Мәселеге медиация соңғы нүктесін қойды

Жақында аудандық сотқа аудан аумағындағы бір кент тұрғыны өзінің көршісінің үстінен талап арыз түсірді. Арызда көрсетілгендей, көршісі оның үйінің қасындағы екі жер телімі бар қос пәтерді сатып алып, оны мал шаруашылығы мақсатында пайдаланған. Онда төрт жылға тарта уақыт бірнеше ондаған түйе малын, ірі қара ұстап, жылқылар да бағады. Бір сөзбен жеке тұрғын үй мақсатында қолданылуға тиісті жер учаскелері мен баспананы шаруа қожалығына айналдырып жібереді.

Бұл, әрине, осы жердегі көше тұрғындарына ұнамайды. Аула сыртына төгілген малдың нәжісі мен қиынан, ауладағы шуданың шуасынан шыққан жағымсыз иістер тынысты тарылтып отырғызбағаны өз алдына, көбіне қараусыз жүретін төрт аяқты үй жануарлары көршілердің жеміс талдарын отап, түйелер тапырақтап балалар мен әйел адамдарға да қауіп төндіре бастайды. Бұл жөнінде көршілер бірлесіп жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарына да шағымданып, мал иесіне қаншама рет әкімшілік шара қолданылса да мәселе оң шешімін таппайды.

Ақыры амалы таусылған кент тұрғыны сол көшедегі көршілерінің атынан аудандық сотқа шағымданады. Ол өзінің арызында көрші тұрған қос бірдей тұрғын жайды мал шаруашылығына айналдырып жіберген азаматқа заң аясында шара қолданып, ауыл шаруашылығы жануарларын басқа жерге көшіруді және шектеулі деңгейде санын азайтуды талап еткен еді.

Бірақ азаматтық істі қарау барысында талапкер мен жауапкер жақты медиация тәртібімен татуластыруға қол жеткізілді. Яғни, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 150-бабының 1-бөлігіне, 174-бабының талаптарына сәйкес, сот тараптардың татуласуына жәрдемдесуінің нәтижесінде істі қарауға дайындау барысында екі жақ өзара жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара медиациялық келісімге келді. Талап қоюшы мен жауапкердің қолы қойылған жазбаша медиациялық келісімін сотқа жолдап, оны бекіту туралы сотқа өтініш берген.

Осы жерде айта кетер жайт, осы Азаматтық процестік кодекстің 174-бабының 3-бөлігіне сәйкес, татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін. Кодекстің 277-бабының 6) тармақшасына сай, сот егер тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Сондықтан сот істі сот талқылауына қарауға дайындау барысында істің материалдарын зерттеп, тараптардың ұсынған медиациялық келісімін қарап, келесідей тұжырымға келді.

Азаматтық процестік кодексінің 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес, дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы заңының және АПК-тің 176, 177-баптарының талаптарына сәйкес келеді. Екі жақтың мәселені медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі заңға қайшы келмейді, басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.

Сол себепті сотпен АПК-нің 278-бабының 2-бөлігімен көзделген, екі жақтың татуластыру келісімін жасаудың құқықтық салдары түсіндірілді. Яғни іс бойынша іс жүргізу тоқтатылғанда тараптар арасындағы дау бойынша осы мәселеге байланысты және осы негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.

Сондықтан аудандық соттың судьясы А.Аязов дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарды. Соған сәйкес жауапкер үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін үй ауласынан ауыл шаруашылық жануарларын басқа жерге ауыстыруға міндеттенеді. Ал талап қоюшы жауапкерге қойған ауыл шаруашылық малын басқа жерге ауыстыруға міндеттеу туралы талабынан бас тартады. Осылайша азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Зинайда Қуанышева, аудандық сот әкімшісінің

жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT