ҰРПАҒЫНА ҰЛАҒАТТЫ ІСІМЕН ҮЛГІ КӨРСЕТІП, ТӘРТІП ПЕН ӨНЕГЕНІ САБАҚТАУДА ӘКЕНІҢ АЛАТЫН ОРНЫ ЕРЕКШЕ. «БІР ӘКЕНІҢ ТӘРБИЕСІН ЖҮЗ МЕКТЕП БЕРЕ АЛМАЙДЫ» ДЕЙТІН ҚАЗАҚ ӘКЕНІ СЫЙЛАУДЫ, ОНЫҢ АҚЫЛЫНА ҚҰЛАҚ АСУДЫ, ОТБАСЫНДАҒЫ ОРНЫН ҚАСТЕРЛЕУДІ БАЛАҒА КІШКЕНТАЙ КЕЗІНЕН ҮЙРЕТКЕН. ДАНА ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ДӘСТҮРІНДЕ ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН БҰЛ ҮРДІСТІҢ МАҢЫЗЫ ӘЛІ КҮНГЕ ЖОЙЫЛМАЙ КЕЛЕДІ.
Өткен аптаның сейсенбісі күні аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде облыстық әкелер слеті болып өтті. «Әке – жауапты лауазым» тақырыбымен ұйымдастырылған слетке облыстық Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев, облыстың аудандарындағы жасөспірімдер комиссиясының төрағалары мен мүшелері, аудан әкімі Халел Жамалов, аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, дербес бөлім басшылары, білім беру саласының жетекшілері, мамандары, ұстаздар қауымы, ата-аналар қатысты.
Тағылымы мол шараның басты мақсаты – отбасы институты мен отбасындағы әке тәрбиесін нығайту, рухани дәстүрлер мен құндылықтарды қайта жаңғырту.
Әке отбасындағы басты тұлға, шаңырақтың егесі болғанымен сол «Әке» деген киелі сөзге кір келтіріп жүргендер аз емес. Перзент алдындағы, жар алдындағы жауапкершілікті сезінбей, ішкілікке салынып, тіпті, отбасын өзгеге айырбастап кететін әкелер баршылық. Қоғамның жан-жарасына айналған кей жанұядағы осы өзекті мәселені аудандағы №4 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары театрландырылған көрініспен жеткізді. Анасынан жастай айырылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған өрімдей ғана баланың әкесі ішкілікке салынған. Күнделікті әдетінше ащы суға сылқия тойып алған удай мас әкесін қаршадай бала кіреберістен күтіп алып, бөлменің бұрышында тұрған кереуетке баппен жайғастырады. Үстіндегі күртесін, аяғына киген аяқ киіміне дейін шешіп, қалың ұйқыға жатқызады. Өзі үйінде сабақ оқуға дайындала бергенде көрші әйел келіп, балаға ас беріп, жүрек жалғатады. Баланы тамақтандырып отырып, оған әкесін емдетуге жібергелі жатқанын, баланың өзін қаладағы интернаттың біріне оқуға жөнелтетінін айтып, қуантады. Көрші әйел кетер-кетпестен мас әке ұйқысынан оянады. Көзін аша сала арақ іздеп, үйден сататын зат таба алмай, баланың қара пимасына жабыса кетеді. Қыстың күні аяғының тоңатынын айтып, шырылдаған ұлының сөзіне ашуланып, баласын жұдырықпен қойып қалады да, етікті құшақтаған күйі үйден шыға жөнеледі. Сол кеткеннен, мол кетеді. Ал баласын үсіп-тоңып жатқан жерінен көршілері тауып алып, ауруханаға жеткізеді. Біраз уақыт өткен соң, әкесі есін жиып, сау күйінде үйіне оралса, ұлы болмай шығады. Әлгінде баласын тамақтандырып кеткен әйелден баланың ауруханада жатқанын естіп, ұша жөнеледі. Сұлап, үнсіз жатқан ұлын көріп, еңкілдеп жылайды. Оған дәруменге толы жеміс-жидекпен, жаңа пима әкелгенін айтып, кешірім сұрайды. Бірақ, бәрі де кеш еді. Өйткені, сол күнгі қатты аяздан баланың аяғын үсік шалып, екі аяғын бірдей кесіп тастаған болатын. Жоғарыдағы көрініс арқылы театр әртістері әкенің ішкілікке салынуы тек оның өзіне ғана емес, ет-жақындарына да кесір болатынын жеткізгісі келген еді...
Одан соң кезек екі топ арасындағы пікір сайысқа беріледі. Алғашқы әкелерден құралған топ өкілдері «Отбасы тәрбиесінде әкенің беделі басым» десе, келесі топ бұл пікірге қарсы екендіктерін айтады. Тек айтып қана қоймай, жан-жақты мысалдар келтіріп, өз сөздерін дәлелдеуге ұмтылды.
Облыстық слет кезінде аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мақсот Әділовке жыл бойына атқарылған жұмыстардың есебін баяндау үшін сөз кезегі берілді.
Шара барысында аудан өнерпазы Асқар Қоңыров пен оның ұлы Арсен Асқарұлының орындауында «Менің әкем - ең жақсы адам» әні шырқалды.
Слет соңында аудандық әкелер кеңесінің мүшелері аудан әкімі Халел Жамаловтың алғысхатымен марапатталды.
Ш. МҰХТАРҚЫЗЫ