Үмітін үкілеген ана-жүрек

Жаһандану заманында елдің қуаттылығын, бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын басты фактор – адам капиталы болып табылады.

Біздің ерекше балалар да өз қатарластарынан қалмай қоғамның бір мүшесі саналып кеткендерін қалаймыз. Әр мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылары үшін түзету-баулу, қимыл-қозғалыс жаттығулары жыл бойына қажет етіледі. Сонымен бірге логопед, массаж, терапевт және дефектолог мамандары да керек. Біз, осыны мақсат еткен он шақты баланың анасы 2018 жылы ақпан айында бірігіп Алматы, Астана қалаларынан өз қаржымызға маман алдыра бастадық. Үйде отырған балапандарымыз үшін бұл үлкен серпіліс болды. Жыл бойына үзбей алған ем де өз нәтижелерін беруде. Балаларымыз ширап, жаттығу жасауда, жүруге талпынып, сөйлеп кеткендері де бар. Біз, сол үміт отын арқалаған он шақты ана, бүгінгі күні жиырма анаға көбейдік. Ауданымызда алғашқы мемлекеттік емес «Үміт» аналар ұйымы болып құрылдық. Балаларымыздың әрбір талпынысы, жеткен жетістігі - біздер үшін ерекше қуаныш. Біздің балаларымызды қоғам білсін, жетістіктерін көрсін деген оймен инстаграм әлеуметтік желісінде «оsobye_detki_kylsary» парақшасын аштық және оған күнделікті тыныс-тіршіліктерін жариялап отырамыз.

«Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың дана сөзінің дәлеліндей ауданымыздағы ізгі ниетті, ақ тілеулі ел ағалары біздерді қолдап, балаларымызға қамқорлық жасауда. Аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы Бекет, депутат Мейрамбай Сембайұлы Базарбаев және кәсіпкер Ұлмекен Сұлтанғалиева апамыздың қолдауымен балаларымыз велотренажер, жүгіруге арналған қондырғы, «швед қабырғасы» сияқты құралдарға ие болды. Бұлар - балаларымыз үшін ауадай қажет дүниелер еді.

Біздің балаларымызға жасалған қайырымдылық істері мұнымен шектелмеді. Аудандағы жүректері мейірімге толы азаматтар жыл бойына материалдық және моральдық көмек беріп отырады. Жақында Құлсары қаласында батыс өңірлік волейбол сайысы болып өтті. Сол жарыс қорытындысы бойынша біздің ауданның волейболшы қыздары жүлделі 1 орынды иеленді. Бас демеуші «Маэстро» мейрамханасының иесі Ақмарал ханым мен волейболшы қыздар өздері жеңіп алған жүлдені (300 мың теңге) біздің балаларға табыс етті. Бұл да бір үлкен қуанарлық жағдай. Ауданымыздағы үкіметтік емес «Аналар ұйымы», республикалық «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да біздің аналарға жылы сөзбен ақыл-кеңестерін беріп қолдау көрсетіп отырады. Балапандарымызға қолдау жасаған барша адамдарға алғысымыз шексіз. «ҮМІТ» аналар ұйымы туралы білгіңіз келсе, балалардың жетістігін көргіңіз келсе немесе қолдау көрсетемін десеңіз, 87013933726, 87025679392 телефон нөміріне хабарласыңыздар.

«Үміт» аналар ұйымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521