Халыққа жақын болу, әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі жұртшылықтың өзекті мәселелерін тыңдап, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ету кезек күттірмейді. Міне, осы мақсатта биылғы жылдан бастап «АMANAT» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен мобильді қоғамдық қабылдау өткізу басталды. Алғашқы көшпелі қабылдау Жем ауылдық округінде болды. Оған аудандық партия филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, Жем ауылдық округінің депутаты Сымбат Қабдрахманова, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің медиация орталығының мүшесі, Құлсарыдағы жылжымайтын мүлік, заңгерлік және электрондық қызмет көрсету орталығының директоры, заңгер Лена Бисенова, Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаев, ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқар Төремұратов, аудандық мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар еңбекақы төлеу мәселесі, мүмкіндігі шектеулі баласын әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, жер учаскесінің ауданын нақтылап беру, мүгедектігі бар адамға еңбек ету дәрежесін айқындау туралы, ауылшаруашылық мақсатында жер алу заңдылықтары жайлы мәселелер бойынша көкейде жүрген көп сауалдарын қойды. Әр тұрғынның мәселесі мен ұсыныс-пікірін мұқият тыңдаған мобильді топ құрамындағы мамандар аталған мәселелер бойынша заң аясында түсінік берді. Әсіресе қабылдауда болған тұрғызбалықтардың басым бөлігі заңгердің кеңесіне мұқтаж еді. Бұл күні де олар заңгер Лена Бисеновадан мол мағлұмат алды. Кейбір мәселелер өзге де бөлімдер тарапынан зерделенуді қажет ететіндіктен алдағы уақыттың еншісіне қалдырылды. Тұрғындардың өзге де жеке мәселелері бойынша жан-жақты кеңестер берілді. Белгіленген кесте бойынша мұндай қабылдаулар жыл аяғына дейін аудан аумағындағы барлық елді мекендерді қамтитын болады.
П.ҚИЗАТОВА