Меңдекеш Сатыбалдиев мұражайы ашылды

Адамзат әлеуетінде қоғамда өз орнын калыптастырған тұлғалардың барлығы тарих белестерінен өз орынын ала береді. Осы тұрғыда халық жадында пайдалы ісімен, айрықша еңбегімен мәңгілікке есте сақталып қалған жерлестеріміз аз емес. Сондай тұлғаның бірі - Ақкиізтоғай ауылынан түлеп ұшқан талантты қазақ ақыны, марқұм Меңдекеш Сатыбалдиев.

Поэзия әлеміне өткен ғасырдың 60 - жылдары жарық жұлдыздай жарқ етіп келген Меңдекештің өз ортасында шоқтығы биік ақындардың бірі болғаны айқын. Шүкір Меңдекеш туралы кейінгі замандастары, оның шығармаларын жете білетін ақын – журналистердің естеліктері мен жазбалары баспасөзге де, теледидарға да ара-тұра шығып тұрады. Оның атында аудан орталығында үлкен іргелі орта мектептің болуы бәрімізге ортақ қуаныш. Ал біздер – «Ақкиізтоғай тұрғындары Меңдекеш ақынның туған ауылы ретінде оның рухын асқақтату үшін қандай құрмет көрсете білдік?» деген сауал жиі мазалайды? Бізде осы жағы жетіспей жатқандай.

Өзім ауыл әкімі болып тұрған кезімде ауылдық әкімшілік ғимаратынан басталып, тура Жем өзеніне барып тірелетін орталық көшеге Меңдекеш Сатыбалдиевтің атын бергіздім. Көшенің басына сол кездегі Құлсары мұнай – газ өндіру басқармасының бастығы Мақсым Ізбасовтың демеушілігімен әдемі белгі орнаттық. Алайда, одан бері біраз жылдың қарасы өтіп кетсе де орнатылған белгіге де, көшенің түзелуіне де мән берілмеді. Кейінгі кезде жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен біздің ауылдан шыққан біртуар тұлға ғой деп Меңдекештің рухына бағыштап еске алу шарасын ұйымдастырайық деп ауылдың азаматтарына ұсыныс жасағанмын. Ешкім мән бере қойған жоқ. Соған қарағанда, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген сөз рас-ау деп түйдім. Бұл ретте ауыл атқамінерлерінің бойында жалпы жұртшылыққа бағыт – бағдар беретін көшбасшылық қабілет төмендеген сияқты ма деген ойда қалдым.

Содан өзім зейнеткерлікке шығар қарсаңда Меңдекештің өзі оқыған ауыл мектебінен «Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы тарихи – этнографиялық мұражай кабинет» ашу туралы мектеп басшылығына ұсыныс бердім. Құп алды. Оған ыңғайластырылған кең бөлмеге ақынның 1945-1953–ші жылдары осы мектепте оқығандығын айғақтайтын фотосуретімен ескерткіш тақта орнатылды. Ондағы ойым: қасиетті мектебімнің қабырғасынан алыстамай тұрып ауылыма, шәкірттеріме рухани тәрбие беру, жастарға ақын шығармашылығын насихаттау еді. Кабинетке көне жәдігерлер қойылды, әлі де жинақталуда. Болашақта өз алдына ауыл мұражайы болып қалыптасып кетуге толық мүмкіндігі бар. Осы мұражай кабинет аясында мектепте «Меңдекештану» үйірмесін ашу және ақынымыздың туған күні 3 қазанды жыл сайын «Меңдекеш күні» деп атап өтуді ұсындым.

Әрине, бәрін де уақыт көрсетеді ғой. Қазір ескі жүйенің таптаурын ережелеріне қарап телміріп отыратын, жаңашылдыққа үрке қарайтын заман емес. Жастарға рухани тәрбие беру, адамгершілік сананы қалыптастыру - біздің аға буынның ең маңызды міндеті. Қандай да болмасын жаңашыл идеялар мен адамдарға қажетті ұсыныстар бірінші кезекте өмірге енгізілуі керек. Біздің айтпағымыз да осы.

Ақын шығармашылығы мен оның өнегелі өмір жолын қазақ елімен бірге түтіні түзу ұшқан Меңдекеш Сатыбалдиевтің туған ауылы да мәңгіге ұлықтай берсе екен дейміз.

Әлімберді НӘРІКОВ.
«Еңбек ардагері медалінің» иегері,
медиатор, штаттан тыс тілшіміз,
Ақкиізтоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521