Мешітке жаңа көлік

Қасиетті Рамазан айында аудандық орталық мешітке ерекше құрмет көрсетілді.

«Мако» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, кәсіпкер Келбатыр Құлғазиев мешітке су жаңа автокөлікті сыйға тартты. Бұл жылы көрініске жұмаға жиналған мыңдаған жамағат куә болды.

Шараға Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров арнайы келді. Бұл жолы кәсіпкер «Жылыой мұсылмандары» орталық мешітіне көлік сыйлауға бел байлаған. Сөйтіп, жұма күні мешіттің бас имамы Арман Исаевқа темір тұлпардың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Алғашқы сөзді алған Батыржан Мансұров мұндай істің сауапқа жазылатынын атап өтті: -Кімде-кім мешітке қызмет жасаса, мешітке қандай ниетпен келсе, Алла соған орай пендеге сауабын береді. Мысалы, түнде қысылып қалатын жандар болады, шалғай жердегі адамдар бар, соларға барып қызмет жасау керек болады. Сондайда имамдардың абдырап қалатыны – шындық. Міне, осы олқылықтың орны толды деп ойлаймыз,-деді. Мыңдаған жамағаттың алдында Келбатыр Қайырұлына аудан халқының атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті. Ал ауданның ақсақалы Абдолла Абдрахманов ақ батасын берді.

Кәсіпкер «Рено» автокөлігіне қосып, 1 тонна бензинді де сыйға тартты. –Мешіттің бас имамы Арман Исаев бастаған мешіт қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына үнемі риза боламыз. Халқымызға дұрыс дінімізді насихаттау жолында еңбек етіп жатыр. Соңғы мезгілдері Қазақстан бойынша Құран жарыстарында ауданымыздың балалары жеңімпаз атанып жүр. Бұл да – мешіт қызметкерлерінің орасан еңбегі. Көлікті игіліктеріне пайдалансын,-дейді кәсіпкердің өзі.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521