«Мүгедектіктің ең сорақысы көздің көрмей қалуы емес...»

Біз күнделікті күйбең тірліктің жетегінде жүріп, кей уақытта айналамыздағы өмірдің ауыр сынына ұшырап, зардап шеккен мүгедек жандарға назар аудармай жатамыз. Олардың нендей күй кешіп, нені сезініп жүргенін біреу түсінсе, біреу түсінбес. Басына түскен қайғыға мойымай, он екі мүшесі сау адамның өзі төзе алмайтын ауыр сынақтарды мойымай көтеріп жүрген жандар ортамызда жетерлік. Жүректерінде жалын, көздерінде от ойнаған олар «Тағдыр сынына ұшырасақ та, Алладан үміт үзуге қақымыз жоқ» деп біледі.

Бүгінгі әңгімеміз қатал тағдырдың салған сынағынан сынбаған Алмаш Мұсқалиева жайлы болмақ. Ол туғаннан жарық дүниені көрмейді. Қазіргі таңда ІІІ топ мүгедегі. Соған қарамастан, өз тағдырына өкпесі жоқ, өмірге байсалды кейіппен қарайды. Үнемі жақсылыққа үміт артып, сол жолда тынбай еңбек етіп келеді.

Кейіпкеріміз қазіргі кезде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі болып қызмет етеді. Бұл қызметке келгеніне аз уақыт болса да, өз жұмысына тыңғылықты кірісіп, біраз жұмыстың басын қайырды. Бірлестік мүшелерінің жағдайын жақсартып, олардың қоғамнан шет қалмауына бар күш-жігерін салып жүр.

-Менің бұл қызметке келуімнің басты себебі — өзім секілді жанарынан айырылған мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, көмектесу. Қажет кезінде оларға кеңес беріп, түрлі іс-шараларға қатысуына жағдай жасау,- дейді Алмаш Төреғалиқызы.

Кейіпкеріміз жарық дүниені анық көре алмаса да, ата-анасы мен бауырларының қолдауымен, қамқорлығымен басына түскен қиындыққа мойымауды үйренгенін айтады. Ертеңгі күніне зор үмітпен қарап, өз арманының орындалуы жолында аянбай еңбек етіп, алға ұмтылады. Сырт көздің сынағанына қарамастан, өз ортасында белсенді болып, түрлі мәдени, тәрбиелік шараларға атсалысады. Еңбекқорлығының арқасында тағдыр тәлкегіне төтеп беріп жүрген ол өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайды.

-Әркімнің пешенесіне жазылғаны болады ғой. Бұл мүмкін маған берілген сынақ болар. Алайда мен ол үшін өмірден үмітімді үзбеймін. Алға ұмтыламын. Мүгедектіктің ең сорақысы – аяқтың жүрмей, көздің көрмей қалуы емес, керісінше, адамгершілік тұрғыдан кеудесі қуыс болса, ойлары арам ниетпен уланса, сол рухани мүгедектік. Ар-ұятты жоғары бағалай білген ғана үлкен жүректі адам. Өзімнің ойымдағы армандарымды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын,-дейді ол.

Тағдырдың тезіне сынбаған осындай мықты, еңбекқор жанның өмірге деген құлшынысын көріп, көңіліміз марқайды.

Зерделеп қарамасақ, өмірде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі мол екенін біле бермейміз. Біз оларды өздерін тасада ұстайтын, қоғамдық орындардан көп көріне бермейтін бейнеде ғана білеміз. Бұл тұста жанарынан айрылса да, өзгелерге қамқоршы болып жүрген қайсар жүректі жан Алмаш Мұсқалиеваның өмірі көпке үлгі. Оны болашақ ұрпақ танып қана қоймай, ісінен қанаттанып, өздерінің жауапкершілік сезімін тәрбиелесе, өз-өздерін жетілдірсе, қиындықты жеңуді, өмір сүруді, оны сүйе білуді үйренсе, халқы үшін еңбектену керектігін ұғынса дейміз.

Алмаш Төреғалиқызының өмірі мен еңбек жолы мені ерекше бір сезімге бөлеп, санамда сілкініс тудырды. Тағдыр жолында кездескен өзгерісті қабылдап, оның ағынымен қоса жүру, тіпті оза шабу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сынаққа сынбаған қайсар жанның әлі талай биікті бағындырып, жарқын өмірдің есігін ашатынына сенім мол. Себебі, кейіпкер жарық дүниені анық көрмесе де, оның жанарының жарқылынан ерекше бір ұшқынды байқадық.

Айнұр МАХАМБЕТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521