Мерекелік жыр-шашу!


    Таяуда туған топырағы – Шоқпартоғай ауылындағы «Шоқпартоғай» мәдениет үйінде өзінің жеке шығармашылық кешін өткізіп, оқырмандарымен жүздескен жылыойлық ақын Айбек Қалмағанбетов жырақта жүрсе де жерлестерімен байланысын үзіп көрген жоқ. Оның аудандық газет редакциясымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жылма жыл жаңа жырларын жолдап тұруы – соның айғағы. 
  Сол үрдістен жаңылмаған ақын жақында редакция қоржынына тағы бір өлеңін жолдады. Бұл жолғы жыры ұлттық мерекеміз – Республика күніне арналған екен.  Иә, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 13 жылдан кейін қайта оралып, мемлекеттік маңызы бар мерекелердің қатарына енген бұл айтулы күнде толғанбайтын ақын ақын ба?! Расында да кешегі келмеске кеткен кеңестер одағының ішінде алғашқылардың бірі болып еліміздің егемендігі туралы декларация қабылдап, тәуелсіз мемлекет екенімізді жалпақ жаһанға паш еткен 25 қазан – халқымыз үшін қастерлі күн. Ендеше, туған жұртының осынау қуанышты сәттегі көңіл-күйін жүректен шыққан жыр жолдарымен жеткізе білген ақынның сиясы кеппеген сырлы өлеңі арқылы аңғарып көрейікші!    
Редакция
 Республика күні
Көңілді баса алмайды бұлты күздің,
Нық басып жұмыр жерді шаттанамыз.
Бүгін төл мерекесі ұлтымыздың,
Республика күні деп мақтанамыз.

Мерейін ұлтымыздың өсірген күн,
Желбіреп көк аспанға көк байрағы.
Қазағым емін-еркін көсілген күн,
Шырқалып ән ұраны көкте ойнады.

Тең ұстап кең иығын көршіменен,
Біз енді қарсы аламыз жаңа таңды.
Бекітіп шекарасын еншілеген,
Қазақстан егеменді ел атанды.

Ағайын құтты болсын мерекеміз,
Өрлейік асқар тауға дара жол сап.
Мәңгілік мемлекетті ел етеміз,
Салт-дәстүр, ана тілге пана болсақ.

Айбек Қалмағанбетов
23 қазан 2024 жыл

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT