Мүмкіндік алаңы

Әйел – қоғамның жүрегі. Оның алақаны мейірімнің бесігі болса, тәрбиесі ұрпақтың айнасы. Бұл қай заманда да осылай жалғасып, оның құнын биікке шығарған. Десек те қазақ әйелінің рөлі отбасының шеңберімен ғана шектелмеген.

Ол – біреуге сүйікті сіңілі, аяулы апа, адал жар, ардақты ана. Сол секілді ол кейде ұстаз, кейде аспаз, кейде суретші, кейде тігінші, қажет болса, бір бизнесті алға сүйрей алатын кәсіпкер де бола алады. Иә, білім мен ізденіс заманның басты капиталына айналған шақта, әйел затының да өзін дамытуға, жаңа белестерді бағындыруға толық құқығы бар. Түптеп келсек, декреттік демалыс та тоқырау кезеңі емес, керісінше даму мен жаңғырудың мүмкіндігі. Бүгінде осындай кезеңде де әйел қауымын қолдап, олардың жарқырауына себепші болып жүрген жобалардың бірі «Қадам» жобасы өзінің кезекті жеңімпаздарын анықтап, 2025 жылғы легін қорытындылады.

     «Қадам» - ауданымыздағы ерекше бала тәрбиелеп отырған, асыраушысынан айырылған, жұмыссыз көпбалалы аналарға арналған ерекше жоба. Бұл жай ғана оқу курсы емес, тағдырлар тоғысқан, үміттер қайта жанған, жүректерге сенім ұялаған үлкен мектеп. 2023 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан бағдарлама аясында қатысушы аналар түрлі бағытта тегін білім алып, араларынан үздік деп танылғандар өз кәсібін бастап кетуге қажетті алғашқы құрал-жабдықтарға ие болады. Жобаға «Теңізшевройл» компаниясы қолдау көрсетіп, әйелдерге арналған игі бастамаға тұрақты демеушілік танытып келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын аудан кәсіпкерлер саны артып, бұл өңір экономикасына да өз ықпалын тигізу үстінде. Жобаның басты мақсаты – аналардың қоғаммен байланысын нығайтып, оларды жаңа ортаға бейімдеу, кәсіпке баулу арқылы олардың өмір сапасын арттыру. Соған сәйкес отбасыдағы қаржы көзін реттеу, шаңырақ ұйытқысына айналған аналарды да табысқа шығару, сүйікті ісі мен өз-өзін табуға жол бастау. Міне, осындай ауқымды жобаның қорытынды кешіне аудан әкімі орынбасары Гүлнафис Айшуақова арнайы келіп, жалғасын тауып жатқан жоба мен жеңімпаз аналарды құттықтады.

      - «Қадам» – жай ғана әлеуметтік жоба емес, бұл тағдырларға жол ашқан мүмкіндік алаңы. Бүгін біз тек сертификат алып тұрған аналарды емес, өз қорқынышын жеңген, жаңа өмірге батыл қадам жасаған жандарды көріп отырмыз. Расында, әйелдің табысты болуы отбасының табысты болуы. Ал отбасы әл-ауқатты болса, қоғам да нығаяды. Сондықтан бұл бастама әлі талай ананың үміт шамын жағарына сенемін,- деді ол.

      2023 жылдан бері жоба жалпы саны 125 әйелге бағыт-бағдар берді. Оның ішінде 40 ана өз кәсібін ашса, 41-і тұрақты жұмысқа орналасты. 13 қатысушы «Қадам» жобасынан бөлек мемлекеттік грант иегері атанды. Ал 3 жыл ішіндегі басты жетістік оның әлеуметтік әсері еді. Атап айтсақ, психологиялық қолдау алған 107 әйелдің артында 500-ден астам бала тұр. Бұл дегеніміз 500 баланың анасы өз мүмкіндіктерін танып, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға білек сыбана кірісті, жолдасына жалау бола білді, өзіне деген сенімділігі артты. Бастысы өз-өзін тапты. Сондықтан жоба тек бір адамды емес, тұтас бір әулеттің дамуына серпін береді деп сеніммен айта аламыз. 2025 жылғы нәтижеге сүйенсек, жобаға 500-ден аса өтінім келіп түскен. Оның ішінен 200 әйел алғашқы кіріспе-семинарға қатысты. Әрі қарай олар сауалнама толтыру арқылы өмірге деген көзқарастарын, нақты қызығушылықтарын көрсетіп, бұл сан ішінен 50 қатысушы 11 айлық жобаға қабылданды. Оларға алдын-ала іріктелген 50 ана арасынан 10 үздіктің таңдалатыны ескертіліп, білім алу барысында да жауапкершілікті сезіну керектігі айтылды. Сол арқылы қатысушылар жан-жақты білім алып, жеке даму мен кәсіпкерлік негізде толыққанды зейінін ашты. Бұл аудан әйелдерінің білімге, өзгеріске деген құштарлығының айқын дәлелі десек артық айтпаған болар едік. Мұндағы негізгі мамандықтар аспаз, бет әрлеуші, шаштараз, сондай-ақ, киім тігіншісі мен құрақ көрпе тігіншісі еді. Жыл сайын әр бағыттан 2 қатысушы үздік деп танылып, жалпы саны 10 қатысушы жоба жеңімпазы атанып келеді. Оларға таңдаған бағыты, мамандығы бойынша өз жұмысын бастап кетуге арналған қажетті құрал-жабдықтар табысталады. Биыл сол дәстүр қаңтар айының бел ортасына тап келіп, 2025 жылдың үздіктері анықталды. Бұл жөнінде жоба басшысы Алмагүл Шудабаева:

   -Мен де бір жылдары 14 жыл үйде отырған көпбалалы ана болдым. Сол уақыттары жұмысқа шығуға менде үлкен қорқыныш болды. Ал «Қадам» жобасы маған сондай қиын кезеңде келген идея еді. Құлсарылық қыз-келіншектерге арналған жобаны құруда әрине, «неден бастасам екен?», «қалай дамытамыз?», «қалай жүргіземіз?»деген сияқты түрлі сауалдың астында қалдық. Көпбалалы аналарға ұсынатын дүниеміздің ғұмырлы, сапалы болғанынқаладық. Сабақтың алғашқы семинарын психологияға негіздеуді де өзім қаладым. Осылайша жоба 2022 жылы жазылып, «Теңізшевройл» компаниясына ұсынылды. 2023 жылы қолдау тауып, сол жылы жұмысымызды бастап кеттік. Биыл ісіміздің жалғасын тауып жатқанына 3-жыл. Сұраныс өте жоғары. Инста-парақшамызда сұрақ жаудырып, жобаның басталар уақытын сарыла күтетін де қатысушыларымыз бар. Бұл біздің бастапқы мақсатымыздың орындалып жатқанының белгісі болар деп ойлаймын. Жоба жылдан-жылға үлкейіп келе жатыр. Сұранысқа қарай, мүмкіндігінше 50-ден жоғары әйелге білім бергіміз келеді. Әр мамандықты өз ісінің шеберлері үйретеді. Қатысушылар бір бағытта шектеліп қана қоймайды. Олар жоба аясында компьютерлік сауаттылығын да арттырып, сұранысқа ие СММ, мобилография негіздерін де үйренеді,-дейді ол.

       Жоба аясында тігін бағытына ерекше қызығушылық танытқан аналардың қатары қалың болды. Өздеріне берілген 10 күндік қарқынды курс барысында олар мата таңдаудан бастап, пішу, өлшем алу, тігін машинасымен жұмыс істеу сынды негізгі дағдыларды меңгеріп шықты. Бүгінде сол аналардың арасынан екі қатысушы бірігіп, ортақ орын жалға алып, тапсырыспен киім тігу ісін бастап кеткен. Теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, алғашқы табыстарын таба бастаған олардың бірі – Жадыра Абиева. Ұзақ жылдар декреттік демалыста отырып, бала тәрбиесіне ден қойған ол «Қадам» жобасы арқылы еңбекке қайта араласуға мүмкіндік алды. Тегін оқу курсында тігін ісінің қыр-сырын меңгеріп, киім пішу мен тігу технологиясын үйренген назік жанды бүгінде «Қадам» жобасының 2025 жылғы жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда алғашқы тапсырыстарын қабылдап, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып отырған ол:

        – Бұл жоба бізге үлкен серпін берді. Тігіншілікті үйреніп қана қоймай, өз кәсібімізді бастауға жігер алдық. Қазір шағын шеберханада тапсырыспен киім тігеміз. Алдағы уақытта өз брендімізді қалыптастырсақ деген арманымыз бар. Басында жобаға қатысуға жүрексіндім. Өйткені бұл мен үшін мүлде жаңа орта, жаңа қадам еді. Бірақ дәл осы жоба арқылы өз ортамды таптым, жақсы жандармен таныстым. Ең бастысы өзімді қайта таныдым. Еркін сөйлеп, ойымды ашық жеткізуді үйрендім. Сонымен қатар тек тігінді емес, компьютерлік сауаттылықты да меңгеріп, EGOV.KZ порталын қолдануды үйрендім. Жуырда ғанажобаның жеңімпазы атандым. Шыны керек, күтпедім. Бірақ үлкен қызығушылықпен келгесін, әрине, жеңімпаз болғым келді. Оның үстіне жоба аяқталмай жатып, оқыған мамандығымыз бойынша жұмысты бастап кеттік. Сол үшін маған тігін машинасы артық етпейді. Өз ісін енді тапқан адамдарға мұндай құрылғылардың бағасы ауырлық етуі әбден мүмкін. Ал оны өзіміз білім алып, ізденіп, үйреніп, еңбекпен алғасын тіптен керемет!,-дейді қуанышын жасыра алмай.

       «Қадам» жобасының 2025 жылғы нәтижесінде 10 қатысушы үздік деп танылды. Атап айтсақ, аспаз бағытында білім алғандар арасында Гүлдана Мұқышева, Арайлым Досқалиева, Ляззат Жангеловалар жеңімпаз атанса, құрақ құрау бағытында Айзада Мұқанова мен Алтын Мұхамбетовалар, сондай-ақ киім тігіншісі ретінде Жадыра Абиева, Арайлым Өтеубаева,  Ляззат Ұзақбаева, Марал Табылдиевалар топ бастады. Бұл ретте бет әрлеу мамандығын игерген Макина Бақтығалиева бірнеше қатысушы арасынан оқ бойы озық шығып, жаны қалаған ісін жалғастыру үшін визажистке қажетті косметика толы шабаданды сыйлыққа алды. Жеңімпаздар қатары мұнымен аяқталмайды. 10 үздіктен бөлек, жоба барысында өзін еркін ұстап, барлық сабаққа жоғары деңгейде қатысқан Тұрсынай Қайыржанова СММ бағытына деген қызуғушылығының арқасында жоба ұйымдастырушыларының атынан жұмысына қажетті ноутбук сыйлыққа алды. Бұл туралы Тұрсынай Қайыржанова:

         -Жоба менің өміріме жақсы өзгеріс әкелді. Тамаша орта таптым, керемет ұстаздардан білім алдым. Алған біліміммен жұмысымды да бастап кеттім. Жоба басшысы Алмагүл Шудабаеваға мен бізді шыңдаған ұстаздарға алғысымды білдіремін. «Қадам» өмірімізге жаңа қадам сыйлады. Сондықтан жобаның ғұмыры ұзақ болсын. Қорытынды кеште мен де үздік танылдым. Негізі 10 адамға ғана қажетті құрал-саймандар берілуі қажет еді. Оның үстіне СММ бағыты тек қосымша білім болған. Десек те, осы салаға деген қызығушылығымды байқаған жоба басшысы мен жетекшісі мені де қуантып қойды. Қазақта «балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар ғой. Міне, бізге сондай «білім» деген қармақ берілді. Енді әрі қарай бұл істі өшірмей алып кету тек өзімізге байланысты. Жылыойлық келіншектерге, әсіресе, декретте отырған аналарға айтарым: өзіңді табуға, өз ісіңді табуға ешқашан кеш емес. Бәрінің өз уақыты бар. Ал білім алам десеңіздер, «Қадамға» келіңіздер!-дейді жоба туралы толғанысын жасыра алмай.

       Жоба ұйымдастырушылары қатысушы аналарға білім беру жағын ғана ойламай, бағдарлама аясында әйелдерге арналған форумдар өткізіп тұрады. Онда жоба туралы естіп, бірақ қатысуға ойланып жүрген немесе жоба туралы толық білгісі келетін әйелдер қауымы шақырылып, жобаның ақпараттық аясы да кеңеюде. Сол арқылы Жылыойдан бөлек, Мақат, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы аудандарынан да сұраныс түсуде. «Ал ол аудандарда өткізу уақыт еншісінде дейді» ұйымдастырушылар. Бүгінде жобаның өз әнұраны бар. Оның мәтінін жобаның 2025 жылғы қатысушысы Арайлым Өтеубаеваның апасы Гүлнұр Өтеубаева жазып, Арайлымның өзі нақышына келтіріп орындайды.

    Иә, «Қадам» – жай жоба емес, жүректерге жол тапқан, тағдырларға бағыт берген бастама. Үш жылдың ішінде қаншама ананың өз-өзіне сенуіне, қоғамнан өз орнын табуына себепші болды. Бірі кәсібін ашты, бірі тұрақты жұмысқа орналасты, енді бірі ішкі тұйығынан арылып, еркін сөйлеуді үйренді. Ең бастысы олар өз-өздерін қайта тапты. Бұл ретте жылыойлықтар жоба жалғасын табуды қалайды.

 

                                                                                Диана Ізбасарқызы

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT