Меритократия — жоғары әрі маңызды лауазымдарда ең ақылды, қабілетті әрі білікті адамдар отыратын, олардың шыққан жері, тегі мен әлеуметтік деңгейі маңызды емес жүйе. «Меритократия» терминін алғаш рет 1954 жылы неміс-америкалық философ Ханна Арендт ойлап тапты. Бірнеше жылдан кейін бұл түсініктің толық мағынасын ағылшын социологы әрі саясаттанушы Майкл Ян «Меритократия өрлеуі» деген кітапта ашып жазды.
Янның ойынша, қоғам билік пен интеллект үйлескенде дамиды: лауазым қаншалықты жоғары болса — оған соншалықты ақылды, әрі білікті адам ие болуы керек. Меритократия биліктің байланыс, таныстық пен мұрагерлікпен берілуіне қарсы. Меритократияның оң тұстары: білікті басшылар қоғамды дамытады; жұмыста білім мен білік арқылы жоғары лауазымға жету ықтималы артады; интеллекті мен білігі жоғары адамдар жоғары саяси лауазымдарға ие бола алады.
Кем тұстары: адамның білігі мен білімін тексерудің әмбебап тәсілі жоқ; қоғам білімді, білімді емес адамдар деп жік-жікке бөлініп, теңсіздік пайда болады. Бүгінде ел Президенті жүктеген міндетке сай басқарудың барлық деңгейлеріндегі мемлекеттік қызметшілердің оңтайлы санын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни, мемлекеттік қызметте тек кәсіби мамандардың қалуы көзделуде. Сонымен бірге «қызмет үшін – адам» қағидаты емес, «адам үшін –қызмет» қағидатына негізделген сервистік мемлекет құруға көшу жоспарлануда. Қазірдің өзінде атқарылған жұмыстар аз емес, алға қойған міндеттер айқын. Кадрлық резерв жасақтау мен мемлекеттік қызметке қабылдау барысында меритократия қағидатын ұстанудың ықпалы зор.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы Заңында «меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету» деп көрсетілген. Жалпы, әлемдегі кез келген жұмыс беруші, мейлі ол алпауыт корпорация, шағын бизнес өкілі немесе мемлекеттік құрылым болсын қызметке қабылдау кезінде дарынды, көзі ашық, білімді, озық ойлы азаматқа басымдық беретіні сөзсіз. Яғни, бұл ең алдымен бәсекеге қабілеттілік дегенді білдіреді. Сарапшылардың айтуынша, әлемде алдағы 10-15 жылда бүгінгі күні қажетті деп саналатын 60-қа жуық мамандық мүлдем болмайды. Осы заңдылық адам бойындағы тағы бір қасиет – өзгерістерге бейімделе алу құзыретін жетілдіруді талап етеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, үш кезеңнен тұратын тиімді іріктеу жүйесіне көштік. Яғни, кандидат ең алдымен заңнамаларды білу бойынша бағаланады, одан кейін жеке құзыреттіліктері анықталады, осы сыннан өтсе, әңгімелесу кезеңінде бақ сынайды. Конкурстық іріктеу де тиімділігін көрсетуде. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, конкурстар ішкі және жалпы конкурстан тұрады. Ішкі конкурстарға тек қатардағы, яғни қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің ғана қатысуға құқығы бар. Ал жалпы конкурстарға заңмен белгіленген талаптарына сай келсе, кез келген азамат қатысып, үміткер бола алады. Құзыреттіліктер моделіне сәйкес кез келген мемлекеттік қызметшінің бойында негізгі құзыреттер болуы керек. Оларға парасаттылық, жауаптылық, тұтынушыға бағдарлану, бастамашылық, стреске төзімділік жатады. Әрі қарай қызмет бабымен ілгерілеген сайын өзін-өзі дамыту, жеделділік, қызметті басқару, шешім қабылдау, стратегиялық ойлау, өзгерістерді басқару деген сияқты құзыреттіліктер талап етіледі.
Біздің басты міндетіміздің бірі – халық үшін қызмет ету екені белгілі. Ал, халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің ішінде жастардың орны ерекше. Себебі бүгінгі жастардың басым көпшілігінің мақсатшыл, позитивті, ойлау қабілеттері ұшқыр. Мемлекеттік қызметтегі меритократия - уақыт талабы. Бұл қағида қашанда мемлекеттік органдарға қабылдану негізі болып қалады және лайықты кадрларды іріктеуге мүмкіндік береді. Меритократия принциптерін нығайту сыбайлас жемқорлықты тамырымен жоюға, мемлекеттік қызметке тек сауатты, білікті кадрлардың өтуіне ықпал жасайды.
С.Бітімәлиева,
аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы