"Ол батыр әрі атақты мерген болғандықтан жаудан мүлдем тайсалмады" деп те құрғақ сөзден гипербола жасаудың не қажеті бар?!
Ана сүті ернінен кебе қоймаған жас бозбала бұрын-соңды соғысты көріп пе?! Снарядтар мен оқтар тек өзіне ғана көзделіп атылып жатқандай бастапқыда қобалжыған кездері болды. Ең алғашқы ұрыста аяғына оқ тиіп жараланғанда өзін өзгелермен салыстырғанда осал сезінгендей намыс буды. Бұл жаужүрек ата-бабалардың гені арқылы берілген намыс оты еді. Содан соң аяғының жарақаты жазылмай жатып госпитальдан тура майдан даласына аттанғанда көзінде сол кек пен намыс оты ойнап тұрған еді. Бірде бақылау пунктінде отырып, 200 метр жердей қашықтықтағы фашисті көздеп тұрып құлатты, ал келесі күні тағы бір фрицтің көзін жойды. Осылайша аз күнде 6 немісті өлтірді. Мұны естіген подполковник шақыртып алды да, бір нысананы көздеп атқызды. 100 метр жердегі нысананы көздеп, жатып ап атып-атып жіберген.Үш оқтың үшеуі де ондыққа тиген екен.
Бұдан соң тұрып атып, дәл солайша ондыққа тиді. Қасындағылар таң-тамаша. "Нағыз мерген екен!" деп таңғалысты. Осылайша ол снайперлік винтовкаға ие болып, мерген болды. Винтовканы алған күні-ақ ол екі фашисті өлтіріп, ал тағы бірде жеті немісті бірден сұлатты. Осыдан соң-ақ оның мергендігі аңызға айналды. Жиырма бір жасар Есқайыр Халықовтың атағы жер жарып тұрды. Оның 230 фашисті жойғаны жөнінде майдан газеттері әр нөмірі сайын жарыса жазып жатты. Бұл құралайды көзге атқан мергендікке Есқайыр аға аң аулап, құс атып жүргенде машықтанған екен. Нағашысы бала Есқайырды жанына ертіп, аң аулап жүргенде "Сен өскесін мерген боласың. Ер жігіттің жақсы мылтығы, жүйрік аты болуы керек. Алдыңнан аң құтылмайтын мерген бол!" деп құлағына құяды екен. Сол кезден-ақ бала жүрегінде ерлік отын тұтатып кетсе керек. Есқайыр Халықов аты атала қалса , оның мерген екендігі, алдымен, еске түсетіні содан. Мергендік пен Есқайыр есімі әлдеқашан аттас, бір-бірінен ажырағысыз ұғымдарға айналып кеткен. Есқайыр Халықовтың көздегенін мүлт жібермеген мергендігі туралы замандастары, ақындар Сағынғали Сейітов пен Жұбан Молдағалиевтер жазды. Оның мергендігіне талай жырлар арналды. Сол көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған батырдың есімі туған жері- Жылыой ауданындағы мектепке берілді. Атақты батыр есімін Жеңіс мерекесі жақындаған сәтте бір еске алып қойғанды жөн санадық. Бұл есімді кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпау үшін!
С.Тәжіқызы.