Мерекелік тарту: Заманауи металл өндіру зауыты іске қосылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ұлық мерекесіне ауданымыз зор тартулармен  келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдаған жолдауында: «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл – қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерін өндіру салаларын қамтиды» деп атап көрсеткен болатын. Президент жолдауында көрсетілген басымдықтар міне, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінде ауданымызда орындалып отыр.

Құлсары қаласында тұтастай жаңғыртудан өткен «Металл Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңғыртылған зауыты іске қосылды. Жаңа технологиялармен жабдықталған, металл өндіретін зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы келді. Облыс әкімімен бірге аудан әкімі Халел Жамалов және басқалар зауыттың ашылу салтанатына қатысып, ішкі жұмысымен танысты.

Металл өңдеу зауытының көлемі 4360, 18 шаршы метрді құрайды. Зауыт құрылысы өткен 2020 жылы басталып, биылғы жылдың қазан айында аяқталды. Оған кеткен қаражаттың жалпы құны 3 млрдқа жуық. Серіктестік түсті металл қалдықтары мен сынықтарын қайта өңдеп, құрылысқа қажетті металл конструкциясын өндірумен айналысады. Толыққанды қайта жаңғыртудан өткен зауыттың қуаты бұрынғыдан екі есеге артып, енді, жылына 57 мың тонна металл өндіреді. Ал онда еңбек ететін жұмысшылардың саны 130-ға жетеді. Болашақта қызметкерлер саны екі есеге артып, қос ауысыммен жұмыс істейді деп көзделуде.

zavod-1

Аймақ басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы сөзін барша жылыойлықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаудан бастап, одан әрі зауыттың ашылуы құрметіне өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

-Бұл - өңір үшін де, еліміз үшін де аса қажетті маңызды жоба. Өндіріс орны болаттан жасалған дайындамалар шығарады. Алдағы уақытта оларды тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, осы зауыттың жұмысы Құлсары моноқаласының экономикасын әртараптандыруға да өз септігін тигізеді, - деді облыс әкімі.

Серіктестік құрылтайшысы Қайыржан Құлтекенов болса, «Зауытты жаңғырту жұмыстары үшін цехқа қажетті құрал-жабдықтарды түгелдей шетелден алдырдық. Өндіріс орны 90 пайыз автоматтандырылған. Қазірдің өзінде көршілес елдерден сұраныс түсіп жатыр. Өзбекстан мемлекетіне өнімдерімізді жібере бастаймыз. Болашақта металлды терең өңдеп, дайын өнімдер шығаруды да жоспарлап отырмыз»,- дейді.

Бұдан бөлек қайта жаңғыртудан өткен зауыт құрылтайшысы Қайыржан Климентұлы, зауыттың жұмысын жандандыру арқылы, жергілікті Жылыой азаматтарын жұмысқа қабылдап, аудандағы жұмыссыздардың санын азайтуды көздеп отырғандарын да жеткізді. Тіпті, зауыт жұмысшыларының 70 пайызға жуығы Жылыой азаматтары болады деп жоспарланған.

Серіктестік басшылары, атақты мұнайшылар шыққан ауданнан, келешекте мықты да білікті металлург мамандар да шығатынынан зор үмітті. Бұған қайта жаңғыртудан өткен заманға сай зауыттың қосар үлесі мол болатынына үлкен сеніммен қарайды.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521