«Мен туған өлке тарихын білемін»

Қоғамдық сананың жаңғыруы да туған жердің тарихын білуден басталады.

-«Туған жерге туыңды тік!» деген дана халқымыз. Қоғамдық сананың жаңғыруы да туған жердің тарихын білуден басталады. Әр азамат - өзінің туған өлкесінің төл перзенті. Отанға деген сүйіспеншілік - әркімнің жүрегіне тулаған шабыт пен сезім құяры анық. Міне, осы орайда аудандық музей Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы аясында «Мен туған өлке тарихын білемін» атты эстафеталық челлендж ұйымдастырған болатын. Жылыой өңірінің әрбір елді мекендерінің төл тарихы мен танымал тұлғаларын, өлке тынысын өскелең ұрпаққа тереңірек таныстыруды мақсат тұтқан жаңа жоба аудан мектептерінің оқушылары арасында өтті, - деп хабарлайды «Атамұра» тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Қақпанбаев.

Осы бір аудандық музейдің бастамасын қала, ауыл мектептері мен оқушылары кеңінен қолдап, белсене қатысуының өзі олардың туған жерге деген сүйіспеншігінің шынайы бір көрінісіндей болды.

Айталық №1 мектеп оқушысы Венера Амангелдіқызының «Ертеңі–ертегі» Құлсарыдай жас қаланың тереңнен бастау алған тағылымды тарихын таныстырумен басталған бейнебаянын әрі қарай Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба, Қосшағыл, Майкөмген ауылдарының оқушылары іліп әкетті. Олардың челленджі өздері өскен өңірдің тарихынан сыр шертер бейнебаяндарымен жалғасын тауып, соңы Жаңа Қаратон кентіне жолдаумен аяқталды.

Осы эстафеталық бастаманы жалғастырған №10 мектеп оқушысы Гүлжайна Еділқызы мен жетекшісі Жангүл Дүйсешоваға, №2 мектептен Аружан Мақсотқызы мен мұғалімі Айгүл Мұқановаға, №3 мектеп шәкірті Досай Жанар мен ұстазы Мәншүк Жолдайтегіне, №4 мектеп оқушысы Ерген Қанатұлы мен оқытушысы Гауһар Қайыроваға, №17 мектептен Шұғыла Санатқызы мен мұғалімі Інжу Ермекбаева мен №1 мектеп ұстазы Самал Сарсеноваға көрермендердің дән риза болғандығы олардың әлеуметтік желіге қалдырған пікірлерінен айқын көрініс тапты.

Челлендж барысында оқушылар өскен өлкесінің тағылымын, өткені мен бүгінін, табиғаты мен киелі орындарын, танымал тұлғалары мен ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін, жетістіктерін өз сөзімен ерекше жеткізе білді.

Мұнайлы өлкенің тарихы - қашанда ұрпақ үшін тағылым. Әрбір перзент өзінің туып-өскен жерінің өткені мен бүгінгісін білу арқылы оның қадір-қасиетін жүрек пен санаға сіңіреді, мақтаныш сезімін бойға ұялатады.

Осыған байланысты өткен аптада аудандық музейде бір өлке тарихын дәріптеу эстафетасын қорытындылау кеші ұйымдастырылып, челленджге атсалысқан барлық оқушылар мен олардың жетекші ұстаздары ұлығыланды. Олар музей ұжымы атынан Алғысхатпен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT