде басқарма басшысы Ғ.Шанаев Нұргүл Ғабдоловаға екі бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Жалғызбасты ана барша мұнайшыларға аналық алғысын арнады. Шараға қатысқан барша қонақтар жаңа пәтерді көруге барды.

Айта кету керек, Нұргүл Ғабдолованың жолдасы Талғат Құдайбергенов өткен жылы дүние салған еді. Көпбалалы отбасы 2007 жылдан бері Құлсары қаласында жетім бұрыш жағалап, үй жалдап келе жатқанына 15 жылға тарта уақыт өткен. Енді, міне, бес баласымен жалғыз қалған жас ана жылыойлық мұнайшылардың қаржылай қолдауымен жеке пәтерге қол жеткізіп отыр. Көп балалы ананың баспаналы болуына мұрындық боп, бастама көтерген басқарманың Тереңөзек мұнай-газ өндіру цехы болатын.Біз цех бастығы Қанат Нұрмашевты сөзге тартқан едік.

- Алла-тағала «Жақсылық жасаумен жарысыңдар!» деп қайырымдылыққа үндейтіні белгілі. Сондықтан ұжым болып мұқтаж жандарға, аз қамтылған көпбалалы отбасына жақсылық жасасақ деген ұйғарымға келдік. Бірақ бір ғана цехпен шектелсек мәселе шешілмейтіні тағы аян. Ойластыра келе басқарма басшысына хат жолдап, барша мұнайшы-әріптестерімізді ортақ іске атсалысуға шақырдық. Бастамамызды басқарманың барлық жұмысшылары қызу қолдап, көріп отырғаныңыздай мақсатымыз толықтай жүзеге асты. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің берген дерегіне сәйкес, бірнеше отбасы үміткер ретінде алынды. Нәтижесінде таңдау бес баланы жалғыз асырап отырған Нұргүл Ғабдоловаға түскен, -дейді Қ.Нұрмашев бізбен әңгімесінде.

Жалғызбасты ананың жолдасы, марқұм Талғат Құдайбергенов «Петротранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде автобус жүргізушісі болып жұмыс жасаған. Көзі тірісінде Прорва, Тереңөзек, өзге цехтарға қатынап, мұнайшыларды вахтаға Атырау қаласына дейін тасымалдаған. Көпшіл, ақкөңіл жігіт еді деп еске алады білетіндер.

Жаңа пәтердің ішін көріп, танысқан басқарма мұнайшылары көрімдікке деп үлкен кілем, ал кәсіподақ комитеті ақшалай сыйлық тарту етті. Н.Ғабдолованың ата-анасы, ерлі-зайыпты Сәлімгерей Ғабдолов пен Сәнжан Нұржановалар қайырымды іс қылған барша мұнайшыларға жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Басқарма басшысы Ғ.Шанаев пәтердің жаңа қожайынына үйдің құжаттарын табыстады. Жиналған жұрт отағасының рухына дұға бағыштап, ізгі тілектерін арнады.

- Басқарма мұнайшыларының қайырымдылығы жалғыз мұнымен шектелмейді. Бұл «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығы қарсаңында қолға алынған игі бастама болды. Осыған дейін мұнайшылар қамқорлыққа мұқтаж екі отбасына көмектескен еді. Міне, бұл іс биыл да өз жалғасын тауып,алдағы Мұнайшылар күнінде де мұқтаж жандарды қамқорлыққа алуды ойластырып отыр, - дейді басқарма бастығының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521