Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір қызметкер осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болуы қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қойып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі қазіргі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей осы мемлекеттік қызметке байланысты. Нақтырақ айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Жалпы мемлекеттік қызмет - жауапты міндеттер жүктейтін абыройлы лауазым иесі. Бүгінде әрбір арнайы орта және жоғары білімі бар жас мамандарға осы қызметке келуі үшін барлық жағдай жасалған. Бұл мамандық түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді. Жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару құрылымын құру ісіндегі міндеттерді іске асыру – көбіне көп мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар, маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызметтің имиджі - халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенім деңгейінің көрсеткіші мен қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшеміне байланысты. Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, халықтың сенімділігін арттыру мәселесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын ұйымдастыру бірінші кезекте басшылыққа алынады. Қазіргі таңда, аудандағы барлық атқарушы органдардың жеке және заңды тұлғаларға көрсететін мемлекеттік қызметі, оның ішінде жер, сәулет, жұмыспен қамтуға қатысты басқа да рұқсат беру, тіркеу, есепке алу, анықтама беру мәселелері Халыққа қызмет көрсету орталығы және электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүргізіліп отыр. Жылыой ауданы әкімдігінің және қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің қабылданатын, оның ішінде азаматтардың, кәсіпкерлердің мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына алдын ала жарияланып, сосын барып қабылданады. Азаматтардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді алу кезіндегі құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жыл басынан бері Халыққа қызмет көрсету орталығында көшпелі 5 жәрмеңке өткізілді. Әлеуметтік сыртқы жарнама арқылы қоғамда құқықтық сауаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін баннерлер орнату, ақпараттық жадынамаларды және плакаттарды орналастыру тұрақты түрде эскиздерін кезең-кезеңімен жаңартып тарату көзделген. Соның аясында қала, кент, ауылдық округтерде 5 баннер, 150-ге жуық жадынамалар орналастырылды. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында арнайы айдар құру және оларды құқықтық мәселелер жөніндегі ақпараттық-түсіндіру материалымен сапалы түрде толықтыру мақсатында әкімдіктің ресми интернет-ресурсында «Құқықтық ағарту» бөлімі ашылып, әр түрлі тақырыптағы мақаламен толықты. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін іске асыруға, тиісті материалдық игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысанының бірі. Бұл қызметті көрсету кезінде халықтың құқығы мен заңды мүддесін сақтауды қамтамасыз етудің бірден бір белгісі - әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі таңда елімізде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ішінен әлеуметтік маңызды қызметтерді барынша электронды түрде алуға барлық жағдай жасалған. Ол «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз - барынша автоматтандырылған, оңтайландырылған, қоғамның әрбір мүшесі әлеуметтік коммуникация шығындарын төмендету мақсатына қызмет ететін электронды жүйе. Еліміздің әрбір азаматы «Электронды үкімет» веб-порталына «пайдаланушы кабинетін» ашу арқылы тіркеліп, электрондық қызметті алу мүмкіндігіне ие бола алады. Осы бағытта аудандағы жергiлiктi атқарушы органдармен мемлекеттiк қызметтің 75 түрi көрсетіліп, оның 90%-і электронды түрде алынғаны – соған дәлел. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі мен сыбайлас жемқорлықтың бетін қайтаруы бірін-бірі толықтыратын фактор болып табылады. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуі - бүгінгі күннің талабы.
А.Теміржанов, аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл
Міндеті мінсіз, мерейі үстем
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 243
