Өзінің адал еңбегімен, ерлік істерімен ұрпақтарының мақтанышына айналған атамды әркез үлгі тұтамын!
Менің арғы атам Дәукенов Көшек 1899 жылы Гурьев облысында дүниеге келген. 1941 жылы КСРО-ға неміс басқыншылары аяқ басып, жау жағадан алғанда қырық жастан асқан атамыз да Отанын қорғау үшін қан майданға аттанады. Онда ІІ Белоруссия майданында 540-шы минометшілер полкінде болады.
Соғыста ажал оқ болып төнеді. Азапты күндер мен түндер алмасады. Бірақ жеңіске деген ұлы сезімнің жетегінде Берлинге дейін жетіп, жауды өз ұясында талқандайды. Сөйтіп Көшек атам елге 1945 жылы жеңіспен оралады. Ол ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және көптеген медальдармен наградталған. Атам соғыстан кейін Қосшағыл совхозында еңбек етті, партия мүшесі болған. Өмірден түйгені көп, айтар ақылы, тәжірибесі мол еді. Өзі төрт жыл соғыста жүріп, бүкіл Еуропаны жаяу кезгенде не көрмеді дейсіз?! Қандай жағдайларға тап болмады дейсіз?!
Кейінгі ағаларымыздың әңгімелерінен, тарихи, әдеби кітаптардан, кинолардан Ұлы Отан соғысы жайлы ұғып-білуге тырысамын. Атамның да өзгелермен бірге Отан қорғағанын мақтан тұтамын. Ақ қар, көк мұздың үстінде, төбеден ысқырып кеп жарылып жатқан мина, бомбалардың арасында атамның да жүргенін көз алдыма елестетемін. Солдаттар окоптан секіріп шығып, жауып тұрған оққа қарамастан атакаға көтерілгенде, ішінде менің де атам бара жатқандай жүрегім дүрсілдей жөнеледі. Еріген қар, ми батпақ балшықта ауыр зеңбіректер тіркеген машиналарды жабыла итеріп жатқан солдаттарды көргенде, атамның да басынан сондай оқиғалар өтті-ау деп ойлаймын.
Атам туралы естеліктерден ұққаным, талай жауынгерлер ұрыс даласында қаза тауып, Еуропаның белгісіз елді-мекендерінде жерленді. Олардың бейіттерін іздеп барып, тағзым етіп қайтқан артындағы ұрпақтары бар ғой. Ал қай жерде жерленгені белгісіз жауынгерлер қаншама?! Соған қарағанда біздің атамыз қиян-кескі ұрыстарды басынан өткерсе де, туған елге аман-сау оралғанына шүкіршілік еткен.
Ол сексен жеті жасқа қараған шағында өмірден өтті. Туған жерінің топырағы бұйырды. Атам ауыл іргесіндегі өзінің ағайын-тумасы жерленген зиратқа қойылды. Біз – ұрпақтары басына барып дұғамызды оқып, зиярат етіп тұрамыз.
Көзі тірісінде қазақтың ескі жыр-дастандарын, шежіре, кітап, газеттерді көп жинаған. Өте білімді әрі зиялы жан болған. Өзінің адал еңбегімен, ерлік істерімен ұрпақтарының мақтанышына айналған атамды әркез үлгі тұтамын!
Ардагердің шөбересі Аида АРДАҚҚЫЗЫ,
№7 Е.Халықов атындағы мектептің 10-сынып оқушысы