МИНИСТР МЕН ҚОЛБАСШЫДАН АЛҒЫС АЛҒАН МЕКТЕП

Газетіміздің өткен 18 сәуірдегі №16 санында «Аралда қалған ауыл» атты мақала жарық көрген еді. Онда тасқын судың қоршауында қалған тұрғызбалықтардың өз ауылын аман алып қалу үшін тілсіз жаумен күрескен жанкешті еңбегі жайлы жазған болатынбыз. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Жем ауылдық округіндегі №4 М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімдері оқу процесін де тоқтатқан жоқ. Ауыл ұстаздары қауіпсіз аймаққа көшірілген ауылдағы бірқатар отбасылардың балаларына сабақты онлайн түрде өткізіп, Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың өзінен алғыс алды.

Атырау аймағын, соның ішінде Құлсары қаласын тасқын су басты деген суыт хабарды естіген Ғани Бектайұлы облысқа арнайы іс-сапармен келіп, АРЕС оқу орталығының жатақханасындағы эвакуациялық орталыққа бас сұғады. Сол жерде дәптері мен кітабын жайып қойып, сабақ оқып отырған 4-сынып оқушысына кезігеді. Баланы әңгімеге тарқан министр оның Жылыой ауданы, Жем ауылдық округінің орталығы Тұрғызбадағы №4 мектептің оқушысы Аян Дүйсенбай екенін біледі. Ол ауылынан жырақтағы Атырау қаласында жүрсе де, смартфон арқылы мектептегі мұғалімі Мақпал Сүлейменқызының дәрісіне қатысып, сабақты мұқият тыңдап, берілген тапсырмасын қалт жібермей орындап отырады. Баланың зеректігіне және округ орталығы тасқын судың қоршауында қалса да, шәкірттеріне дәріс беруді тоқтатпаған ұстаздарға разы болған министр оқу ордасының директоры Сымбат Қабдырахманованың жеке нөміріне қоңырау шалып, шалғайдағы ауыл мұғалімдері мен тұрғындарының қал-жағдайын сұрап, ризашылық сезімін білдіреді. Бұл жөнінде мектеп басшысы өзінің фейсбуктегі әлеуметтік парақшасында да бөліскен екен:

«-Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен осынау қилы кезеңде Елордадан Атырауға ел жағдайын көзімен көруге келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының маған қоңырау шалып, ауылдың, мектебіміздің қал-жағдайын сұрағаны көңілімізге медеу болды. Су қоршауында қалған кіп-кішкентай ауылымыздың мұғалімдерінің қиындыққа қарамай онлайн сабақ өткізіп, балалардың біліміне алаңдап, үлкен жауапкершілік танытып жатқандығы үшін алғысын білдірді. «Сіздің мектептегі Дүйсенбай Аян деген оқушыға ұстазы ыждағаттылықпен онлайн сабақ беріп жатыр екен. Ұстазына да, ұстаз сөзін қалт жібермей тыңдап отырған шәкіртіне де риза болдық», - дейді министр. Ол Аян Жамбылұлының қоныстанған жері - АPEC оқу орнының жатақханасына барған екен. Аянмен сұхбаттасып, сұрақ қойған, дәптерлерін көрген. Бала шәкірттің жауабына риза болған. Шәкірт арқылы ұстазына, Аян білім алатын №4 мектеп ұжымына, сынып жетекшісі Мақпал Сүлейменқызына ризашылығын білдіріп, дұғай-дұғай сәлем айтты. "Ешқандай еңселеріңді түсірмеңдер. Біз сіздермен біргеміз! Сіздер үлкен ерлік көрсетіп жатырсыздар. Сіздердің осынау жанкешті еңбектеріңізді Президентке жеткіземін» - деп уәдесін берді. Сондықтан да үлкен үміт артылып отырған ұстаздар қауымына шәкірт тәрбиелеуде үлкен шығармашылық табыс пен абырой тілеймін. Төтенше жағдай аяқталып, су тыныштығымен өз арнасымен ағып, ел аман, жұрт тыныш боп, амандықта қауышайық», -дейді Сымбат Едігеқызы.

Иә, ұстаз тілегі қабыл болып, тілсіз жаудың беті қайтып, Тұрғызба ауылының тұрғындары да бұрынғы қалыпты өміріне оралды. Ал мектеп басшысы мен мұғалімдері бүгінде сол бір аласапыран күндерді көрген бір жаман түстей еске алады. Министрмен кездескен балдырған бала Аян болса, кішкентай жүрегінің қуанышын жасыра алмай өзінің балалық көңілі мен алғысын бейнежазба арқылы оқытушыларына жеткізді. Мұның барлығы қиын-қыстау кезеңде мектептің барша педагогикалық ұжымына ерекше қайрат пен ерікжігер берді.

Шынымен де мектеп мұғалімдері дәрісін тоқтатпай, еразаматтарға дем беріп, тілсіз жаумен табанды түрде күрес жүргізді. Ұстаздар ұлағатын көрген жоғарғы және ортаңғы сынып оқушылар да оқудан қолы босағанда бөгет басындағы әкелері мен ағаларына жәрдемдесіп, қол көмегін көрсетті.

Тасқын кезінде Тұрғызбаға жедел штаб жіберген техника күшімен бірге әскери бөлімнің сарбаздары да көмекке келген еді. Мектеп басшылығы оларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Оқу ордасынан арнайы бөлмелерден жатақ орын дайындап, бөгеттер басындағы жеті жерден жасақталған ауыл асханасынан ыстық тамақ бергізіп, демалып тұруына жағдай жасады. Тіпті, ыссы монша да ұйымдастырып, әйелдер жағы киім-кешегін жуып, тазалап та береді. Мұны көрген әскери бөлім командирі мектеп директоры Сымбат Қабдырахманова мен ұстаздар қауымына разы болып, оқу ордасына арнайылап келді. Жай келген жоқ, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Б.Артықовтың атынан Алғысхатпен марапаттады.

Иә, бұл аудандағы табиғи апат кезінде бір ғана Тұрғызба ауылының мектеп мұғалімдерінің басынан өткен жағдай. Тілсіз жауды ауыздықтауға Құлсары қаласының ұстаздар қауымы да бір кісідей атсалысты. Үш білім ордасы суға кетіп, өңірдің өзге мектептерінің оқу ғимараты әскери бөлімнің казармасына және тасқыннан зардап шеккен халықтың паналайтын бірден-бір эвакуациялық орнына, сонымен қатар қоғамдық штабқа айналды. Мұғалімдер арасынан шыққан қоғам белсенділері ауданға жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмектің тұрғындарға уақытылы жетуіне атсалысып жүр.

Бұдан шығатын қорытынды: біздің мұғалімдер – өскелең ұрпаққа тек сапалы білім мен саналы тәрбие беретін педагогикалық кадр ғана емес, қиын-қыстау кезеңде ел ертеңіне ісімен де, сөзімен де үлгі-өнеге көрсете алатын қазіргі қоғамның басты қозғаушы күшіне айналған мықты маман, қайраткер де бола алатынын дәлелдеді!

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521