Мәулен Әшімбаев Ресей шекарасындағы кідірістер туралы: Олар тексерсе, біз де тексеруіміз керек

Мәулен Әшімбаев Ресей шекарасындағы кідірістер туралы: Олар тексерсе, біз де тексеруіміз керек
Фото: senate.parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресеймен шекарада қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін тексеру мерзімінің ұзақтығы проблемаға айналғанын айтып, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті жедел тиісті шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Kazinform.

«Таяуда барлық әріптестеріміз өңірлерден оралды. Өзім де Атырау облысына барып, жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлермен және мәслихат депутаттарымен кездестім. Сондай кездесулердің бірінде кәсіпкерлер осы мәселені көтеріп, Ресейге тауарларын жеткізген кезде 15-20 күнге дейінгі мерзімді алатын ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық сияқты түрлі тексерістерден өтуге мәжбүр болып жүргендерін айтты. Олар осындай өнімдер біздің тарапқа келген кезде не үшін ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық және тағы да басқа бақылаулар тиісті деңгейде жүргізілмейтінін сұрайды. Негізі келісім екі жаққа бірдей. Егер біздің серіктестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек. Бұл – өзара теңдікке қатысты мәселе. Ең бастысы, біз өз азаматтарымыздың денсаулығын қамтамасыз етуіміз қажет», – деді ол Сенат отырысында.

Палата спикері мұндай түйткілдер тиісті мемлекеттік органдардың жұмысты қажетті деңгейде атқармауынан туындайтынын айтты.

«Осы мәселені өңірлердегі тұрғындар жиі көтереді. Бұл нені білдіреді? Бұл – мемлекеттік органдар тарапынан лайықты жұмыс жүргізілмейді немесе біз келісімнің шарттарын тиісті деңгейде орындамай отырмыз деген сөз. Егер кейбір жерде келісім талаптары өз деңгейінде орындалмай жатса, оларды іске асыру үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Мүмкін азаматтарға қажетті ақпараттар дұрыс жетпейтін шығар. Осы мәселені де назарға алып, заң аясында әрекет етуіміз керек», – деді Сенат төрағасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT