Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығымен еліміздің Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Мұндай жоғарғы марапаттан жылыойлықтар да құр қалған жоқ. Соның бірі – Қара Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылында тұратын 90 жастан асқан Демеу Ибрашев.
Демеу Ыбырашұлы ақсақалдың балалық шағын сұм соғыс ұрлады. Мектеп жасындағы бала болса да қан майданға аттанған ер-азаматтардың орнын басып, уақытпен санаспай тылда тер төкті. Отан үшін отқа түскен әкелерінің аман келуін тілеп, өздері зұлым жауға білектің күшімен соққы берді. Міне, енді тоқсанның төріне озған Демеу ақсақалды жақында Қара Арна ауылдық округінің әкімі Ерболат Елеусінов пен «Шоқпартоғай» мәдениет үйінің директоры Аманкелді Сатыбалдиевтер арнайы үйіне келіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтады. Жай бас сұққан жоқ, ардагер ақсақалға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен наградтады. Және келе жатқан 9 мамырдағы туған күнімен де құттықтап, Жеңіс күні өмірге келіп, Жеңіс сағатын жақындатуға зор үлес қосқан тыл еңбеккеріне жүрекжарды жылы лебізін арнап, аудан басшыларының да ізгі тілегін жеткізді. Дәл осындай марапатты ол осыдан бес жыл бұрын да алған еді. Бірақ онда Ресей Федерациясы Президентінің 2019 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен «1941-1945 ж.ж.Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 75 жыл» медалімен наградталды.
Иә, Демеу Ыбырашұлы 1934 жылдың 9 мамырында дүниеге келіп, буыны бекіп, бұғанасы қатпаса да соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек етті. Жеңіс сағаты соққан соң өзге қатарластарымен бірге мектептегі білімін алаңсыз жалғастырып, 1960 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірді. Сол кездегі Құлсары поселкесіндегі машина-трактор жөндеу станциясында жөндеуші, цех шебері, шеберхана бастығы, бас инженер, кейін «Қазақстан» совхозында шеберхана меңгерушісі, бас инженер, училищеде мұғалім, Қара Арна селолық советі атқару комитетінің хатшысы, 1988 жылдан зейнетке қалғанша ауыл мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып талай шәкіртке саналы тәлім-тәрбие берді. Бүгінде он баласынан 45 немере, 10 шөбере, 30 жиен, 45 жиеншар көріп отырған ауылдың абыз ақсақалы ретінде жастарға ақылшы болып, ақ батасын беріп жүр. Айта кету керек, дәл осы тектес марапаттаулар өзге ауылдық округтерде де жүзеге асты.
Е.ҚОШАҚАНОВ