Мұнайшы. Ибалы келін. Аяулы ана.

Нұрлыгүл Төлегенова «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына алғаш жұмысқа орналасқанда 10 сыныпты тәмамдаған 17 жастағы қаршадай қыз еді. Бұл 1987 жылдың 12 қазаны болатын... Міне, содан бері Нұрлыгүлдің мұнай өндірісі саласында табан аудармастан еселі еңбек етіп келе жатқанына 37 жыл уақыт өте шығыпты.

Иә, ол өзі ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан мұнай мекемесінің табалдырығын алғаш аттағанда уылжып тұрған жас қыз еді. 1970 жылы Маңғыстау облысында мұнайшылар отбасында дүниеге келді. Әкесі Төлеген Отаров пен анасы Қалам Ізгілікова Ембі терең барлау-бұрғылау экспедициясында бірі машинист, бірі моторист болып еңбек етеді.

Орта мектептің 10-сыныбын бітірген өрімдей қыз бірден еңбекке араласты. Өмірлік бақытын да осы саладан тапты. Жұмысқа кіріскеніне көп жыл уақыт өтпей-ақ өзімен бір салада еңбек ететін Қайрат Құрманғалиев есімді ер-азаматпен танысып, дәм-тұзы жарасып, 1990 жылы мұнайшылар әулетіне келін болып түседі. Бірақ отбасын құрса да, еңбектен қол үзбеді. Керісінше, жұмыс пен үй тірлігін қатар алып жүріп, мұнай өндірісінің жілігін шағып, майын ішетін, кіші буын әріптестеріне үлгі болатын тәжірибелі маманға айналады.

Бүгінде Нұрлыгүл Төлегенқызы - адал ризық-несібесін маңдай терімен тауып жүрген мұнайшы-оператор, өз саласының озық маманы. Ол сонымен бірге, Қазақстанның демографиясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген көпбалалы ана, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегері. Құдай қосқан қосағы Қайрат Құрманғалиевпен бірге өмірге 7 перзент әкелді. Олардың бәрі де бүгін өмірден өз орнын тапқан, білімді, тәрбиелі азамат болып қалыптасты. Оның келін болып түскен әулетін «мұнайшылар династиясы» деп атауға әбден болады. Әулеттің мәуелі бәйтерегі бола білген қайынатасы Рақымғали Құрманғалиев те, жұбайы мен қайынағалары да мұнай-газ саласында еңбек еткен, әлі де жұмыс жасап келе жатқан көп жылдық тәжірибесі бар үлгілі қызметкерлер. Қайынатасының есімі ел тарихында алтын әріппен жазылған тұлға. Өзі ойдан металл ойлап тауып, өз ісінің шебері бола білген азамат туралы жазылған мақала да көп, алған алғыс хаттар мен медальдар да жетерлік. Рақымғали Құрманғалиев, ең алдымен, тыл ардагері, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» және Ленин ордендерінің иегері.

Жолдасы Қайрат Құрманғалиев те мұнай-газ саласының майталман маманы. 1985 жылы осында еңбек жолын бастап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін атадан балаға мирас болған сүйікті мамандығына қайта оралып, табан аудармастан 39 жыл қызмет етіп келеді.

Нұрлыгүл Төлегенова өз саласында атқарған қызметі үшін алған алғысы мен марапаттары өте көп. Сондай-ақ, өнерден де, шығармашылықтан да құралақан емес. Кезінде ауданға аты танымал «Жалын» ансамблімен бірге ән шырқап, еліміздің басқа қалаларында гастрольде болды. Ал Нұрлыгүлдің мамандығынан бөлек айналысатын хоббиі - көркемсурет салу, арт-терапиямен айналысу, психология ғылымын зерттеу. Біз үшін Нұрлыгүл саналы перзенттерін өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие берген көпбалалы ана, өз саласының тәжірибелі маманы ғана емес, Жаңа Қазақстанның жан-жақты әйел-анасы...

Шаттық ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521