Мерекелік тарту


     Республика күні қарсаңында Жылыой ауданында су тасқынынан зардап шеккен 10 тұрғынға жатын бөлме жиһазы табысталды. Бұл қайырымдылық көмекті «Modern Office furniture»  жиһаз компаниясы ұсынды. Компания табиғи апат салдарынан үйлеріне зақым келген азаматтарға қолдау көрсету мақсатында жиһаз жиынтықтарын сыйға тартты.   
Тұрғындарға жиһазды тапсыру рәсімі барысында «Modern Office furniture» компаниясының өкілі Ибрагим Селимов қиын жағдайға тап болған жандардың тұрмысын жақсартуға үлес қосуға әрдайым дайын екенін атап өтті:
-«Modern Office furniture» компаниясы су тасқынынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету туралы бастаманың инициаторы – компанияның негізін қалаушы Зухра Туршатқызы. Біздің компания Атырау облысының әкімдігіне жүгініп, зардап шеккен адамдардың тізімін сұратты және қайырымдылық ретінде он жатын бөлме гарнитурын жеткізуді ұйымдастыруға шешім қабылдады,-дейді. 
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар көрсетілген көмек үшін алғысын білдіріп, осындай қиын сәтте көрсетілген қолдаудың маңыздылығын атап өтті. 
-Бізге мемлекет тарапынан суға кеткен үйімізге өтемақы берілді. Біз оған ризамыз. Сол өтемақысына шашау шығармай үйімізді алдық, орналастық. Оған өте қуаныштымыз. Оның үстіне, бүгін біздерге үй жиһаздарын алуға сертификат беріп жатыр. Соған тағы бір қуанып тұрмыз. Бұл игі іске де мұрындық болған аудандық әкімдік пен халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшыларына, жалпы жергілікті мамандарғ алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-дейді тұрғын Әлімберді Нариков. 
«Modern Office furniture» компаниясы әлеуметтік жауапкершілікті жоғары бағалайтынын көрсетіп, мұндай қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті екенін айтты.
П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT